Сеулде Орталық Азия елдерінің фольклорлық музыкасынан концерт өтті. Шараны «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық хатшылығы Оңтүстік Кореяның аймақтағы мемлекеттерімен орнатқан дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына орай ұйымдастырып отыр. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Көрермендерге кітаптар сыйға тартылып, бес елдің ұлттық тағамдарынан дәм татқызды. Сахнаға Қазақстан атынан «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі шықты. Әртістер Құрманғазы күйлерін орындап, Абай Құнанбаевтың әндерін әуелетті. Арайбек Асқар, фольклорлық-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблінің әртісі: — Корея халқы бізден Құрманғазының «Адай» күйін сұраған болатын. Біз әрине, таңғалдық өйткені Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйі осы жақта да сондай танымалдыққа ие болғаны – біз үшін үлкен құрмет. Өзіміздің бас ақынымыз Абай Құнанбаевтың әндері, «Көзімнің қарасы» болса деп, сұраныстар түсіп жатты. Біз өте қуанышты болдық және жоғары қөңіл күймен, қуанышпен сол шығарманы халыққа ұсындық. Йо И Гу, Сеул мұнай компаниясының қызметкері: — Мен Орталық Азиядағы бес мемлекеттің халық әуендерін алғаш рет естіп тұрмын. Өте қызық және көңілді өтті. Корейліктердің азиялық музыкаға қызығушылығын ояту үшін осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы керек. Мерекелік концертті ашқан түрікмен және қазақ әуендері ерекше есте қалды. Мен бұрын-соңды Қазақстанда болмаппын. Яғни қазақ музыкасымен алғаш танысуым. Бір тыңдағанда азиялық әуендер ұқсас сынды. Дегенмен әр қайсысының өзіне тән ерекшелігі бар.