Құндылықтың қадірі қашқаны ма?

12 маусым 2020, 11:32

Кейбір құндылықтар арзандап жатыр. Тіпті арзандауға болмайтын, адам үшін қымбат дүниенің өзі қасиетінен айырылуда. Мәселен, білімді айтайық. Бұрын мектепті «үздік аттестатқа» бітіру, «Алтын белгімен» аяқтау абырой саналатын. Осыдан он шақты жыл бұрын «Алтын белгі» иегерлері сол төсбелгінің арқасында емтихансыз оқуға түсетін. «Үздік аттестат» алған немесе «Алтын белгімен» мектеп бітіргендер университетке түскенде, өздерін жұрттан бөлек ұстаушы еді. Кеуделеріне алтындарын жарқыратып тағып жүргенде қызыға қарайтынбыз. Сондай тәкаппар, маңғаз. Онысы өздеріне жарасымды-тұғын. Басқалар оларға қызыға да, қызғана қарайды.

Қазір оқушының 11 жылдық білімін әйгілейтін «Алтын белгінің» салмағы қалмағандай. Олай дейтініміз, OLX сайтында Алматы мектептерінің бірін биыл ғана бітірген түлек өзінің «Алтын белгісін» сатылымға шығарыпты. Хабарландыруда төсбелгіні 200 мың теңгеге бағалаған. «Тауардың» сипаттамасына мынандай жазба қалдырыпты:

«Алтын белгіні» бүгін ғана алдым (2020 жыл), шынайы белгі, дәлелдей аламын (құжаттары бар), салмағы – 23 грамм, егер қызықтырып жатса, жазыңыздар» депті.
Егер әлгі оқушы 11 жыл бойы көз майын тауысып оқып, «Алтын белгіні» адал еңбегімен алса, мұндай бассыздыққа бармас еді. Жеңіл жолмен келген дүние ме дейсің? Мейлі, қалай болса да, біліміне берілген төсбелгіні сату ақылға сыймайды. Бұл адам өміріндегі баға жетпес құндылықтың бірі емес пе? 200 мың теңге! Оқушы үшін аз ақша емес. Бірақ «Алтын белгісін» ақшаға сататындай тиыннан тарығып отырмаған шығар?

Әлгі сайтты ақтарып, «Алтын белгінің» тағы екеуіне тап болдық. Біреуін 35 мыңға, екіншісін 60 мың теңгеге бағалапты. Қор болған қайран марапат! «Алтын белгі» үшін күйіп-пысып отырсақ, мұнда төсбелгінің алуан түрі жүр. Саф алтындардың арасында «Еңбек ардагері» медалі, «Соғыс ардагері», «Ахмет Байтұрсынұлы» медалі мен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» берілген төсбелгі де жүр! Ешкімнің күні алақандай темірге қарап қалмаған шығар? Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдары да аталарымыз бен апаларымыз ашқұрсақ жүрсе де орден-медалін сатып, қастерлі құндылықтың қадірін кетірген жоқ. Мұны қарынның аштығынан емес, рухани жұтаңдықтан туған бассыздық деген дұрыс болар. Әйтпесе, құндылық бұлай ашық саудаланып, арзандамас еді…

Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 13:57
Кредитті жылдам жабудың тәсілдері қандай?
16 қантар, 12:30
Жастар жұмыссыздығының себебі неде?
10 қантар, 15:56
Аңдамай сөйлесең, ауырмай ақша төлейсің
05 қантар, 14:12
Жасанды интеллект болашағымызға қауіп пе, әлде жаңа мүмкіндіктер алаңы ма?
03 қантар, 21:15
Боранды күні жолға шығатындар басқаларды да ойлауы керек
26 желтоқсан 2024, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан 2024, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан 2024, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан 2024, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді