Елімізде жүзеге асып жатқан «Қауіпсіз қоғам» жобасының басты мақсаты — заңдылық пен әділеттілікті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу. Түркістан облысында «Қауіпсіз қоғам» жобасы тиісті деңгейде жүзеге асып жатыр. Түркістан өз алдына облыс болып бөлінгелі бері құқық қорғау органдарының жұмысында қандай өзгерістер болды? Тұрғындар үшін қауіпсіз мекен деп толығымен айта аламыз ба? Jasqazaq.kz сауалдарына Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов жауап берді.
— Құрманбек мырза, сіз Түркістан облысы болып құрылғалы бері полиция департаментінде қызмет етіп келесіз. Сіздіңше, Түркістан облысын қауіпсіз қала деп айта аламыз ба?
— Қазігі таңда Түркістан қаласы мен облысын толығымен қауіпсіз қала деп айта аламын. Соңғы алты жыл ішінде оған барлық іс-шаралар жасалды. Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен бүгінде Түркістан қаласында сервистік модель жұмыс істейді. Сервистік модель аясында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде қалада, әсіресе, адам көп шоғырланған аймақтарға бес стационарлық пост қойылды. Былтырғы жылдың өзінде республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, біздің полиция департаментімізге 280-нен астам су жаңа көлік жеткізілді. Бұл бізге бөлінген үлкен көмек дер едім. Әрі бұл бізге артылған міндет пен сенім. Осының арқасында біз жұмысымызды екі-үш есеге артық атқарамыз деген үміттемін. Өздеріңіз білесіздер, Призедент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында полицияның сервистік моделін құру керек деген болатын. Полиция қызметіне түбегейлі реформа жасау керектігін де баса айтқан еді. Соның аясында біздің учаскелік полицейлер мен патрульдік полиция қызметкерлеріне үлен қолдау көрсетілді. Полиция қызметкерлерінің көлікпен қамтылу жағы 80 пайызға көтерілді. 2018 жылы Президент Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы болып бөлініп шықтық. Ол кезде мен Ордабасы полиция бөлімінің бастығы болатынмын. Сол жылы күзде Түркістанға көшіп келдік. Әлі есімде, 22 қазан күні болатын. Басында қызметкерлерге өте қиын болды. Бұйрыққа сәйкес жанұяларын тастап, жұмыс бабымен барлығы осында келді. Бастапқыда қызметкерлер үш-төртеуден бірігіп пәтер жалдап тұрды. Өзім үш аптадай қонақ үйді паналадым. Биыл, міне, алты жыл болады. Әсем қаламыз көз алдымызда көркейіп, жаңа ғимараттар бой көтерді. Осыдан бес-алты жыл бұрын көшедегі ұсақ-түйек қылмыстар көп болатын. Әсіресе, бірін-бірі ұрып кету сынды оқиғалар. Облыс орталығы деген статус алғалы бері ондай қылмыстарды азайттық. Қазір мүлдем жоқ десе де болады. Біздің департамент құқық бұзушылықтың алдын алуда жүйелі жұмысқа көшті.
— Облыста «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» консолидациялық жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Қылмыстың алдын алып, құқық бұзушылықтың жолын кесуде қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?
— Ең алдымен, полиция қызметкерлері облыста қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесіп, ұсақ бұзақылықты болдырмау үшін барын салуда. Қазір полиция қызметкерлері жүйелі жұмыс істейді. Одан бөлек, өздеріңіз білесіздер, қазір профилактикалық іс-шаралар жиі өтеді. Жиі өтуінің себебі — біз қылмыс болсын, қандай да бір құқық бұзушылық болсын, оның алдын алу үшін жұмыс істейміз. Біз облысымызда барлық жастағы адамдарға қылмыстың зардабын қасіретін түсіндіріп, алдын алу жұмыстарынан жоғары нәтиже күтеміз. Былайша айтқанда, үгіт-насихат, кеңес беру, пікір алмасу жұмыстарын жүргіземіз. Облыс аумағында 14 аудан мен үш қала бар. Аудандық полция бөлімдері өздерінің жоспарына сай әрекет етеді. Түркістан облысы Ордабасы ауданының 2 ауылында талапқа сай учаскелік полиция бекеттері ашылды. Жаңа полиция пунктінің бірі — Бөген ауылдық округінде, ал екіншісі Шұбар ауылдық округінде облыстық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларының азаматтарға сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалуда. Өйткені бірінші кезекте — полицияның ашықтығы, қолжетімділігі, құқық бұзушылықтар мен азаматтардың арыз-шағымдарына жедел ден қоюы. «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» консолидациялық жобасы аясында аудандық полиция бөлімдерінде атаулы акциялдар өтуде. Қазіргі таңда жемқорлықпен күрес, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар, жол қауіпсіздігін сақтау, мал ұрлығы, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналған түнгі рейд пен жаз маусымындағы суға шомылу қауіпсіздігі, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шаралардың барлығы біздің Түркістан облысында үздіксіз өтіп жатыр. Ал біздің полиция қызметкерлерінің басты міндеті — қылмыстың алдын алу. Қазір халық пен полиция қызметінің арасында байланыс бар. Тұрғындар полиция жұмысына сенім артып, кейбір жағдайларда көмек қолын ұсынып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысатындары бар.
— Өзіңізге белгілі, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға өзгеріс енгізілді. Бірақ нәзік жанға қол көтеретін ер азаматтардың саны азаймай тұр. Әсіресе, бұл оқиғалар оңтүстік өңірде алғы шепте деген түсінік бар. Полиция тұрмыстық зарлық-зомбылықтың алдын алуда қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?
— Әрине, бұл біздің оңтүстік менталитетіміздің әсері деп ойлаймын. Тұрмыстық зарлық-зомбылық біздің өңірде көп деп топшылау дұрыс емес. Тек оны былай түсіндіре кетейін. Біз еліміздегі тұрғындары көп шоғырланған, халқының саны жағынан да алдыңғы қатардағы өңірміз. Аудандық, ауылдық елді мекендер де көп. Статистика жағынан келгенде біздің өңірдің алға шығып кетуі, халық санының көптігінен. Соңғы жарты жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасының саны азайды. Оның бірден бір себебі — қазір полиция тұрғындармен кездесіп ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз профилактикалық жұмыстарды қолға алдық. Қазір әр ауданда халықпен кездесу, ақпараттандыру, алдын алу жұмыстары өтуде.
— Түркістан облысы полиция қызметінің сервистік моделіне көшті, қазіпгі таңда жүелі жұмыстар жүргізіліп жатыр дедіңіз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
— Рас, соңғы жылдары ішкі істер саласында сервистік полиция моделін енгізу жөнінде біраз қадамдар жасалуда. Учаскелік полицейлердің жұмыстарына өзгерістер енгізілді. Олардың суреттері мен телефон нөмерлерін кез келген үйдің кіре берістерінен көретін болдық. Кейбір қалаларда азаматтарды қабылдайтын полиция офистері де пайда болды. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында сервистік офистер ашылды. Кезең кезеңімен басқа да қалаларда пайда болуда. Қазіргі бұл орталықтар жұмысын бастап кетті. Онда қызметтің бірнеше түрін алуға болады. Ең бастысы, халық пен полиция тығыз байланыста болады. Кез келген адам құқықтық болсын, жеке мәселесі болсын, кеңес болсын орталық мамандарына жүгініп, мәселесін шеше алады.
– Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты міндетін мүлтіксіз атқару – полиция қызметкерінің азаматтық қасиеттеріне және білімі мен біліктілігіне байланысты. Облыстағы тәртіп сақшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайы қандай деңгейде?
— Қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіп сақшыларының осы бағыттағы қызметін ойдағыдай атқаруы үшін құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуын арттыру, қызметкерлерге қалыпты еңбек және тұрмыстық жағдай жергілікті жерде толық жүзеге асырылуда. Соңғы үш жыл ішінде облыс әкімдігінің қолдауымен облыстың ішкі істер органдарының материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталуына, жалпы заманға сай жаңа технологиялармен жарақтандырылуына қаражат бөлінді. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып, кәсіби біліктілікті арттыру әрбір тәртіп сақшысына қойылатын басты талаптың бірі екені анық. Осы орайда өз қызметтік міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып, айналасындағыларға үлгі боларлықтай қызмет етіп жүрген майталман қызметкерлер де бар. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі – біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері күш-жігерін аянбай ел алдындағы антына адал қызмет ететіндігіне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі