jasqazaq.kz

Құсбегілік қанат жайып келеді

12 желтоқсан 2017, 18:08


Бүркітшілер де «спорт шебері» атана алады. Бұл туралы Тәуелсіздік күніне орай өткен «Қансонар» халықаралық бүркітшілер фестивалінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов мәлімдеді.
baq.kz хабарлағандай қазір Қазақстан көлемінде 70-тен астам бүркітші бар. Олар жыл сайын әртүрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, өз біліктігін сынап келеді. Бұл ұлттық дәстүріміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр.
Ерлен Оспанов «Бүркітшілік өздеріңіз білесіздер, ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылығы ретінде тіркелген. Бұл тек қазаққа ғана тән дәстүр екенін әлем мойындап отыр. Ең алғашқы бүркіт те осы қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін де қазір барлығы біледі», — дейді.
Сонымен қатар, ол бұл дәстүрдің енді ұлттық спортқа айналатынын айтып өтті.
Вице-президент «Бүркітшілік спорт ретінде тіркелді. Енді басқа спорт түрлері секілді бүркітшілерге де дәрежелер беріле бастайды. Мысалы, елімізде құсбегілікті дамытқан, осы дәстүрмен түбегейлі айналысқан бүркітшілерге «спорт шебері» деген атақ беріледі», — дейді.
Ерлен Оспанов, сонымен қатар, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрді спорт ретінде дамытудың негізгі мақсатын атап өтті.
«Оралбай Әбдікәрімов ағамыз басқаратын «Қансонар» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, бүгінге дейін еліміз бойынша қолда ұстап отырған бүркіттерді құжаттандырдық. Әрбір бүркіттің иесіне бүркіттің аты-жөні жазылған паспорт бердік. Бұдан былай еркін құсты ұстау деген болмайды. Осы қолда бар бүркіттерді пайдалана отырып, олардан балапан шығару қолға алынады. Ал негізгі мақсатымыз – осы дәстүрімізді қаз-қалпында сақтап қалу. Сол мақсатта облыстардағы ұлттық спорт мектептерінің жанынан бүркітшілерді дайындайтын, құсбегілікке баулитын бөлімдер ашылып жатыр.
Бүркітшілікті дамытуда үш түрлі мәселені шешуге болады. Бірі – дәстүрлі аңшылық, екіншісі – құсбегілік, яғни бүркітке кәдімгі құс ретінде қарап, оның денсаулығын, көбеюін, қорғалуын қадағалау, үшіншісі және ең бастысы – мәдени құндылығымыз ретінде дамыту. Бүгінгі таңда бүркітшіліктің біздің дәстүріміз екеніне, қазақтың мәдени құндылығы екеніне ешкім де таласа алмайды. Біздің де басты көздегеніміз – осы үш мәселенің шешімін табу. Сол үшін осындай шешім шығарып отырмыз», — дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті.
Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні Бурабай өңіріндегі Текелікөл жағасында «Қансонар» халықаралық құсбегілер фестивалі өткен болатын.

25 шiлде, 19:51
Түркістан облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға
25 шiлде, 18:40
Дина Тәжібай: Заманауи трансформатор энергия үнемдейді
25 шiлде, 11:59
Түркістан: Әлеуетті инвестор айналма жол салады
23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң