jasqazaq.kz

Қытай телевизиясы және киногерлерімен ынтымақтастық орнайды

28 тамыз 2022, 14:33


Таяуда Қазақстан және Қытай продюсерлері және режиссерлерінің қатысуымен «Бейжіңдегі шетелдік үздік кино және тележобалар маусымы» атты халықаралық конференция болып өтті. 2014 жылдан бері өткізіліп жүрген бұл ауқымды шара біраз елді қамтиды.

Биылғы басқосуда Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайту, киноиндустрия саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ анимациялық және деректі фильмдер, телевизиялық жобалар сөз етілді.

Конференцияға Қытай тарапынан Бейжің муниципалдық радио және телевизия басқармасының өкілі Ши Лэй, Қытай елшілігінің мәдениет саласындағы өкілі Цзян Пэн, Beijing Sanduotang Media Co.,Ltd өкілі Гао Сяомэн, Бейжіңдегі 21st Century Wake Media.,Ltd компаниясының өкілі Ван и және басқалар қатысты.

Жиынды Бейжің муниципалдық радио және телевизия басқармасының өкілі Ши Лэй сөз сөйлеп ашты. Ол Қазақстан мен Қытайдың сенімді серіктес екенін атап өтіп, 2017 жылы екі ел арасында киноөндіріс саласында ынтымақтастыққа қол қойылғанын еске салды. Содан бері бұл байланыс нығайып, тамырын терең жайып келеді.

Ши Лэй, Бейжің муниципалдық радио және телевизия басқармасының өкілі:
«Бейжің Қытайдағы радио, телевизия және онлайн-аудиовизуалдық құралдарға арналған шығармашылық жоспарлау, өндіріс, алға ілгерілету, тарату, коммуникация және құрал-жабдықтар саласы шоғырланған қала. Мұнда көркем шығармашылық үшін барлық жағдай жасалған. Екі ел арасындағы қарым-қатынас бекіп, мәдени айырбас жанданған сайын кино, теле- және аудиовизуалдық саладағы ынтымақтастықты да нығайту қажет. Халықтар арасындағы трансшекаралық және мәдени еркін айырбасқа ықпал ететін инновацияларды бірлесіп енгізген жөн. Осындай іс-шараның арқасында қазақстандық аудитория Бейжің стилі мен қытай мәдениетін терең түсіне алады деген үміт бар. Сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени айырбасты кеңейту, кино және телекомпаниялар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында бірігіп жұмыс істейік».

Қазақстандық делегация атынан сөз алған «Ұлттық киноға қолдау көрсету мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қазір бүкіл әлемде кинематографиялық саланың қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп отырғанын айтып өтті.

«Бәріміз жұмылып әрекет еткенде ғана жаһандық дағдарысты еңсере аламыз. Жүздеген жылдар бойы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас беки түсті. Ұлы Жібек жолымен тауарлар ғана өткен жоқ, ол Шығыс пен Батысты жалғаған көпір іспетті мәдени жағынан да баюға ықпал етті. Біз Си Цзинпиньнің жан-жақты және тиімді байланысқа жол ашатын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы заманауи және дер кезінде қолға алынды деп санаймыз», — деді Е.Косыбаев.

Айта кеткен жөн, 2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасында бірлескен кинөндіріс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл келісім жаңа жобаларды құруда күш пен тәжірибені жұмылдыруға қоса, картиналар прокатының географиясын кеңейтуге жол ашты.

Цзян Пэн, Қытай Елшілігінің мәдениет бойынша өкілі:

«Екі елдің кино және телевизия саласындағы ынтымақтастығы тереңдеген сайын тамаша кинолар мен тележобалар алдағы уақытта да Қазақстан мен Қытай арасындағы мызғымас көпірге айналып, екі халықтың өзара түсіністігі мен достығын нығайта түседі деген сенімдемін».
Басқосуға отандық режиссерлер мен аниматорлар қатысып, өздерінің анимациялық фильмдерін, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосатын түрлі идеяларын ортаға салды.

Аниматор Диас Төлегенов режиссерлер Дархан Хасенов және Сағаділда Үсіпәлімен бірігіп жасаған «Димаштың миссиясы. 77 әуеннің құпиясы» анимациялық фильмінің жобасын ұсынды.

«Шығыста бастау алып, өрлеген өркениет Батыспен ұштасты. Шығыс пен Батыстың дәл кіндігінде аты әлемге әйгілі Димаш дүниеге келді. Оны алғаш рет мойындап, қолдау көрсеткен — өнерді бағалай білетін қытай халқы», — деді Диас Төлегенов.
Республикалық «Деловой Казахстан» экономикалық газетінің бас редакторы Серік Қоржынбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына жуырда ғана 30 жыл толғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл байланыстың тамыры тым әріде жатыр.
Серік Қоржынбаев, республикалық «Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы:

«Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Байқадамов пен атақты қытай композиторы Сиан Стнхайдың тағдыры қалай тоғысқанын еске алайықшы. Сиан Синхай 1940 жылы «Яньань және 8-ші армия» деректі фильміне музыка жазу үшін Кеңес Одағына келген еді. Бірақ соғыс оның жоспарына кедергі келтірді. Алматыда ол 1941 жылы Бақытжан Байқадамовты жолықтырады. Ол Сиан Синхайды үйіне тұрғызады. Осылайша талантты екі тұлғаның достығы туындаған болатын, Бүгінде Алматыда қатарлас екі көшеге Сиан Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың есімі берілген. Бұл — екі адамның арасындағы ғана емес, қос елдің арасындағы тығыз достықтың символы».

Серік Қоржынбаев өзі басқаратын «Бизнес Медиа Компаниялар Тобы» ЖШС көп жылдан бері қытайдың жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста екеніне тоқталды.

«Біз ең өзекті және тың жаңалықтармен алмасып отырамыз. Баспасөзде және электронды басылымдарымызда Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы, дәлірек айтсақ, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, экономика, мәдениет, білім, спорт туралы материалдарды үзбей жариялаймыз. Біздің медиахолдинг құрамында бейнерепортаждар мен бейнероликтер дайындайтын бөлімше бар. Сондықтан біз үшін бүгінгі шараға қатысу маңызды да қызық», — деді Серік Қоржынбаев.
«Бейжіңде шетелдік үздік кино және тележобалар маусымы» халықаралық конференциясында Jas Qazaq газеті жанындағы Продюсерлік орталықтың қызметі мен онда түсірілген деректі фильмдер таныстырылды.

Жиынға қатысушылар Қазақстан мен Қытай киноиндустриясы жөнінде пікір алмасып, өзара ынтымақтастыққа қос елдің тарапынан да қызығушылық зор екенін атап өтті. Тараптар кино және телевизия саласындағы қарым-қатынасты тереңдете түсуге ықылас танытып, болашақтағы шығармашылық жобаларға түрлі тақырып ұсынды.

Талап Тілеген

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті