Құрт түскен өзек

17 шiлде 2020, 14:44

Қайбір жылы қар қалың жауып, жол жабылды. Қала аралық автобустар асудан өте алмай, қаңтарылды. Қар құрсауында қалған жолаушының жағдайы мүшкіл еді. Бір жағынан аяз қысса, енді бір жақтан қарын шұрқырай бастады. Сол кезде таяу маңдағы тұрғындар көлігімен келіп жетті. «Е, көмек келді ғой» деп қуанды құрсаудағылар. Ерте қуаныпты. Жалаңдаған жылпостар бір бөлке нанды 1000 теңгеге сата бастады. Сол кезде дүкендегі баға 20 теңге еді. Мұны теледидардан көрген ел «тойымсыздықтың да шегі болу керек қой» деп тіксініп қалды. Енді, міне, сол қысылтаяң сәтте еріксіз айтқызатын «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген жағдай тағы қайталанып отыр.

Өткен аптада Президенттің дәрі тапшылығына қатысты жағдайды қатаң қадағалауға алу туралы пәрмен беруі сол-ақ, елдің түкпір-түкпірінен заңсыз препарат сатқандардың әрекеті әшкере болуда.

Осыған дейін құлқынның қамымен оңай олжаға қарқ болуды көксеп, үш-төрт есеге қымбат дәрі сатқан алыпсатарлардың ашкөздігін жаздық. Сорақысы сол, арасында Гиппократқа ант берген ақ халаттылардың өзі жүр. Жақында Алматы облысы аудандық ауруханадағы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі қолға түсті. Ол тұрғындар талай дәріхана табалдырығын тоздырып таппай жүрген қат дәріні саудалаған. Масқара жаңалық! Қиын сәтте кімге жәутеңдерін білмеген жұртшылықтың сеніміне бұл жайт селкеу түсіргендей. Білдей ауруханадағы бөлім басшысынан «Севофлуран», «Цефтриаксон», «Меобактрин», «Альбунорм», «Неоцитотект», «Октагам», «Архимакс», «Меропенем», «Годовист», «Пропофол» секілді дәрілердің тоқсаннан астам құтысы тәркіленген. Одан бөлек, тінту барысында 1 370 000 теңге көлемінде осыған дейінгі саудасынан түскен ақшасы тыққан жерінен табылды. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тапшылық дегеннен шығады, тұрғындар дәрі таппай титығып, ұлардай шулаған шағында дәрі сақтайтын қоймаларға тексеріс жүргізілді. Салдардың себебін анықтау үшін арнайы комиссия да құрылды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастап, Мәжіліс депутаттары қостап, өткен аптада Алматы облысындағы бүкіл елге дәрі жөнелтетін ең ірі қоймаға бас сұқты. Қызықтың көкесі осында екен.

Тұрғындар дәріханадан таба алмай жүрген препараттар мұнда қорап-қорабымен кірпіштей қаланған. Өнім бар, бірақ компания ұқсата алмай отыр. Қай жаққа, қанша көлемде қажет екені жөнінде қолдарында ақпарат жоқ. Гәп мынада: құзырлы мекеме оларға ешқандай өтінім бермеген. Компанияның бар талабы – министрліктің сатып алуды растайтын кепілхат беруі. Бұл қоймада «СК Фармация» мен басқа да компаниялардың дәрі-дәрмегі сақталады. Тапсырыс бойынша жан-жаққа жөнелтіледі. Вирусқа қарсы қат дәрі-дәрмек сөреде самсап тұр. Аспирин мен парацетомолдың қоры да жеткілікті. Алайда бағасы бұрынғыдан қымбат. Өндірушілер оңтайлы сәтті пайдаланып, пайда көргісі келгендей. Компания өкілдері осы секілді толғандырған мәселелерін келген депутаттарға жеткізді. Естір құлақ табылғанмен, оны орындайтын, бағаны қадағалайтын мекемелер болса қанеки?

Өгіз аяңмен маң-маң басқан, жұмысын маңдыта алмағандардың әрекеті Мемлекет басшысы тарапынан ауыр сынға ұшырады. Қасым-Жомарт Тоқаев Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры мен «СК Фармация» компанияларының басшыларын қызметтен босату қажеттігін айтты. Бұл хабар жаңалық аңдығандарға майдай жаққандай. Осыған дейін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі Инстаграмға күйеуінің өзіне 12 рет көлік сыйлағанын мақтана жазды. Темір тұлпар түгілі, шыбын жанын қалай аман сақтап қаларын білмей жүргендерге бұлайша есіре мақтану, сірә, «сендерде шаруам жоқ, бастысы, бізде бәрі жақсы» деп меңзегендей. Президент те «қор басшылығына сәнқой емес, барынша іскер адамды қойған дұрыс» деп батырып айтты. «СК-Фармация» компаниясы басшысының қызметтен қуылуы да заңды. Ел сұранысына сай дәріханаларға жеткілікті дәрі жеткізуі тиіс дәнекер мекеме бетімен лағып кетті. Құдды «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» демекші, тұрғындар дәрі таппай тарыққан шақта бір қайыры болмағанын бәрі растайды. Ғаламторды қазір бұл мекемеде істейтін қызметкерлердің жалақысы туралы мәлімет шарлап жүр. Бейресми дерек көзіне жүгінсек, мұндағылардың ай сайынғы орташа жалақысы – 852 мың теңге! Сонда 145 қызметкерге жылына бөлінетін ақша 1,48 млрд теңгеге жетіп жығылады. «Байдың асын байғұс қызғанды» деп ойлап қалмаңыз. Егер де шынымен жалақысы осындай болса, олардың дәрі дүрбелеңі кезіндегі қол қусырған, жаны ашымаған әрекеті еш ақтауға жатпайды. Тіпті қызу талқыға түскен Қатардан келген гуманитарлық көмектің елу күн бойына қоймада таратылмай жатуы да осы «СК Фармацияның» жайбасарлығы. Күні кеше бұл жайтқа қатысты денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Бірақ мәлімдеме түсіндіруден гөрі ақталуға көбірек келіңкірейді. 11-ші мамырда төтенше жағдай режимі алынған соң, бұл мекеменің гуманитарлық көмекті бөлу қызметі тоқтаған. 4-ші шілдеде ол құзірет қайта берілген. Мақұл, бұл министрліктің ішкі ережесі болсын. Бірақ оның зардабын не үшін көпшілік тарту керек?
Біз қазір аурумен емес, осы саладағы кемшілікпен күресіп жатқандаймыз. Өйткені өзегі құрттаған ағаштың жеміс бермейтіні ақиқат!

Асқарбек Қазанғап

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген