jasqazaq.kz

Қытай — уақыт сынынан өткен стратегиялық серіктес

16 маусым, 19:17

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзинпинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі екенін айтып:
«Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ»,– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі. «Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіздің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады
Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.
«Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық саладағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды.
Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. 2025 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.
«Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел», – деді Президент.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы