Қара қылды қақ жарып, әділ төрелігін айтар сот саласын жаңғыртып, жұмысын жүйелі жүргізу қашанда маңызды. Заң үстем түсіп, әділдіккке қиянат жасалмағанда ғана сыбайлас жемқорлық дейтін жегіқұрттың жолына тосқауыл қоюдың мүмкіндігі артады. Бүгінгі сот төрелігі қаншалықты әділетті деген сауалдың маңызы әлі де салмақты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұл салаға реформа жүргізу арқылы жұмысын нығайту қажет екенін айтып келеді. Мемлекет басшысы: «Сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет» — деп атап көрсеткен.
Сот саласында білікті кадрлардың жеткілікті болуы да күрмеулі мәселенің түйіні оңынан шешілуіне септігін тигізетіні сөзсіз. Халықтың сот ісіне деген сенімі артқанда әділеттіліктің туы жығылмайды. Jasqazaq.kz порталына берген сұхбатында Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев осы және өзге түйінді мәселелерге тоқталды.
– Арнайы органдарға деген халықтың сенімін нығайту үшін қайтпек керек?
– Арнайы органдар халыққа барынша ашық болуы шарт. Сот саласы секілді. Ауыл, мал шаруашылығына немесе кәсіпкерлік үшін бөлінген қаражаттарды кімдер нақты алатынын білсе адамдар таныс іздемейді, алаяқтық орын алмас еді. Мемлекеттік органдардың қай-қайсысы да елге есеп беріп, жариялы түрде жұмысын жүргізсе, халықтың сенімі артатыны сөзсіз. Сот саласында қандай іс болмасын, ашық жүргізіліп, мейлінше жария түрде қаралуына күш салып отырмыз. Мұның барлығы да халықтың сот ісіне деген күмән-күдігі болмасын деген мақсаттан туып отыр.
– Оңтүстік өңірде шетелден жұмыс күші көп тартылады. Осы орайда шетелден жұмысшылар шақыртатын кәсіпкерлер заң талабын қаншалықты сақтай алып отыр?
– Шетелдің жұмысшыларын біздің елде жұмысқа тарту бағытында тереңдеп заң шығарып жұмыс істеу керек. Заңның кемшін тұсын пайдаланып, сырттан келген азаматтарға жұмыс істетіп, олардың кететін уақытынан көп ұстағандықтан биылғы жылы көп азаматтар бес жылға Қазақстан аумағынан мәжбүрлеп ш шығарылды. Меніңше, көші-қон туралы заңды әлі де жетілдіріп, кемшін тұсын бүтіндеу керек.
– Судьялық қызмет – тағдыр шешті мамандық. Бүтіндей бір адамның тағдыры қолында тұрған заң саласының өкіліне жүктелетін жауапкершілік жоғары. Осы аманатты арқалап келе жатқан сот ісінің маңызына тоқталып өтсеңіз.
– «Ханда 40 адамның ақылы болса, биде 40 адамның ар-ұжданы бар» деген нақылға сәйкес, судьялардың ішкі мәдениеті жоғары болуы тиіс. Судьялар осы нақылға сай болғандықтан, елімізде тыныштық. Судьялар қоғамды дүрліктірген қаншама істерді әділ шешіп жатқанына халық куә.
– Ауылды жерлерде ұрлық, әсіресе, мал ұрлығы жиі тіркеледі. Дей тұрғанмен де, күдіктіні ұстаған полицияның, айыбын арқалатқан соттың еңбегіне кейде жәбірленуші тарап ағайынгершілікке салынып, кешірім беріп, жазықтыны жазадан құтқарып та кетіп жатады. Бұған қандай пікір айтасыз?
– Мемлекеттік органдардың басты міндеті — азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Жәбірленуші тарап құқық қорғау, сот жүйесіне разы болса, біздің басты жетістігіміз – осы. Жалпы бүгінгі күнде мемлекетіміздің саясаты барлық билікке, оның ішінде сот билігіне азаматтарды тарту. Бұл — құптарлық іс. Біздер өз мәселемізді өзіміз сотсыз шешуге тиіспіз. Оның ішінде медиация арқылы. Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, жазалап, қамай беру деген қасаң түсініктің де бар екені рас. Бірақ дәл осы мал ұрлығы, басқа да үй тонау секілді қылмыстарды ашу жолында күштік құрылым қызметкерлері қаншама тер төгеді. Мал ұрлаушылардың ізіне түсіп, тау басып, тас басып дала кезеді, айлап соңында жүріп, қолға түсіреді. Ал сотталушы енді дәл айыбын арқалайтын кезде жәбірленуші тараптың жанашырлығы артып, кешірім бере салуы да қылмыстың саны артуына септігін тигізіп отыр. Бірақ сот та заң аясында ғана жұмысын жүргізіп, өкілеттілігін қолданады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқсаев әділ сот төрелігін қалыптастыру мақсатында бірқатар тапсырма жүктеп, сот жүйесін реформалауды міндеттеді. Сондай-ақ жасанды интеллект пен роботизация элементі бар ІТ-сервисті енгізуді жүктеді. Қалай ойлайсыз, жаңа технологияның нәтижесін қашан көреміз?
– Қазір жаңа технология судьялар, хатшылар жүктемесін 70-80 пайызға дейін азайтты деуге болады. Сотта аудио-бейне жазбаларды тек даулы істерге қолданған дұрыс. Даулы істер жалпы қаралған істердің 2-3 пайызынан аспайды.
–Алқабилердің әділ төрелік айтып, шындыққа саятын шешім шығаруы да сот ісін күшейте түсетіні анық па?
– Әрине, алқа билердің құрамына енетін төрелік айтушы топтың мүшелері халықтың ішінен сайланады. Медиаторлық тәсілмен де татуластыру, дауласушы екі тарапты мәмілеге келтіріп, бітістіру ісінің де көздегені — әділдік. Сондықтан да алқа билердің болғаны сот саласын нығайта түспесе, зиянын тигізбейді деп санаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Жазып алған – Қуан Көшек