Жамбыл облысында 100 тоннаға жуық жүк Қырғызстанға кері қайтарылды. Мамандар көрші елден келген бұл тауарлардың фитосанитарлық талапқа сай келмейтіндігін анықтады.Тіпті кейбір дақылдардан Қазақстан аумағында мүлдем кездеспейтін қауіпті зиянкестерді тапқан.
Зертханалық тексеру жүзім мен анардан дрозофила және шығыс ақ ұнтақ сымыры деп аталатын жәндіктерді анықтап берді. Инспекторлар қазақ-қырғыз шекарасынан бір тәулік ішінде заңбұзушылыққа жол берген осындай 8 көлікті ұстады. Нәтижесінде 44 тонна картоп, 34 тонна жүзім мен 5 жарым тонна алманы кері қайтарды. Жалпы жыл басынан бері мұндай 83 дерек тіркелген. Нұрби Жігітеков, Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық инспекциясының басшысы: – Заңбұзушылықтар Қырғыз Республикасынан тоқтамай отыр. Сондықтан біз қазір күшейтіп, жұмысты атқарып отырмыз. Қырғыз Республикасынан әлі күнге дейін сол фактілер көп байқалуда. Зияны өте көп, өйткені ол шаруашылықтың өніміне, сапасына, жақсы өнім алуға зиянын келтіреді. Соны болдырмау үшін біздің аймаққа кіргізбеу үшін сондай жұмыстарды атқарып жатырмыз.