Қысқы спортқа келгенде көңіл суық

25 ақпан 2022, 11:32

Дүбірі дүниенің төрт тарабына естілген Бейжің қысқы Олимпиадасы да көмбесіне жетіп, тарихқа енді. Қазақстан спортшылары Бейжіңге дейін жеті рет қысқы аламанға қосылды. 2002 жылы АҚШ өткізген қысқы Олимпиададан олжасыз оралса, 2006 Туринде де дәл сол кепті бастан кешіп, тек қатысып қайтты. Бұл жолғы сонардан да қанжығамыз бос келді. 34 спортшымыз Олимпиада аламанына ту алып кіріп, жоғары нәтижеміз шорт-тректен жекелей сындағы 4-ші және командалық сайыстағы 5-орын болды.

Қысқы Олимпиадаға қатысушы елдердің ішінде медальді Еуропа құрлығының спортшылары көсіп-көсіп алды. Мәселен, Норвегия. Жалпыкомандалық есепте алпауыттардың өзін артқа тастап, көш бастады. Норвегия спортшылары Бейжіңнің биігіне 16 мәрте чемпион ретінде көтерілді. 8 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Екінші сатыда Германия сайыпқырандары – 12 алтын, 10 күміс, 5 қола алды. Қытай елі 9 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен үштікті түйіндеді. Халқының саны миллиардтан әлдеқашан асып кеткен Қытай мемлекеті тоғыз алтын алу үшін сырттан спортшы тартқаны белгілі. Қадау-қадау ғана емес, жиырмадан астам саңлақты Канада мен АҚШ-қа сауын айтып алдырды. Бір ғана Эйлин Гудің өзі қалай жеңістен тау тұрғызды! Анасы хансу, әкесі американдық Эйлин Қытайға 2 алтын, 1 күміс медаль алып берді. Гудың нағашы жұртында жеткен жетістігі мұнымен ғана шектелмейді. Қысқы Олимпиада ойындарында фристайлдан Гуға дейін (қыздар арасында) бірде-бір спортшы қатарынан 3 медальді бір додадан иеленген емес. Демек Қытай елі қаз алатын қаршығадай шиыршық атқан қызды қарақанат кезінен танып, АҚШ-тан бекер шақыртпаған. Еңбек еселеніп ақталды деген осы.

АҚШ, Канададан сырт Жапония, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея елінен барған спортшылар да алтын, күміс, қоланы да молынан бөктеріп кетті.

Бұрынғы Кеңес одағының бұғауында болған елдердің ішінен Беларусь – 2 күміс, Латвия, Эстония елдері 1 қоладан алды.

Сенген серкеміз сүрінді

Төртінші Олимпиадасына қатысқан Юлия Галышева төрт жыл бұрын Пхенчхан Олимпиадасында шыққан биігіне жетемін деп үмітті болған еді. Конькиші Надежда Морозованың үні өктем естіліп, тіпті өзі «елге медальмен оралатыныма 100 пайыз сенімдімін» деп те жіберген. Бейжің қысқы Олимпиадасында жүлде алады деген серкелердің санатынан көрінген шорт-трекші Денис Никишаның да медаль алуға шамасы жетпеді. Үшеуі де үздік бестікке ене алған жоқ.
Былтыр Токиода өткен жазғы, биылғы Бейжің қысқы Олимпиадасындағы көрсеткіш қазақ спортының өркендеуі қай шамада екенін көрсетіп берді.

Юлия Галышева

Юлия Галышева

Жаңа Қазақстанның жаңарған, түлеп-түрленген жүйесінде енді спортқа да алабөтен реформа керек екені тағы бір айқындалды.

Енді бізге қайтпек керек? Қай елдің саңлақтарына қарап бой түзеуге болады.
Нардың өркешіндей ғана өртеңге қонған Норвегия елі әлемді қалай аузына қаратты! Бес миллионнан сәл асатын ғана халықтың спортшылары Бейжің қысқы аламанында 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль олжалады. Бұрын-соңды қысқы Олимпиаданың тарихында бірде-бір ел 16 алтын медаль алған жоқ!

«Біз ананың жатырынан шаңғымызды құшақтап туамыз» деп әзілдейтін норвегтер қаз-қаз басқаннан-ақ аяғына шаңғы іледі. Сенбесеңіз, Бейжің Олимпиадасында фристайлдың биг-эйрнен алтын алған Бирк Рудтың жеңістен кейінгі айтқан сөзін тыңдаңыз. «Мен бір жастан асқаннан-ақ шаңғы тебуді үйрендім», – деді ол.

Норвегия мемлекеті қысқы спортта ғана емес, жазғы спорт түрлерін де дамытудың даңғыл жолы балалардың деңгейін көтеруде деп біледі. Балаларды спортқа кәсіби түрде баулитын клубтардың саны 10 мыңнан асып жығылады екен. Спортқа, оның ішінде қысқы спортқа қызығушылық танытушылардың арасында балалар мен жастардың үлесі басым. Міне, нәтижесі! Осыдан төрт жыл бұрын да Норвегия спортшылары Пхенчхан қысқы Олимпиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша көш бастаған болатын.

Норвег халқының қысқы спорттағы феноменін зерттеген мамандар таулы аймақтың да әсері мол деп тон пішті. Скандинавия тауларының әр сілемі бұл күнде әрбір норвегтің қысқы спортпен шұғылданатын мекеніне айналып отыр. Ондай тау, көркем өңір, көрікті мекен бізде де бар, бірақ инфрақұрылым, балалар спортын кешенді жүргізетін жүйе жөнінен бұлардың қасында жіп есу қайда.

Бейжің қысқы Олимпиадасында Қазақстан спортшылары 1 медаль алады деп жауырынға қарап тон пішкен әлемдік сарапшылардың сәуегейлігін серкелеріміз ақтай алмады. Рас, шорт-тректен Абзал Әжіғалиевтің қола медальға сынық сүйем жетпей, аламанды 4-орынмен түйіндеуі де зор жетістік бағалай алғанға. Бірақ біз осы Бейжіңнің аламанына әзірлік пен қатысып келуге 600 миллион теңгемізді сарп еттік.

Қоғамда спортты мәдениеттен бөліп, жеке министрлік құрылуы керек деген мәселе ертеден айтылып келеді. Былтыр Токио жазғы Олимпиадасынан да делегация 13 қола медальмен оралғанда осы ұсыныс тағы да айтылған.

Надежда Морозова

Надежда Морозова

Қазақ спорты неге тоқырауға ұшырады? Бізге не жетіспеді? Спортшылар қаржыдан қағажу көрді ме? Жаттығуға қандай кедергі кесірін тигізді? Көптің көкейіндегі осындай сауалға ашық та шынайы жауап айтылуы керек. Қазақ спортының қазіргі қауқары қандай екені әлем алдында жария болды. Орасан өзгеріс, түбегейлі реформа жасалмаса, мұндай құлдыраудан құтылмаймыз.

Алматы. Шаңғы трамплины. Мұнда жарыс өтпегелі қай заман...

Алматы. Шаңғы трамплины. Мұнда жарыс өтпегелі қай заман…

 

Кім не дейді?

Айбол Жансеркеев, нұсқаушы: Қысқы спорт – қымбат өнер

«Біздің балалық шағымыз бұрынғы «Горный садовод», қазіргі Бесқайнар ауылында өтті. Ата-анамыз әлі сол ауылда тұрады. Ес білгеннен Табағанда қыстай шаңғы теуіп өстік. Өзімнен кейінгі екі інім де нұсқаушы болып, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Қысқы спорт – қымбат өнер. Қай жағынан алғанда да. Өзіміз балаларды баулып жүрген шаңғымен сырғанау спортын айтайық. Мәселен, сіз балаңызды шаңғымен сырғанауды үйрету үшін ертіп келдіңіз делік. Алғашқы сабақ танысу сағаты деп аталады. Бір сағатқа инструкторға 9000 теңге төлейсіз. Ең әуелі баланың дене бітіміне, күш әлеуетіне қарайды, спортқа икемі бар ма, шыныққан шымыр ма, әлде күші кем әлсіз бе, соған баса мән береді. Әр баланың даму динамикасы, қабілет-қарымы әр түрлі. Кейбір балалар бар, шаңғыны аяғына іле салғаннан-ақ сырғанауға бейім, қаймықпайтын батыл келеді. Олар ары кеткенде үш-төрт сабақтан кейін меңгеріп алады. Ал енді 20 мәрте жетекке алып сырғанатсаң да, қорқынышы басып, құлап қаламын деген уайымнан арыла алмайтындары да кезігеді. Шаңғыны үйрену әр баланың дарынына, қабілетіне қарай айқындалады.

Сөз басында қысқы спорт түрі қымбат дедім ғой. Қымбат болатыны қажетті құрал-жабдықтарының бағасына байланысты. Көбіне-көп ата-ана баласына арнайы киімді, шаңғыны, таяғын, бәтеңкесін жалға алады. Оның өзі кемінде 4-5 мың теңге болады. Инструкторға сағатына төлейтінді қосыңыз. Мүмкіндік болып, қалтаңыз көтерсе, қысқы спорт киімі мен қажетті құрал-жабдығын сатып алған дұрыс, күтіп кисеңіз, төрт-бес жылға жетеді. Жалға алып шығынданғанша, өзіңізге сатып алған тиімді. Соңғы жылдары қанша қымбат болса да, балаларын спорт түріне баулығысы келетін ата-аналардың қатары сәл де болса артып келеді».

Әлия Хали, ата-ана: Үйірмеге жазылу қиын

Мен мұғаліммін. Бала күтіміне байланысты үйдемін, жұмыс істемеймін. Ұлымды шаңғы спортына қатыстырғым келеді. Бір-екі ақылы қабылдайтын үйірмеге жазылып едік, тоқтап қалды. Табу қиын. Өзіміз Қытайдан көшіп келдік. Бала үйде төрт қабырғаға қамалып, ұялы телефонға, компьютерге телміргенше, таудың таза ауасымен тыныстап, ой сергітіп, бой жазып шыныққаны әлдеқайда тиімді емес пе? Өткен жолы балам екеуміз Шымбұлаққа бардық. Киімді де, шаңғыға қажетті асай-мүсейді де жалға алдық. Аспалы жолмен өрлеуің мен төмен түсуің, сырғанау алаңына кіруің де қып-қызыл ақша. Баламның өзіне 10 мың теңге жұмсадым. Өзіме де одан көп ақшам кетті. Бұлай жиі-жиі Шымбұлаққа шығарып, шаңғымен сырғанауды үйретуге қалтам көтермейді. Бұқаралық және балалар спортын дамытса, жеткіншектер үшін қысқы спортқа арналған үйірмелер көптеп ашылса деймін. Сонда біздің жастар шарболаттай шыңдалып, шымыр болып өсер еді.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?