Еліміздегі әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын білуге міндетті. Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Қазіргі сот саласындағы өзгерістер қандай? Заң күші бар жобалардың ашықтығы қалай жүзеге асырылуда? Бұл сауалдарға Алматы қаласындағы Алмалы аудандық №2 сотының судьясы Ұлан Қажыкен жауап берді.
Jas qazaq: Ұлан Қозыкөрпешұлы, қазіргі кезде сот саласында қандай өзгерістер болып жатыр?
Ұ.Қажыкен: Бүгінгі күні сот саласында тұрақты жұмыс атқарылып жатыр. Ең бастысы, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде соттар жұмысын үзбей істеді. Бұның бәрі алдын ала жүргізілген реформалардың арқасы деп ойлаймын. Ал енді соңғы жарты жылдықта орын алған ең үлкен өзгеріс деп, 10 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза қол қойған «Азаматтық іс жүргізу кодексіне сот ісінің заманауи нысандарын енгізу, қажет емес сот процедуралары мен шығындарын азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын айтуға болады. Мұндағы өзгерістер азаматтық процесті заманауи, ұтымды қағидалар мен халықаралық тенденцияларға сәйкестендіреді. Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі жаңалықтар азаматтық іс жүргізуді модернизациялаудың жаңа кезенін ашады, процесті ұйымдастырудың ұтымды тәсілін көрсетеді. Өзгерістер цифрлық технологиялардың дамуын, бюрократияны төмендетуді, қажетсіз сот процедураларын жоюға және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған. Осы Азаматтық іс жүргізу кодексіне еңгізілген өзгерістер мен толықтыруларды үш векторға бөлуге болады. Бірінші – азаматтық процесті оңтайландыру, екінші – сот ісін одан әрі цифрландыру, үшінші – судьялар мен сот процесіне қатысушылардың жұмыс жүйесін жетілдіру.
Jas qazaq: «Азаматтық процесті оңтайландыру» негізінен қандай мәселелерді қамтиды?
Ұ.Қажыкен: Бұл жерде біз судьяның іс жүргізу белсенділігінің артуын айтамыз. Енді судья тараптардың шақыруынсыз кейбір мәселелерді тәуелсіз қарауы мүмкін. Азаматтардың дауды сотқа дейін шешу тұрғысынан екінші тарапты татуласуға шақыруға және арызын қабылдау мерзімін 10 жұмыс күніне дейін ұзартуға құқығы бар. Сонымен қатар, судья да тараптармен істің мән-жайларын талқылай алады, дәлелдемелерді талап ете алады, тараптардың уәждері бойынша өз пікірлерін білдіре отырып, сот отырысында белсенді позицияға ие болады. Осы жаңа мүмкіндіктердің арқасында заң талаптарына сәйкес істің толық шешілуіне ықпал етеді.
Jas qazaq: Бұдан былай судьялардың шешім шығару үшін жиналыс бөлмесіне бармай-ақ қоюға құқықтары бар екен. Оқырмандарымызға осы туралы тереңірек түсіндіріп өтсеңіз.
Ұ.Қажыкен: Иә, жаңа нормаларға сәйкес, судья кеңесу бөлмесіне бармайды. Бұл институт отандық Азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларынан толығымен алынып тасталды. Тарихи тұрғыдан бұл институт Ресейде сонау 1864 жылы, патша II Александрдың сот реформасы кезінде пайда болды. Сол кездегі Азаматтық іс жүргізу жарғысында судьялар жиналысының құпиясы деген ұғым пайда болды. Сол жарғының 693-бабында судьялар «шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетеді, оған бөгденің кіруіне рұқсат берілмейді» деп көрсетілген.Сонымен қатар, заңға сәйкес, судья шешім қабылдау үшін жиналыстың құпиясын қамтамасыз етеді. Ал енді осы институттың жұмысы біржола тоқтатылды.
Jas qazaq: Сіздіңше, қазіргі сот отырысы заманауи цифрландыру талаптарына қаншалықты сай?
Ұ.Қажыкен: Бұл мәселе бойынша, сот отырысын одан әрі цифрландыру бағыты бойынша процессуалдық заңнамаға бірнеше өзгерістер еңгізілді, яғни сот отырысында гаджет қолдануға, процеске қатысушыларға оған қашықтықтан қатысу мүмкіндігін беретін техникалық құралдарды пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, электрондық құжат, құжаттың электронды көшірмесі, электрондық хаттама сияқты түсініктер заңнамада орын алды. Жалпы алғанда, қазіргі кезде электронды іс жүргізуге толық мүмкіндік жасалған.
Jas qazaq: Оқырмандарымызға құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде қандай кеңес бересіз?
Ұ.Қажыкен: Қазіргі таңда әлеуметтік құқықтық сана-сезім және құқықтық мәдениеттің маңызы барған сайын артып келеді. Оны ары қарай дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізу керек. Біріншіден, жастардың құқықтық сана-сезімін дамыту шаралары қолға алынуы тиіс. Екіншіден, жалпы әлеуметпен жұмысты қарастыру қажет. Биылғы 2020 жыл Жоғарғы сот тарапынан Байланыс жылы болып жарияланды. Сондықтан көп шаруа атқарылып жатыр. Мысалы, Алматыдағы №2 Алмалы аудандық соты Д.Қонаев атындағы Заң академиясымен, «Narxoz University» сияқты жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойған. Осының негізінде студенттермен кездесу жиі өткізілді. Студенттер ашық сот отырысына қатысуға, оқу және өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Ал судьялар жүйелі түрде студенттердің алдында дәріс оқыды.
Азаматтық қоғамның дамуы халықтың, әсіресе жас ұрпақтың құқықтық мәдениетіне байланысты. Ел болашағы – жастар қолында. Сондықтан бұл мәселеге баса назар аудару қажет.
Jas qazaq: Ал енді қазіргідей әлемдік эпидемиологиялық дағдарыс кезінде қандай шаралар атқарылып жатыр?
Ұ.Қажыкен: Пандемия жағдайында шаралардың көбісі цифрлық форматқа көшірілген. Қазіргі жағдайда Фейсбук және басқа әлеуметтік желілер арқылы құқықтық сауаттылықты арттыру кеңінен жүргізіліп жатыр. Бұл жағдайда БАҚ қызметі үлкен үлесін қосуда: соттармен бірге құқықтық сана-сезімді және мәдениетті дамытуға арналған бағдарламалар іске асырылады. Жаңа оқу жылына онлайн дәрістер, студенттермен кездесулерді жоспарлаудамыз.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл Жамбылқызы