Құрығы құтты жылқышы

27 қыркүйек, 11:40

Ол құрығын қарына  іліп тобылғы торы атын жедел аяңдатып ауылдан шығып барады. Күндегі әдеті осы. Қыстың ақ түтек боранында да, жаздың ақ нөсер жауынында да таң атпай аттанып кететін әдеті осы. Ондағы ойы үйір-үйірімен бытырай шашылған жылқысын бір түгендеп қайту. Жо-жоқ, бұл жақта жылқыға тие қояр ит-құс жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында «бәленбайдың жабағысын жарып кетіпті, түгенбайдың ту биесін тартып кетіпті» деген әңгімелер жүретін ел ішінде. Қазір мазаны алып, малға шаба қояр қасқыр жоқ. Есесіне, екі көзіңді тайдырсаң болды екі жылқыңның бірін жоқ қып жіберуге бар екі аяқты «қасқырлар» пайда болған. Ол содан сақтанады.

Бұл жақ орманды дала. Шоқ-шоқ қайың мен қалың тоғайлардың арасындағы алаңқай жазықтарда жылқы бағады. Анау бір қайыңды-талды орманның ортасы томар. Қыста қалың түскен қардың суы құрғақшылық жылдары ерте тартылса да, биылғыдай жаңбырлы жазда томар суы қара күзге дейін жетеді. Одан әріректе жайқалып егін жатыр. Ата кәсіпке ауыртпалық тудырып отырған да осы егістік алқабы. Бұл заманғы жылқы бағу баяғы заманмен салыстыруға келмейді. Кең далаға еркін жусатып жіберетін бұрынғы кез жоқ. Маңайдың бәрі егістік.   Сондықтан күндіз бағып, түнде қамап әуреге түсіп жүргені. Егінге бір түсіп үйренген жылқы қанша аңдысаң да бәрібір түбі «ұрлық» жасайды.

Зеренді ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында тұратын Абай Жүсіпалин Қамбар ата түлігін 1998 жылдан бері бағып келеді. Алғашқыда ауылдың жылқысын бағып, кейін өзі де мал жия бастады. Қазіргі жағдайы жаман емес. Мемлекеттен субсидия алып, малға қыстық азық дайындайтын техникасын, қора-қопсысын салып, керек-жарағын түгендеп алған. Дегенмен жылқы бағудың да өз қиыншылықтары бар…

  • Биыл Арқада қыс қатты болды. Қыстан аман шыға алдыңыз ба?
  • Биыл қыс қатты болды ғой. Қар қалың жауып, одан кейін бірден жауын жауып, қайта қар жауып, ол қайтадан жаңбырға ұласты. Соның бәрі көк мұз болып қатып қалды. Жылқы біткеннің шашасы қиылып, қызыл ала қан болып, тебіндей алмай қалды. Түзде жүрген жылқының түгелге жуығы қолға келді. Қыстың соңы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы – «ұзын сарыға» сақтаған азығымызға қаңтардың соңында ауыз салдық. Жиған жни-шөбіміз жетпей жатты. Талай қыс көрген мама биелер көтерем болып, тай-құнандар құлап жатты. Далада жейтін қылтанақ қалмаған соң орман ішіндегі бұта, талдарды кеміріп шықты жылқыларымыз. Тіпті даладағы малымызды ауылға айдап келуге мұршамыз болмай қалды. Мына тұрған жердегі көрші Қызылсая ауылында 250 бас жылқы жоғалды. Біразының өлімтігін тапты, бірақ көп жылқы ұшты-күйлі жоғалды. Біз әйтеуір ондай шығыннан адамыз. Бірақ көп бие құлын тастап, биыл бие байлап, қымыз іше алмай отырмыз…
  • Жайылымдық жердің мәселесі қалай болып жатыр сіздерде?
  • Жайылым жағы қиындау. Жер аз ғой. Айнала егін. Жайылымдық жерді 49 жылға жалға алу үшін құжаттарымызды тапсырғанбыз. Биыл мамыр айында белгілі болады деп еді. Күзге шегерді. Әкімдіктен сұрастырсақ, әлі белгісіз дейді. Жаздың ыстығында жылқымыз иіріліп, бір маңайда жүреді. Ол кез аса қиын емес. Күз жақындап, күн суытқанда жылқы тоқтамайды ғой. Жүре береді. Егінге түсіп кете ме деп соңынан аңдимыз да жүреміз. Біреудің қыс бойы сақтап, көктемде еңбекпен еккен егістігін күз келгенде жылқы тұяғына таптата салуға ұятым жібермейді. Бұл өзі жалғыз менің мәселем емес. Ауылдың жылқысы да жайылым таппай жүр. Екі табын жылқыны ауылдың екі жағында әупірімдеп бағып жүрміз әйтеуір.
  • Мемлекеттен қандай да бір көмек алып көрдіңіз бе? Жалпы мал өсіріп, кәсібін дөңгелетем деген адамға қолайлы мүмкіндіктер бар ма?

  • Мемлекеттен субсидия алдым. Өзімнің жиған қаржым бар, мемлекеттің көмегі бар, барлығы 21 миллион теңгеге қолдағы бар малыма қыстық азық даярлайтын трактор, шөп шабатын, жинайтын, артатын, оны жеткізетін қазіргі заманауи техниканың бәрін түгендеп алдым. Шабындық жерге еш алаңдамаймын. Менің уайымым сол жайылымдық жер. 1000 гектар жерім болса, жылқыға берілетін субсидия алып, мал басын тағы да көбейтіп алғым келеді.
  • Жылқыларыңызды сатып, не етке өткізіп пайда табасыз ба?
  • Біздің жылқылар көбіне қыстық соғым кезінде жақсы өтеді. Қара күзде бордақыға байлаған мал екі-үш аптада екі-үш елі қазы беретіндей семіреді. Сол кезінде қымбатқа сатасың. Ал көктем мен жазда жылқыны көп  бордақыламаймыз. Бірді-екілі той томалақ, өлім-жітімге болмаса, жазда малыңды өткізу қиындау. Шіркін, ет қабылдайтын қасапханалар, цехтар мен комбинаттар болса ғой. Онда босқа бордақылап отырғам жоқ қой, уақыты келгенде міндетті түрде өткіземін деген сеніммен байлар едің баққан малыңды.  
  • Жылқыларыңыздың тұқымы қандай? Тұқымын асылдандыру ойыңызда жоқ па?
  • Біздің жылқылар қазақтың кең даласында ғасырлар бойы жайылып, өз күнін өзі көретін ыстыққа да, суыққа да төзімді қазақы жабы жылқы. Ұлдарым көкпарға қызығып, осы үйге талай текті айғыр әкелдім. Жылқыға қостым. Дон жылқысы, Қостанай, Орловтың желісті айғырлары бар, қырғыздан көкпарға түсер екі мақтаулы айғыр әкеп қостым. Арқаның аязына шыдас бермеді. Қораңда құтырып тұрғанмен, далаңда бүріседі де қалады. Олардан кейін құтылуға асық болдық. Бәріне төзімді, бәріне көнбіс қазақы жылқыға жетері жоқ екен.
  • Елі ішінде жылқышыларға деген сый-құрмет, жөн жоралғылар сақталған ба?
  • Қазақ қай кезде де дәстүр мен салтты берік ұстанып келді. Қазіргі ел еркіндік алып, арқамызды кеңге салған заманда, бабадан қалған салтты ұстанбай не көрініпті бізге?! Аттың қай жағынан мініп, қай қолыңа қамшы ұстау, қай қолыңда тізгін ұстау керегін біздің бүлдіршін балалар бұлжытпай орындап, тақылдап айтып береді. Әрине, келген қонаққа қазан көтеріп, жөнімен, жолымен мүше тарту. Қымызмұрындық, соғымбасы шақыру дейді, жұрт біз омыртқаға шақырамыз. Биесі құлындаған үй жылқышыны көтенге шақырады. Құрықтан, желіден аттамау. Жылқышының құрығын рұқсатсыз алмау. Сатқан не айырбастаған малыңның бір-екі тал жалын қиып, сілекейін алып қалу. Атыңды берсең де жүгеніңді бермеу секілді күнделікті тұрмыста қолданатын қаншама ырым-нанымдарымыз, салт-дәстүріміз бар. Жазылмаған дала заңдарын біз сақтамасақ кім сақтайды?!
  • Әңгімеңізге рахмет! Үйіңіз жиынды, жылқыңыз үйірлі, аға!

 Әңгімелескен Мерген Тоқсанбай,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?