Қыран құсты адамзат баласының қолына қондырып баулығаны жайында аршып қалсаң, аңыздай ақтарылып түсер ақиқат көп. Кезіндегі алмағайып заманда түмен түтінді қолына қондырған қыран бүркітінің ілген аң, құсымен асыраған атақты құсбегі бүркітшілер өткен бұл заманнан. «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деп хакім Абай жырына арқау еткен құсбегілік, саятшылық өнердің қараша-желтоқсан сорпасын сапыратын мезгіл. Қансонарға қыранын қалықтатушылар, салбуырынға құмай тазысын артық етін алдырып қосушылардың да саят құрар шағы.
«Жеті қазына» мұражайының директоры Динара Баетбайқызымен әңгімеміз де осы ұлттық өнер құсбегілік, саятшылыққа қатысты өрбіді.
Jas qazaq: 2003 жылы ашылған мұражай туралы, қыран бүркіт пен құмай тазыларыңыздың қазіргі жай-күйін тарқатып айтсаңыз.
Динара Серікбаева: Бұл құсбегілік өнер атадан балаға қалып келе жатқан дәстүр. Ол кім көрінгенге қонбайды. Сондықтан қиын кезеңдерде қазіргі заман ағымының өзі адамдарды иіріміне қарай тартып жатқан кезеңде құсбегілік кең қанат жайып, өркендеп келе жатқан өнер деуге әлі ерте. Баяғы бабаларымыз елді өнерімен тәнті етіп, қарлы шыңның мұзбалағын досына айналдырды. Одан кейінгі аталарымыз да баба жолын жалғап, осынау ұлы өнерді бізге жеткізді.
Мұражайымыз 2003 жылы кеңсе есебінде ашылған. Бірақ өзіміздің саятшылық, құсбегілік өнерге қатысты ата-бабамыздан мұра болып ұрпақтан ұрпаққа өтіп келе жатқан құнды жәдігерлерді сақтайтын орын болмады да кеңсеміз мұражайға айналды. Ел іші алтын бесік қой, ағайын арасынан да түртіп қалсаң, төл тарихымыз турасына төлігіп беретін қаншама құнды жәдігерлер табылып, осы мұражайға қойылды. Әлі де атқаратын жұмыстар көп.
Енді құсбегілік турасында. Ұлттық өнеріміз құрдымға кетті деп ауызды құр шөппен сүртіп, қара аспанды төндіруге болмайды. Сең орнынан қозғалды. Бұрынғыдай емес, шүкіршілік. Бүркітті қолына алып, өзінің баласындай мәпелеп өсіріп, тәрбиелеушілер аузындағысын жырып береді. Негізі, бүркіт баққан адамдар осылай істейді. Олар сол жолда қандай қиындық болса да шегінбейді. Өйткені қанында қыранның мінезі бар. Қазақстанда бүркітті бағып-қағып, барлық қиыншылығына төзіп, шыдап келе жатқан қырандай жігіттерге, бауырларға алғысым шексіз. Себебі құс кім көрінгенге бағынбайды.
Біз – ата-бабадан қыран ұшырған құсбегілердің ұрпағымыз. Біз де бала-шағамызбен осы өнермен айналысамыз. Себебі «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деген артынан аңыз қалған Шора бабаның ұрпақтарымыз. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін көпшілігі жеңіл жолмен ақша табуға, кафе, мейрамхана, дүкен және басқа да бизнестің көзін ашқан кезде, біз осы қиын жұмысты қолға алдық. Қаншама қиындық, кедергіні еңсердік, әлі де ауыртпалық арқамызда. Шағын кеңсе болады деп салған үйіміз мұражайға айналды. Бұл күнде әлемнің әр түкпірінен келіп тамашалаушы туристердің таңданысына, ризашылығына қарап шүкіршілік дейміз. Қазір құсбегіге байланысты аңыз, әңгіме көмескі тартып, ата-бабалардың ұстаған жәдігерлері көнеріп жұрт көзінен тайғаны жасырын емес. Біз мұражайды ашу арқылы осы өнерді алға қарай сүйредік. Музейге келіп жатқан жас буындар қызығушылық танытып, тек қана жастар емес, үлкен кісілер де таң қалып, әрбір затқа сүйсіне қарап, ата-бабадан келе жатқан өнердің бар екенін біліп-таниды. Бұл да бір ағартушылықтың жолы десек болады. Құсбегіліктен сырт, бізде жойылудың аз-ақ алдында қалған тазы да бар.
Бұл өнерге тәнті болып, шетелден көп қонақтар келеді. Оның үстіне біздің орналасқан жеріміз тоғыз жолдың торабы. Біз арқылы Хан Тәңіріне, Көлсай, Шарын, Шонжыдағы ыстық суға өтеді. Тура осы киелі мекенге апаратын күре жолдың жиегінде біздің мұражай. Тек сырттан келетін туристер ғана емес, жергілікті тұрғындар да келіп тамашалайды. Құр қол келмей, өздерінің үйіндегі көне жәдігерін көтере келеді. «Шаңға көміліп, тот басып жатқанша көпшілік келіп көрсін, сіздердің мұражайда тұрсын» деп әкеліп береді. Музейдің ауласында қаншама дүниелер бар. Балбал тастар, құлып тастар, негізі табиғаттың өзі суретші ғой, асық бала да бар. «Асық бар жерде, бала бар жерде болашақ бар» деп ырымдаймыз. Біз бұл өнер арқылы әлемді тәнті еттік десек артық емес. Бір әулет ата-бабаларға қызмет етіп жатыр. Біз орасан шежіреге толы «Саятшылық» деген кітап жаздық. Оның авторы – Қуаныш Исабеков. Осылай «ақырын жүріп, анық басып» келе жатырмыз.
Jas qazaq: Еуропаның бірнеше елінде сіздердің орталықтың құсбегілері мен саятшылары сапарда болды.
Динара Серікбаева: Англияда көк туды желбіретіп, халықаралық фестивальде шеруді бастап, Қазақстан туралы таныстырып, ұлттық өнері құсбегілікті насихаттап қайттық. Дүниежүзі бойынша саятшылар фестивалі өтеді жыл сайын. Біз соған 2007, 2011, 2019 жылдары бардық. Венгрияда дүниежүзілік құрылтай болды. «Сіздер Алдиярдың баласы, біз Мадиярдың баласы. Демек туыстық байланысымыз бар» деп мажарлар өздеріне жақын тартады бізді. Олар да бізге жиі келеді. Венгриядан көптеген қонақтар келіп, төл өнерімізді қызықтап қайтады. Сол Венгрияға қаншама рет шақыртумен бардық. Венгрияға барған сапарымыздағы бір қызық оқиғаны айтайын. Інім Исабекке мажарлар жауапты тапсырма жүктеп, сынға салып көрді. «Біздің қаршығамызды бір аптада өзіңіз баулып, стадионда өтетін фестивальде аспанға ұшырып, венгр құсбегінің қолына қондырасыз» деді. Ал, керек болса! Ол адам емес, айтқаныңды ұғып алып орындап беретін. Тәуекел деп інім бір апта қаршығаны үйретіп, көпшілік алдында әлгі шартты орындады. Қолынан ұшқан қаршыға көкке көтеріліп барды да құйылып келіп, әудем жерде тұрған венгр құсбегінің қолына қонды. Стадион толы көпшілік ду қол соғып, шеберлігімізге тәнті болды. Исабек бауырымыздың өнеріне бас иген мажарлар бізге Эстергом қаласының Құрметті азаматы деген атақ беріп, марапаттады.
Біз Қытайға сегіз айға бардық. Қазақтың тазыларын жетектеп, құстарды ұшырып, көрмелерімізді алып, этноауыл құрдық. Шетелден абырой мен атаққа, үлкен марапатқа ие болып қайтамыз. Кейде өзіміздің қазақ бауырларға өкпе айтпасыңа болмайды. Қытайлар дипломдарын, Венгрия, Ұлыбритания алғыс хаттарын, құрметті азамат атағын беріп жатыр. Ал өз елімізде ауданның Құрметті азаматын қимайды. Әйтпесе, жігіттер «сен тұр, мен айтайын!». Мәселе жүлде алу емес, ата-бабаның жүгін арқалап қайтса, оның өзі үлкен жетістік. Қай жарыс, конкурс, фестивальге барса да жеңіспен оралып жүр.
Атақ алмадық деп тонымызды отқа өртейтін біз емес. Шенді-шекпенділерден марапат бұйырмаса да, халықтың ықылас-құрметі ерекше. Мектептерден, жоғары оқу орындарынан ағылып келіп жатқан жастар көп. Осындай елдің ықылас-пейілі құсбегілікке деген сүйіспеншілікті оятады. Бірақ құсбегілікке келу, оны алып жүру – қиынның-қиыны. Құсбегілік өнердің қалтаңа ауыр тиетіні – оның тамағы. Бала-шағасының аузынан жырып, тамақ алады. Құс көрінген етті жей бермейді. Ол өте талғампаз және де жаңа сойылған, жаңадан ұстаған аң, құстың етін жейді. Қазір енді аздап жеңілдеу, өйткені аңшылық мерзім ашылды. Түлкі, қарсақ, қоян тағы басқа аңдарды ұстап жейді. Бүркіттің бабы таусылмайды ешуақытта. Ет өте көп керек. Еттің құны қазір базарда қанша екенін білесіз.
Бұлар да адам сияқты. Ірі бүркіт бар, орта бүркіт, шәулі, тастүлек бар. Әрқайсысының жейтін нормасы бар. Қай бүркіт болмасын, етке деген тәбеті керемет. Біздің жас бүркітші балаларымыз кейде ұстаған қоянды алдына лақтырса, түте-түтесін шығарып, бәрін жеп қояды. Сондықтан әр облыста осы ата-бабаның өнері дамысын десек, бүркітшілерге қаржылай қолдаудан тартынбау керек.
Jas qazaq: Қаржылық қолдау керек деп айттыңыз. Сіз басқаратын мұражай мемлекеттік ұйым болып саналмайды ғой сонда?
Динара Серікбаева: Мемлекеттік мекемеге қарамауымыздың себептері бар. Мысалы, бүркіт күзден бастап, қыс біткенше аңға түседі. Қай жаққа барсаңыз да қиналмайсыз. Ал одан кейін «түлек» деген бар. Ол кезде үстіндегі бүкіл қанаты, қауырсыны түлеп, үлпілдеп, жаңасы шығады. Түлек кезінде құсты қозғауға болмайды. Министрлікке қаратып, солардың қанатының астында болсақ па дегенбіз. Бірақ түрлі жиындарға, отырыстарға шақырту көптеп түседі екен. Көбіне түлек уақытында. Алғашында біз білмей түлектегі бүркіттерді алып, ұйымдастырушылардың тапсырмасын орындап алысқа сапарлап, іс-шараларға қатыстық. Күннің ыстығынан, түлек кезіндегі босаңсудан кейбірі тіпті өкпесі қысып, өліп те кетті. Ұйымдастырушылардың бұған басы да ауырмайды, шарасына бүркіт пен құсбегі қатысса болды. Содан кейін ойлана келе, мемлекеттік мекеме болғаннан гөрі, өз билігіміз өзімізде қалсын деп жекеменшікті қаладық. Баратын жер бар, бармайтын жер бар. Бара алмайтындай жағдай болса, біз ол кісілерге «жоқ» деп айта аламыз.
Jas qazaq: Сіз басшылық ететін мұражайға қарасты «Саят» клубы туралы кеңірек айтсаңыз.
Динара Серікбаева: Біз әке-шешеден алты ағайындымыз. Екі бауырымыз о дүниелік болған. «Саят» клубын өзімнен кейінгі бауырым Мұхамед Баетбайұлы басқарады. Құмай тазы бағып, қыран құс баптау бізге ата-бабамыздың қанынан дарыған қасиет дедім ғой. Әкем Баетбай екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, батыр Бауыржан Момышұлының жауынгері болған майдангер. Соғыстан оралған соң ата кәсібін жалғап саятшылық, құсбегілікті өрістетті. 1958 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық фестивальге Қазақстаннан тазыларымен барып қатысып, қоянға да, түлкіге де салып, жүлдемен оралған. Біздің бала күнімізде әкем қоржынын тоқтап, атына теңдеп артып алып аңға кететін. Сондағы тазы иттерін тәрбиелеп, баулып алғанына таңданушы едім. Ізінен ерген иттері әкемді ым-ишарасынан-ақ түсінетін. Шидің түбіне ықтаған қоянды көрген әкем, үркітіп алмас үшін, иттеріне бас киімін шешіп, қолын шошайтып көрсету арқылы белгі беретін. Даусын шығарса, естіп қояды. Сондықтан қолын сермеп бағыттап отыратын.
Қазір өзіміз де тазы тұқымдас иттерін бағып отырмыз. Бірақ әкем баққан, өзі баптаған иттерін ыммен-ақ басқарды, ондай ақылы асқан тазы ит бізде жоқ. Қазіргі заманда ит түгілі, баласына айқайлап ұрсып, нұқып жүріп тәрбие бере алмайтын ата-ана бар. Жалпы бұл өнер адамға қонбаса, ата-бабаның қанымен дарымаса, игеріп алып кетуің қиын. Әкемнің қазақтың осынау саят өнеріне деген ынтызарлығы, іңкәрлігі ерекше болғандығы шығар деп ойлаймын, тазы иттерін ақылды етіп үйретуін. Өте кірпияз, тазалықты сүйетін, сумақайлығы жоқ ит жалпы тазы деген. Әкем баққан құмай тазылардың барлығы да сондай иесіне адал болып өтті.
Jas qazaq: Осы күнде көптің көкейінде жүрген күпті ойдың бірі құмай тазының тұқымы бар ма, елімізде жойылып кетпеді ме деген сауал.
Динара Серікбаева: Құрудың, жойылудың аз-ақ алдында деп айтпасымызға амал жоқ. Рас, құмай тазының тұқымы құрып бара жатқаны жанымызға батады. Сырт көзге білінбейді. Тазының арасынан нағыз қазақы құмай тазыны ажырата білу, оның қанын жаңалап тазартып, тұқымын сақтап қалу – өте өзекті мәселе. Жаңа біз сөз еткен «Саят» клубының жетекшісі Мұхамед (Мүлік) Исабеков бауырым тазының қанын жаңалау үшін бірнеше атасына дейін әбден бақылап, қатал сыннан өткізеді. Мұхамед інім Ресейдің әйгілі кинолог мамандарынан білім алған кәсіби сыншы. «Қызылорданың Келінтөбе деген ауылында қасқырға түскен тазы ит бағатын саяткер бар екен» дегенді естіп, ерінбей іздеп барып, сол тазының еркек күшігін әкеп бақты. Соны өзіміздің тазыға шағыстырып, одан туған күшікті Қарағандыдан әкелген құмай тазыға қосып, осылай қанын бірнеше мәрте тазалаған соң ғана Көкдауыл деген күшікті асырады. Көкдауылдың кезінде атағы елімізге ғана емес, Азия құрлығына да белгілі болды десем артық айтқаным емес. Кейбір ит асырағыштар дүрегейін жетектеп алады да «тазымның қаны таза» деп кеуделеп қоймайды. Сырт көзге рас, тазы ит, дене тұрқы сай келеді. Құйрығы қайқы, бойы сидам, аяқтары сирақты. Бірақ бір кемі, міні бар. Оны иесінің өзі де білмеуі мүмкін, ал кәнігі құмай тазыны асыраушылар ондай кемшілігін байқап қояды. Тісінің көлеміне, өсу ретіне, жақ сүйегінің бітіміне, құлағының көлемі мен ұзындығына, шашағына, тіпті тырнағына дейін сараланады құмай тазыны айыру үшін. Қарапайым адамдарға мұндай қылдан да нәзік сынын байқау, ажырата алу қиын.
Jas qazaq: Құмай тазыны асыраушылар да көбейіп келеді. Тазы ит асыраушылар арасында рухани байланыс, ортақ мүдде бар ма?
Динара Серікбаева: Күнде көріп, тонның ішкі бауындай араласып жүрмесек те, түрлі жарыстарда, жиындарда жүздесіп қаламыз. Тазының тұқымын өсіру үшін күшігін алып асырау мақсатында араластығымыз бар. Бір өкініштісі, қаскөйлік те жоқ емес. Қайбір жылы біздің тазы иттерімізге тышқанды өлтіру үшін себетін улы дәріні шашып кетіпті. Таңертең тұрсақ, он бес итіміз бәрі де тырайып жатыр, дауыстап шақырсақ, бастарын көтермейді. Дереу сүт беріп, әзер емдеп алдық. Бірақ жүйрік, ұшқыр бір тазы итіміздің уыты аш өзегіне түсіп кетіп, құтқара алмадық. Қалған иттерімізді әзер дегенде бір қатерден арашалап қалдық. Балаға қандай мейірім төгіп құрмет көрсетсең, тазы иттерге де сондай жылылық керек. Кезінде аталарымыз тазы итін қыстың аязына ұрындырмас үшін тонына орап баққан.
Өкінішке қарай, қазақы құмай тазы бағушыларға мемлекет тарапынан бөлінетін қамқорлық, қаржылай қолдау жетпей қалады. Құмай тазы асыраушыларға қаражат бөлінеді екен деген сөз шыққалы ит асыраушылар көбейіп кетті. Құжатын реттеп, жолын жасағандар ебін тауып, екі асап қалуға ұмтылып жүр. Құмай тазыны ақша табудың, жеңіл олжаның көзіне айналдырып, құрбандыққа шалуға болмайды. Біз қыран баптап ұшырып, құмай тазы жаратып жүгіртуді ата-бабамыздан қалған бекзада өнер деп қабылдауымыз керек.
Көмек мүлдем берілмейді, бәріне өзіміз шығындалып келеміз деп жылай берген де жөн емес. Елдің ішіндегі кейбір атымтай-жомарт азаматтар ара-тұра көмек қолын созып, демеушілік танытып тұрады. Шаруа қожалығы бар адамдар тау-таста малы мертігіп қалса, адал бауыздап, етін иттерімізге деп әкеп береді. Бұл да болса, бірнеше күндік азық.
Jas qazaq: Сұхбат барысында шетелде өткен конкурс, фестивальдерге қатысқаныңызды айттыңыз. Түбіміздегі тиіп тұрған Ташкентке барудың да шығыны шаш етектен. Сонау асқарын қалың тұман басып тұратын Альбиондағы Англияға бүркіт апару да қалтаға аз салмақ емес.
Динара Серікбаева: Көбінесе біз шетелде өткен фестивальдерге қатысқанда өз бүркітімізбен бармаймыз. Сол елдің қыранын аз күнде өзімізге бауыр бастырып, тұғырымызға қондырып алып өнер көрсетіп келдік. Қазір енді «Қансонар» ұйымы әр бүркіттің жеке төлқұжатын жасауды жолға қойды. Кімнің қыраны, жасы, жынысы, ауру-сырқаудан амандығы, бәрі-бәрі базада болады. Сол себепті, ендігі жерде бүркітіңізбен бірге шетелге шығу бұрынғыдай күрделі емес, талабы жеңілдеді. Қаражат мәселесіне келсек, осы уақытқа дейінгі біздің шет мемлекеттерде өткен конкурс, фестивальдерге сол елдің шақыртуымен барып келдік. Жол шығыны, ішіп-жем, қоналқа тұрағымыздың ақысын да сайыс өткізуші мемлекеттің компаниялары көтерді.
Jas qazaq: Баққан тазы иттеріңіздің ішінде Көкдауылдың атағы алысқа жайылғанын білеміз. Бүркіттеріңіздің арасында ізінен аңыз ілескен әйгілісі болмауы мүмкін емес.
Динара Серікбаева: Қуаныш есімді бүркіт баптаған құсбегі шәкіртіміздің Байқоңыр деген қыраны болды. Қасқырға да түсті, елік те алды. Қасқырды жиі алды деп мақтауын асыра алмаймын, ол мүмкін емес. Өйткені қасқыр кез келген қыран құсқа алдыра қоятын азусыз емес. Оның да қайраты мол.
Басқа құсбегілер де, қыран баптайтын орталықтар да солай деп ойлаймын, біз бүркіттің балапаны қарақанаттанып ұшуға талпынған шағында ұясынан аламыз да, он жыл асыраймыз. Он жылдан кейін қай жерден ұстадық, сол мекеніне ұшырамыз. Ол да артына ұрпақ қалдыруы керек, тұқым өрбітуі қажет.
Jas qazaq: Шымбұлаққа шықсаңыз, қыран бүркітті тұғырына қондырып алып, суретке түсірумен ақша тауып жүргендерді көресіз. Еркіндікті, аңға салуды, сергітуді қалайтын түз тағысын тұқыртып қойып, табыс көзіне айналдыруға қалай қарайсыз?
Динара Серікбаева: Шыңның тек құзарында, зеңгір көктің тым биігінде қалықтайтын қыран құсты, әрине, күн ұзақ көгендеп қою дұрыс емес. Таяқтың екі ұшы бар. Егер сол бүркіт асыраушылардың жағдайы толысып, аузынан ақ май ағып жүрсе, солай ел кезе ме? Жан бағу керек, бүркітінің тамағы, өзінің ас-суына қаражат керек. Мәселеге осы жағынан да қарау керек. Жалпы өз басым қыран бүркітті де, құмай тазыны да ақшаның көзі, табыстың бұлағы деп қарағанды құптамаймын да, қолдамаймын. Мен үшін құсбегілік пен саятшылық – атамның қанымен, ананың сүтімен қанға тараған қасиет, ұлттық өнер!
Сұхбаттасқан Қуаныш Әлмерек