«Құдаша қыз моладая». 500-ден астам «әнімен» мақтанатын «инкубатор» сазгерлер көбейді

30 қантар, 12:21

Бүгінде құлақ құрышын қандыратын әуезді ән азайып кетті. Жұрттың бәрі даңғаза музыкаға әуес. Әннің әуені емес, сөзіне де мән беріп жатқан ешкім жоқ. Осы орайда біз Түркістан өңірінде тұратын қаламы қарымды журналист әрі композитор Бекжігіт Сердәлімен арнайы сұхбаттасып, бүгінгі әннің жай-күйі жайында әңгіме өрбіттік.

Jas Qazaq: Бекжігіт Кенжебекұлы, «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, қазір тыңдасаң құлаққа түрпідей тиетін әндер көбейді. Саны көп, сапасы жоқ. Ұлттық эстрадамыздың бұлай ұсақталып кетуіне не себеп деп ойлайсыз?

Бекжігіт Сердәлі: Бірінші себеп, ықылым заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан халықтық ән қайнарынан айрылып қалғанымыз. Бүгінде, несін жасырамыз, халық әндерін тыңдаушылар сиреп барады. Одан гөрі әр жерден плагиаттап көшірілген алқын-жұлқын би әндерін тыңдаушылар көбейді. Халық әндерін тыңдамай, оның мән-мағынасы мен ішкі иіріміне қанықпай, оны жан дүниесімен сезінбей ән жазамын деу қылмыспен тең дер едім.

Өкінішке орай, қазір екінің бірі төрт-бес нотаның басын құрап ән шығарғыш болып алды. Әннің ырғағы да сақталмайтын болды. Өз әнін өзі «плагиаттап», күнде алты әуен жазбаса басы ауыратын, 500-ден астам «әнін» мақтан ететін «инкубатор» сазгерлер көбейді. Өмірінде бірде-бір халық әнін тыңдамаған ән жазғыштардың ойлайтыны – «хитмейкер» болу, тез танылып, «жұлдыз» атану, ар жағында миллион «лайк» жинап, ақшаның астында қалу. Әуенінің бірінші қатары 6 буын, екінші қатары 8 буын, үшінші қатары 5 буын, төртінші қатары 11 буын ән тудырып, мұндай «есалаң» бунақтарға сөз жазар жөні түзу ақын таппай, өзі «ақын» бола салатындар да көбейді. Не буыны, не ұйқасы жоқ осындай әуендерге сөз жазып беріп жүрген ақындарға таң қаламын!
Әуен өңдегіш компьютерлік технология шыққалы бері біз тіпті төл ән-әуенімізден айрылып қалдық. Себебі күйсандықта отырып, не болмаса қолына домбыра, гитара ұстап ән тудырушылардан гөрі, компьютер басында отырып-ақ дайын музыка дыбыстары мен ұрмалы аспаптардың шаблондарын тректерге қаз-қатар тізе қойып, ыңылдап ән шығарушылар жеңіл жол тауып алды. Ырғағы даңғаза биге жақын болған соң ба, сол әуендер өтімді болып тұр. Әншілер де соларға құмар.

Jas Qazaq: Қазір әннің сөзі сүзгіден өтпейді. Кей орындаушы оның сазын да, сөзін де өзі жазады. Қалай ойлайсыз, ән жазу кім көрінгеннің ермегіне айналып кеткен жоқ па?

Бекжігіт Сердәлі: Осы салада жүргеннен кейін мәдени іс-шараларда көбірек отыруға тура келеді. Сонда байқайтынымыз, сахнаға ұсынылар бағдарлама репертуарына жергілікті концерт ұйымдастырушылардың жүрдім-бардым қарайтыны. Халық талғамына бірде-бір халық әні ұсынылмайды, не әні, не сөзі келіспеген жеңілтек әндер көбірек еніп жатады. Бұл концерт бағадарламасын алдын-ала бекітіп алатын кәсіпқой көркемдік кеңестің жоқтығы. Барлығы сол концертті ұйымдастырушы жалғыз адамның таным-талғамымен шешіліп жатады. Осыдан кейін «қазіргі жастар жақсы ән тыңдамайды» деп қалай өкпелейміз.
Әнін де, сөзін де өзі жазатын композиторлардың көбейіп кеткені рас. Бұл олардың өз әндеріне деген жанашыр көзқарасының жоқтығы. Мысалы, қаншама ғажап әндер туғызған Шәмшінің өзі өмірінде бір ғана әніне сөз жазыпты. Жазса, тәп-тәуір-ақ жазатыны байқалып тұр. Бірақ жазбаған. Тек ақындарға ғана жаздырып отырған. Себебі әр әннің өз характері, өз табиғаты, өз иірімі болады. Сондықтан оның салмағын тек әнге сөз жазып жүрген ақындар ғана терең ұғына алады. Ал «өзім-ақ сүйкей саламын» деу әуені мен мәтінінің үйлеспей қалуына әкеліп тірейді. Әлгіндей буын мен бунақтың үйлесім таппай жататыны содан. Ақынның – ақын, сазгердің – сазгер күйінде қалғанын дұрыс көремін.

Jas Qazaq: Соңғы кезде қазақ тіліндегі әндерге орысша, ағылшынша сөздерді араластырып айту да көбейіп кетті. Ақынға қоятын белгілі бір талаптарыңыз бар ма? Бұл тұрғыда не дейсіз?

Бекжігіт Сердәлі: Қазіргі «хит» әндердің кез-келгенін тыңдаңыз, ырғағы биге тартып тұрғанымен, сөзінде титімдей де мағына жоқ. Ән сөзін өзге тілмен шұбарлау да «сәнге» айналып барады. Кез-келген ортада, той-томалақта халық қайта-қайта өтініп сұрап, ойнатып жүрген «Балқия» әнінің бір шумағын ғана мысал етейік:
Кездестік біз сол кеште тойда,
Дедім бірден: «Она моя»!
Жүрмейді екен жүрекке айла,
Құдаша қыз моладая.
Билеп шықтым ортаға қарай,
Құдашаға құшақ жая.
«Ей, қарындас есімің қалай,
Дорагая»!
Бұл әннің сөзін жазған ақынды осал ақын дей алмаймыз. Мұнда ақынның әнші талғамына алданып, «хит» іздеу, тілі шұбар жастарға «ұнау» синдромы басымырақ болғаны байқалады. Мұндай әндер мысалға келтірсек өте көп. Ұлттық намыстың жоқтығы, талғамның төмендегі, міне, бізді осындай тығырыққа тіреп отыр. Ән тудырушы тыңдар халықтың талғамынан алыстай бастаған кезде оның шығармасының ғұмыры ұзақ болады деп айта алмаймыз.

Jas Qazaq: Композитор ретінде қандай әндерге мән бересіз? Сіз үшін ән шығаруда ең маңыздысы не?

Бекжігіт Сердәлі: Өзіңіз қолыңыздағы смартфоннан, не болмаса радиодан талай ән тыңдап жүрген шығарсыз. Сізді қайдам, өз басым алғашқы нотасы естілгеннен-ақ қай халықтың әні екенін шамалап біліп ортырамын. Өзбек, қырғыз, грузин, түрік, араб, саха т.б. халықтардың композиторлары өздерінің әуендерінде ұлттық колориттерін негіздеп алған. Олар сол халыққа ғана тән әуен иірімдерін қоспай ән тудырмайды. Бұрын бізде де солай болған. Кең тынысты Біржан, Ақан, Мұхит әндері естілгеннен-ақ қазақ ән-әуені екенін көш жерден ел танитын. Әміре Парижде «Балқадишаны» әуелете шырқағанда, Еуропа жұрты не үшін таң қалды дейсіз? Қазақ әнінің кең тынысты диапазонына бас иген болатын. Қазір ше? Кімнің әуені араласпай жатыр бізде? Мұхиттың арғы жағындағы латын американ әуені дейсіз бе, араб әуендері ме, өзбек әуендері ме, бәрі-бәрі бір-біріне міңгесіп, қойыртпақ болып жүр. «Мынау қазақ әні!» деп біреу шұқып айтпаса, ажырата алмайтын күйге жеттік. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, біз өзіміздің төл әуенімізді әнімізге өзек етіп алмай, әуесқой композиторларымыз өзінің қазақ әнін тудырушы тұлға екенін сезінбей, таяу он-он бес жылда «қазақ әні» деген құндылығымыздан мүлдем айрылып қалуымыз бек мүмкін. Ән шығарудағы ең маңызды критерий осы.

Jas Qazaq: Қазір жастарымыз жеңіл-желпі әндерге әуес. Одан бөлек, бірыңғай тойға арналған әндер де қаптап кетті. Бұл қазіргі тыңдарманның талғамы ма? Әлде біз ескі де есті әндердің тыңдаушыларын жоғалтып алдық па?

Бекжігіт Сердәлі: Жастардың, әлгінде айтқандай, күндіз-түні құлақтарына құлаққаптарын тығындап алып тыңдайтыны – шетел әуендері, болмаса өңі айналған кавер әндер. Неге? Олардың талғамы өзгерді дей алмаймыз. Насихат жоқ! Қазақ әндерін жастар арасында насихаттайтын жүйе қалыптаспаған бізде. Мен өз студенттеріме әр сабақ соңында, сабақтың бітуіне бес минут қалғанда, бір халық әнін тыңдатып дәрісті аяқтайтын эксперимент жасап көрдім. Басында кейбір жастар құлықсыз тыңдағанымен, төрт-бес дәрістен кейін «Халық әнін тыңдамаймыз ба?» деп өтініш жасайтын күйге жетті. Ал семестр соңында көпшілігінің халық әндерін сүйіп тыңдай бастағанын сездім. Демек бізге халық әндерін, қазақ композиторларының әндерін жастар жиірек отыратын Инстаграм, не болмаса Тик-Ток сияқты әлеуметтік желілерде көбірек насихаттау тетігін табу керек.

Бүгінде біріңғай тойға арналған билейтін шығыс үлгісіндегі әндердің қаптап бара жатқаны рас. Тіпті сол тойда домбырамен, не гитарамен баяу ән айтыла бастаса, жақтырмаған кейіп танытып, тыңдамайтын күйге жеттік. Міне, біз осылай қазіргі тойшыл қауымның талғамын елірме әндерге үйретіп алдық. Осыдан келіп Ютубта сол елірме әндерге лепіре билеген адамдардың жасырын сыртынан түсіріп алған бейнежазбалары шыға қалса, уылған-шуылған боп ренжіп жатамыз. Менің түсінігімде, той – ағайынмен ай-жылында бір көрісіп демалатын орта. Сондықтан ол жерді азан-қазан шуға айналдырмай, елді секектетіп билетпей, есті ән тыңдап, ақжарма тілек тыңдап, демалып қайтатын шараға айналдыру жағын да қамдауымыз керек.

Jas Qazaq: Сіз журналистика мен композиторлықты қатар алып жүрген жансыз. Дегенмен бүгінгі сұхбатымыз сіздің композиторлық қырыңызға бағытталды. Қазір шығармашылықпен айналысып жүрсіз бе?

Бекжігіт Сердәлі: Ән жазғымыз келеді-ау. Өкініштісі, өзіңіз айтқандай, бүгінгі ән тыңдарманының талғамынан шығу қиын. Сондықтан анда-санда көңілге келген әуенді нотаға түсіргеніміз болмаса, былай көп ән жаза бермейміз…

Jas Qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс