Құқықтық мәдениеті биік мемлекеттің болашағы жарқын

28 маусым, 11:53

Жуырда түрлі ескертулерге қарамастан, Қызыл кітапқа енген даланың ерке гүлі –қызғалдақты жұлған азамат ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Қомақты айыппұл арқалады. Ал Италияға турист боп барған отандасымыз Помпей археологиялық саябағындағы үйдің тас қабырғасына өзінің атын қашап жазып, басы дауға қалды. Тарихи ескерткішті бүлдірген құқық бұзушы заң алдында жауап береді. Қос мысал ел тұрғындарының құқық тұрғыдан мәдениетті болуының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз қажет екенін үнемі айтып жүр. Президент биыл Ұлттық Құрылтай жиынында сөйлеген сөзінде ұлтымыз «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам» деген болатын.

Қоғамдық мәдениетті қалыптастыру әрбір жанның өзінен басталатыны белгілі. Мемлекетіміздің өркениетті жолмен дамуы үшін заң мен тәртіп үстем болып, қоғамда ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа төзбейтін ымырасыз көзқарас қалыптасуы тиіс. Бұған қалай қол жеткіземіз? Jasqazaq.kz порталы осы сауалды заңгер, психолог және қоғам белсендісіне қойып көрді.

Нұрболат Ибраев, заңгер:

“Заңгер ретінде менің ойым қоғамдық орындарға, аялдамаларға, автобустарға ескерту белгілерін орнатып қою керек. Көп адамдар қоғамдық орындарды ластауға қатысты заңның бар екенінен хабары жоқ. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 бабына сәйкес ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Мен өзім учаскелік полицей болып қызмет атқарған уақыттарымда байқағаным, көптеген қоғамдық орындарда бақылау бейнекамералары жоқ. Белгілі бір нысандарды ластап, бүлдіріп кеткендерді табу қиын. Қоғамдық орында темекі шегу, алкогольдік ішімдік ішуге қатысты тыйымдар жайлы ақпараттық белгілер жоқтың қасы. Қазіргі таңда 7 мың тұрғынның қоғамдық тыныштығын қамтамасыз ету үшін 1 учаскелік полицей қызмет атқарады. Алайда кейбір шағын аудандар 15-40 мың тұрғынға шаққанда 1 учаскелік полицей қызметкері тағайындалып жатыр. Бұл кадр аздығының да мәселесі. Егер олар жеткілікті болса, заң бұзғандарға хаттама толтырып, айыппұлдарын салып отыратын болса, мұндай теріс қылықтар азаяр ма еді.

Кезінде осындай заң бұзушылық іс-әрекеттерге қатысты хаттама толтырып жатқанда, «Ондай іске жаза бар ма?»- деп таңырқап тұратындар да болатын. Олар“Біз еркін өмір сүреміз, демократиялық елдеміз” деген секілді дүниелерді айтып ақталады. Алайда алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу, түкіру, темекі тарту — заң нағыз бұзушылық болып саналады.

Ал әкімдік бақылау бейнекамераларын барынша көп орнатып, қоғамдық орындарды ластамау туралы ескертпелерді көптеп іліп қоюға мүдделі болуы тиіс.

Бұдан бөлек, осындай түкіру, қоғамдық орынды ластау, темекі шегу, алкогольдік ішімдіктерді ішу сынды дүниелерді көріп қалған тұрғындар дерек 102 қызметін пайдалануы дұрыс. Ең болмаса, телефонның бейнекамерасына түсіріп алып, полиция қызметкеріне немесе электронды өтініш арқылы жолдауына болады. Алайда мұндай іс-әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберуге болмайды. Әлгі адамның да өз бейнесін әлеуметтік желіге рұқсатынсыз салынуына қатысты іс қозғауға құқы бар. Тек полиция қызметіне жүгінген дұрыс.”

Меруерт Айталы, психолог:

“Мұндай теріс қылықтардың артында үлкен тәрбиесіздік, өз-өзіне деген құрметінің жоқтығы жатыр. Осы уақытқа дейін өз-өзін сыйлайтын қымбат киініп, қымбат көлік айдаған адамдардың көлігінен немесе көшеде жүріп, түкіріп кетіп жатқанын көрген емеспін. Көбіне, жағдайы нашар, қоғамға, елге реніштері бар азаматтардан байқаймын. Оқыған, тоқыған, көреген жандар жан-жағына шуағын шашып жүреді. Ал теріс қылық танытатындар жаман энергияларды өзіне жинап алады.
Елін, жерін сүйетін жандар мұндай әрекетке бармайды. Бұл үшін — нөлдік төзімділік қажет. Қоғамдағы әрбір адам өз құқын пайдаланып, өз елінің патриоты ретінде осындай теріс қылықты көре қалса, ескертіп, болмаса бейнеге түсіріп, полицияға тапсыруы қажет. Сол кезде жөнге келеміз. Кішкентай әрекет арқылы үлкен жауапкершілік танытуы қажет деп санаймын. Бәлкім сол кезде, үлкен қылмыстардың алдын-алуымыз да мүмкін”

Бердімұрат Хасенұлы, қоғам белсендісі:

“Түкіріп, ластап жүретіндер қоғамда өте көп. Көрмей тұр, камера жоқ, әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ деп ойына келгенін істейді. Оларды “құқықтық негилистік адамдар” деп атаймыз. Сингапур алғашқылардың бірі боп үлкен көлемді айыппұлдар салу тәсілін қолданды. Одан бөлек, біздің елімізде де Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғаны үшін 10 миллиондап айыппұл төлеу жазасы берілді. Содан кейін біздің елде қызғалдақ жұлу тыйылды деп айтсам болады.

Біріншіден, заңды қатаңдату қажет. Бұрын шемішкі шағып, парктерді бүлдіріп кететіндер көп еді. Қазір оған тыйым барын біледі. Қоғамдық санада үлкен айыппұл салады деген қорқыныш пайда болды.

Екіншіден, өз ұрпақтармыздан ұялуымыз қажет. Олардың алдындағы жауапкершілікті ұғынуымыз шарт.”

Пікірлескен
Олжас Әбдіхалық

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген