– Қонаевтың үйіне барамыз!..
Кезекшіліктен кейін әдеттегідей түсті аударып, редакция табалдырығынан аттағаным сол еді, дәліздің арғы бетінде есікпе-есік көрші отыратын Мұғалімбай ағам тура осылай деп дауыстап, қол бұлғап, өзіне шақырды.
Шынымды айтсам, күтпеген тосын жаңалық, аңтарылып қалдым. «Қонаевтың үйіне барамыз!» Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейінгі «Қонаевқа шабуылдың» сәл-пәл тойтарылған тұсы болатын бұл. Ол кісі туралы қазақстандық орыс тілді БАҚ жақ ашып ештеңе айтпай да, көсіліп ештеңе жазбай да қалған. Өте бір күмәнді пауза дерсің! Мәскеу басылымдары да аяқ-астынан әлденені қыжыртып, айды аспанға шығарып «рушыл, жершіл, ұлтшыл Қонаев» туралы төпелетіп жазатын бей-берекет сын мақалалар легін сиреткен… Редакциядағы аузы дуалы ағаларымыздан біздің естігеніміз: «Мәскеудің қадалған жерден қан алып, көпе-көрінеу қысым жасағанына қарамастан, Дінмұхамед Ахметұлы атына жабылған барлық жаманат-жаладан арылып, орынсыз сыннан құтылыпты. Аққа – Құдай да жақ! Димекеңдей қолы таза жандар бұ дүниеде кемде-кем ғой…» Соған қарамастан, Қазақстан басшылығы әлі де Мәскеудің «түшкіргенін» тосып, жалтақтайтын сияқты, бір сөзбен айтқанда, мемлекет Қонаев болмысы туралы әлі де нақты бір шешімге келе алмай жатқан кезең болатын…
Сол күн – 1990 жылдың 20 сәуірі еді.
«Димекеңнің кемпірі Зұхра жеңгеміз бүгін дүние салыпты, соған көңіл айтуға барамыз». Мұғалімбай ағамның сабырмен, салмақтап айтқанынан ұққаным, қазіргі елдегі саяси ахуалға қатысты ол үйге екінің бірі көңіл айтып бара бермейді. Бірақ облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ізбасар Балтағұловтың «дәнекерлік көмегімен» біздің облыстық «Жетісу» газеті ұжымының іріктелген өкілдеріне рұқсат беріліпті. Редакциядағы теңдессіз ұстазымыз – керемет сын мақала жазудың шебері Жолдасхан Бозымбеков ағамның СОКП Орталық Комитетінің қазаққа деген теріс көзқарасының өршіп, күйіп тұрғанына қарамастан, Қазақстанда ұлтшылдық, жершілдік-рушылдық қасиеттердің жоқтығын баса көрсетіп, жазықсыз жапа шеккен Мемлекеттік университеттің (КазГУ) ректоры Жолдасбековты, кейін, халық шаруашылығы институтының (Нархоз) ректоры, ғажайып-ғалым Мамыровты ақтап «Жетісу» газетінде жазған өткір мақалаларының да әсері болды ма екен деген ой санамда жылт етті! Ақылман ағаларымыз редакция атынан көңіл айтуға баратын топқа кейінгі жас толқыннан Молдахан Мұқатаев, Көлбай Адырбеков пен осы жолдардың авторын қосуды қалапты. Жүрек аттай тулап қоя берді… «Бала, Патшаның үйіне бармыз!..» деген Мұғалімбай ағамның даусы да құлақты жаңғыртып барады!
Сонымен, сәуірдің ұмытылмас сол бір кеші.
«Жетісудың» айбарлы аға буын өкілдері – Мұғалімбай аға Жылқайдаров, Жолдасхан аға Бозымбеков, Шекербек аға Садыханов, Қожан аға Есжанов редактордың үкіметтік «АТГ» сериялы ақ «Волгасына» жайғасып, біз Көлбай екеуміз Молдахан Мұқатаев ағамның аспан түстес көк «Жигулиіне» мінгесіп, Виноградов пен Фурманов көшесінің қиылысындағы Қонаевтың сәмбітал аралас қарағаймен көмкерілген екі қабат үйіне Төлебаев көшесінің жағынан келіп, табан тіредік. Қас қарайып қалған. Үлкен үйдің бұрышынан алдымыздан шыққан кісіні қаракөлеңке болса да даусы мен сұлбасынан таныдым, облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Ізбасар Балтағұлов. «Ә, Мұқа, келдіңіздер ме?» деген хатшы тыпыршып дайын тұр екен, дереу жол бастады. Үйдің сыртын айналып, есіктің алдына жеткенше «Түске дейін Нұрекең келіп көңіл айтты. Сол-ақ екен, Димаш Ахметиштен теріс айналып, одағайлап келуге бата алмай жүрген бүкіл ОК-тің, Кабминнің, министрліктердің адамдары топ-тобымен келіп, есіктің алдын босатпады. Соңғылары жаңа осы әлгінде кетті… – деп, мән-жайдан ақпарат беріп үлгерген хатшы, – Димекеңе «Жетісудың» журналистері келеді деп ескертіп қойғанмын» деді. Оған бәріміз үшін Мұғалімбай аға өзімізге ежелден етене таныс «Ә-әә…»-сімен жауап қатты. Қаракөлеңкеде екі-үш адамнан топтасып, әр-әр бұрышта сырт қарап тұрған адамдар сұлбасына иегін меңзеген Молдахан ағамның да білмейтіні жоқ, Көлбай екеумізге еңкейе сыбырлап, «комитетшілер» деді.
Өте таңсық әрі бейтаныс көріністің алғашқысы – табалдырықтан ішке аттағанда сол қанатта шынысы қабырғамен бірдей үлкен бөлмеде жалғыз милиционердің отырғаны еді. Отырған орнынан тік тұрып қолын шекесіне апарды. Көшбасшымыз Балтағұловқа жасаған ізеті. Осылайша облыс хатшысының соңынан ерген бойы, тобымызбен жәйлап басып, асықпай екінші қабатқа көтерілдік.
Емен есігі айқара ашық тұрған бұрыштағы бөлмеден теледидар мен радиодан құлағымызға дыбысталу мәнері әбден таныс Қонаевтың ерекше дауысын анық естідім… Қазақша сөйлеп жатыр! Қызық, өз басым ол кісінің, елбасшысының қазақша сөйлегенін бірінші рет естуім!..
Екі қабырғасы түгелдей кітап қойылған сөрелерге сіресіп тұрған кең бөлмеге келіп кірдік. Жерге төселген қалы кілемнің түгі мұндай қалың болар ма, аяқ киімсіз тұрған май табаным оны да сезе қойды. Үлкен кісі кітап сөресіне арқасын беріп тұр екен. Балтағұлов: «Димаш Ахметиш, бұл кісілер өзіңіз білетін «Жетісу» газетінің жігіттері, журналистері» деді де, тездетіп кері шегінді. Алдымен Мұғалімбай ағам, одан Жолдасхан ағам Үлкен кісіге жақындап «Димеке, Зұхра жеңгеміздің иманы саламатта болсын…» деп көңіл айтты. Одан соң кезекте тұрған қалғанымыз сол сөзді қысқарта қайталап, Димаш ағамыздың қолын алдық. Байқағаным: бойы екі метрден кем емес, қолы, аппақ саусақтары мұндай ұзын болар ма?!. Жеңді ақ көйлегінің сыртынан арқа тұсы жылтырақ қара матадан тігілген жилет киіпті. Қыры сынбаған қара шалбар. Менің табанымды қытықтаған қалы кілемнің үстінде жылтыраған қап-қара туфлимен емін-еркін, бойын тік ұстап тұрды. Өз ортамызда әманда батыл көрінетін арқа сүйер ағаларымыздың өзі әлгі айтқан алғашқы көңіл айту сөзінен басқа ләм деместен, қатар тізіліп тұра-тұра қалды. Үнсіздік басты. Бәріміздің де қатты толқып тұрғанымыз анық… Қалай дегенде де, бейнесі мен дауысы теледидар мен радиодан, аты-жөні баспасөзден ғана таныс, Қазақстанды жиырма жылдан астам басқарған күллі елге құрметті азаматпен, Кеңес Одағының Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшесі, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының ОК бірінші хатшысы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдастың өзімен… өмірімізде бірінші рет бетпе-бет кездесіп, жүздесіп тұр емеспіз бе?!.
Әлгінде… терезеге жақын, төрде бір-біріне қарама-қарсы қойылған арқалы екі орындықта әңгімелесіп отырған екі апа біз бөлмеге кірген сәтте сөздерін доғарып, тына қалған. Аз-кем үнсіздіктен соң басын көтерген Димекең сол кісілер жаққа қарай қолын соза:
– Сіздер білулеріңіз керек, біз Олжас Омарұлы Сүлейменовпен жақсы қатынастамыз. Мына кісі сол ақын інімнің анасы Фатима Насыржановна! – деді. Рең-басы келіскен, аппақ, әдемі, жылы жүзді апа «Жетісу» газетінде ертеректе редакторлық қызмет атқарған Әбдуәлі Қарағұловтың бейнесін бірден көз алдыма елестетті. Әбдуәлі ағамыз да аппақ, әдемі кісі. Олжекеңнің әкесі… Кейде басшыларымыз редакция машинасымен ол кісіні мекемеге арнайы алдыратын. Бас редактор Баймолда аға Мусин өзінің кең бөлмесіне редакция жастарын жинайтын да, Әбдуәлі ағамыз өзінің «Сәтті ойлар сағаты» атты журналистік-тәжірибе лекциясын оқитын… Ағаларымыздың бір ауыздан «Иә, бұл кісіні танимыз» деуінің сыры сонда.
– Ал мына кісі – Зұхра Шәріповнаның сіңлісі… – деді, көкшіл көзді, бұйра шашты, бетінде ішінара секпілі бар, жылы жымиған апамызды таныстырып.
– Ал, енді дастархан басына жүріңіздер.
Мұғалімбай ағамның «Димеке, біз бар болғаны өзіңізді бір көріп, көңіл айту ниетімен ғана келген ек, дастарханға, рахмет» дегеніне қарамай Димекең: «Жо-жоқ, оларыңыз не, жаюлы тұрған дастархан ғой, Құран оқылған, дәм ауыз тиіңіздер!» деп аяғындағы қап-қара туфлиін жалт-жұлт еткізіп, кілт бұрылып, алдымызға түсті де, есігі айқара ашық тұрған үлкен бөлмеге жол сілтеді. Қазақстандағы компартия көсемінің аузынан «Құран оқылған» деген сөзді естігенімізге де таң-тамаша қалып келеміз…
КСРО-ның социалистік тұрғыдағы мүдделесі – Румыния мемлекетінде ғана жасалатын ерекше өрнекті орындықтармен қоршалып қойылған ұзынша сопақ үстелдің үсті тәтті тағамға лық толыпты. Бауырсақ салынған биік фарфор тостағандар да көз тартады. Әріптестердің қолқалауымен, Димекеңнің де дауыстап «төрлетіңізімен» Мұғалімбай ағам төрдегі арқасы әдемі матамен көмкерілген өрнекті бас орындыққа жайғасты. Осы арада мен ағамның екі бетінің алаулап кеткенін байқадым. Әлгіндегідей емес, әріптестер де ортаға бой үйрете бастаған секілді, сыбырлап «шуылдасып» «Мұқа, Мұқа…» десіп жатыр…
Орынтаққа жайлы жайғасқан Мұғалімбай ағам бұл жолы Үлкен кісіні аты-жөнімен әрі қазақша атады.
– Димаш Ахметұлы… өзі бұл орындықтардың айрықшалығын ішіміз сезіп те тұр, кімдер отырғанын айтпаса да, долбарлап біліп отырған сияқтымыз…
Бәрімізді жайғастырып, үстелдің екінші басында өзі сол қалпында тік тұрған Димекең жайдарылана күліп алды.
– Иә, Мұқа, дәл үстінен түстіңіз… Сіз отырған орындық – Леонид Ильичке тиесілі… (Леонид Ильич Брежнев – КСРО мемлекетін 18 жылдай басқарған мемлекет қайраткері – авт.)
Сопақша үстелді айнала кезегімен жайласып отырған жұрт қозғалақтап кетті. Бәсең дауыспен болса да бәрі біркелкі күлісіп, Мұқаңа құтты болсын айтып жатыр… Той-томалақта тек шампан ішетін, тек шампан ішкенде ғана екі бетінің ұшы қызаратын Мұғалімбай ағамның алаулаған жүзі алабұртып, көпке дейін басылмады.
– Қазақстанның соңғы бір мерейтойлық мерекесіне социалистік мемлекеттердің бірқатар басшыларын Алматыға Леонид Ильичтің өзі бастап келген, – деген Дінмұхамед Ахметұлының жады да зор екен, Мұқаңнан өзге алтауымызға кім-кімнің орнына отырғанын тізбектеп айтып берді. Менің есімде қалғаны – бүгінгі мен отырған осы орындықта Поляк Халық Республикасы Компартиясының Бірінші хатшысы Эдвард Герек жайғасқан екен. Түс көргендей болып, «әркім өз орындығымен алысып» бәріміздің басымыз айналды да қалды. Мұндай да болады екен! Әрине, әрине… «жабық мемлекетте» өмір сүрген халықтың сол кезеңдегі көңіл-күйін, бүгінгі күн өлшемімен безбендеу, тіпті де мүмкін емес-ау!
Тағы да қызық, тағы да таңсық көрініс… Ол кезде, иә, ол кезде кейде бір теледидардан белгілі бір мәртебелі жиналыстардан бет-бейнесін бір рет көріп, титрлерінен аты-жөнін байқап, жадыңда сақтап қалатын көз таныс бейнелер болатын. Шашын төбесіне шөмеле етіп түйген (сол кездегі мәдени ортадағы кең тараған мода), көзілдірікті, аққұба өңді, толықша, орта бойлы, ақ жағалы қара камзолды, көйлегінің етегі тізесін жапқан біртекті киім үлгісіндегі орта жастан асқан әйел дастархан басына шәй алып келді. Басына жұқа ақ шәлі, омырауынан төмен алжапқыш жапқанымен өз басым бет әлпетін шырамытып, БАҚ-тан таныс тұлғаның кім екенін анықтай алмай аңтарылып отырғанмын. Таныс-бейтаныс бейне «Қазақстан әйелдері» журналының мұқаба бетін еске түсіріп тұр-ай, кі-імм…
– Сіздер білулеріңіз керек, бұл кісі академик Ләйла Мұхтаровна, біздің келініміз, атақты жазушы Мұхтар Омарханович Әуезовтің қызы!..
Димаш Ахметұлы кімді әңгімеге қосса да аты-жөнін орысшалап, түгендеп айтады екен, партиялық тәртіптің әбден қалыптасқан дағдысы ғой…
Көпті көрген ағаларымыз ол кісіні танитындықтарын сездіріп, бас изесті. «Академик-келін» де сыпайы ғана сәл бас иіп, бәрімізбен сәлемдесті.
Осы жерде тағы да бір қызық оқиға болды…
Димекең әлдене жайлы дауыстай әңгімелей жүріп, Ләйла Мұхтарқызының қолындағы төрт бұрышты күміс легеннің үстінен шәй құйылған кесені еппен алып, қасында отырған Көлбайға берді. Қапелімде сасқалақтап қалған Көлбай кесені Димекеңнің өзіне қайтарып: «Өзіңіз алыңыз, аға…» деді. Қонаев: «Ала ғой, қалқам!..», Көлбай: «Ж-жоқ, аға… өзіңіз алыңыз-з…»
Осы уақытта ту сырттан Шекербек ағамның даусы шықты: «Көлбай… бері қарай, бізге қол жалғап жібер…»
Мәселе шешілді. «Үһ-һ!..» Патшаның қолынан, академик-келін құйған шәй іштік! Толқыдық, қобалжыдық… Бірақ сол бір оқиға – көрініс-суреттер мәңгі есте сақталып қалды. Сервант үстінде тұрған үлкендігі самауырдай фарфор құмыраға Димаш Ахметұлы мен Зұхра апамыздың бас түйістіріп аспан түстес көк бояумен салынған суретке дейін мен секілді «түк көрмеген, қараңғы» кеңестік-халық өкілдерінің аузын аштырып, көзін жұмдырды, несін айтасыз?!.
Димекеңнің өзі дастархан басына отырған жоқ. Бәріміз сол кісінің аузына қараймыз. «Социалистік Қазақстаннан» бастап «Қазақстан пионеріне» дейін әр нөмірін жібермей, сүзіп оқитынын айтты ол кісі! «Қазақ тілді газеттердің ішінде «Жетісудың» Қазақстанға белгілі азаматтарды ақтап жазған сол мақалаларын да оқып шықтым. Шындығы керек, редакторларыңызға сәлем айтыңыздар, қазіргі қазақ газеттерінің ішінде «Жетісу» алда тұр. Әлгі мақалалардың авторы жапа шеккен жоқ қой, әйтеуір?!» дегенде үстел басында отырған күллі «жетісулықтар» арқаланып, бойымызға қан жүгіріп, қомпаңдап қалдық. Мұқаң үстел үстінен қолын созып, оң қанатта бірінші болып отырған Жолдасхан ағам жақты меңзеді:
– Ол мақаланың авторы алдыңызда отырған мынау азамат ініңіз Жолдасхан Бозымбеков!
– Бәре-келдее…Өте жақсы. Жөкеңді білем ғой… Өте дер кезінде, әділ жазылған дүниелер… – деді Димекең.
«Жөкеңді білем ғой…» Бір ауыз сөздің құдіреті-ай…
Соған қарағанда, Димаш Ахметұлының өз басы да ақпарат саласында болып жатқан көп жайттан хабардар шығар-ау деген ой топшыладық. Сопақ сәнді үстел басында отырғандардың барлығының назары енді бірден Жөкеңе ауды. Жөкең ағамыз қашан да сол бірқалыпта ғой. Қайсарлықтың белгісіндей ұйысып біткен қайратты бозқырау шалған қалың шашы әдеттегідей әдемі артқа қайырылып тастаулы. Кішкене өткір көздерін Бас әңгімешіміз – Димекеңе қадап, селт етпестен сабырлы отырды. Қазақстандағы қалам ұстаған барлық әріптеске бұ Жөкеңнің есімі жақсы таныс. Мәскеудегілер де… 1970-інші жылдардың аяғы болса керек, КСРО-ның бас газеті «Правданың» меншікті тілшісін ақиқаттан алшақ кетіп өтірік жазғаны үшін «Жетісу» газетінде «Кенеден келген кесел» атты фельетонымен «өлтіре» сынаған осы Жөкең ағамыз емес пе?! Сол үшін өзі де жұмыстан қуылады. Жергілікті (Алматы облыстық) партия комитеті «Правда» мен оның тілшісіне шаң жұқтырмай, ақиқатты іздеген өз тілшісін нақақтан-нақақ құрбан етіп, «жаудың» аяғына жығып берген ғой. «Мәскеу түшкірсе, Алматының тұмауратып жатып қалатын кезі», Жолдасхан Бозымбековтің ақиқаттың ақ туын көтерген мақаласы өзіне кесел болып жабысқан. Мәселе былай болған: ғылым жолына түскен алматылық В. есімді бір бикеш кене туралы ғылыми еңбегінде тәжікстандық әріптесінің бірнеше жыл бұрын жазылған диссертациясын айна-қатесіз көшіріп алып, ғылым кандидаттығын Мәскеуде қорғаған. Ол еңбекті «Правданың» тілшісі аспанға шығара дәріптеп, «плагиат-авторын» мадақтап мақала жазған. Жолдасхан ағам тілшінің мәскеулік лауазымына қарамастан, «көшірме» туралы асығып жазып, асылық жасағаны үшін оны аяусыз сынға алады. Мақаланы асықпай зерттеп жазудың шебері еді ғой, қайран Жолдасхан ағам! Редакциядағы жастар жағы әрдайым Жөкең ағамызға еліктегіміз-ақ келетін… Ағамыз шын мәнінде, баспасөз саласының қаламы өткір нағыз көзсіз батыры еді! Кеңес Одағы тұсында ел басқарып отырған Орталық Комитеттің бас басылымының тілшісін сынау ОК-нің өзін қаралау емес пе, ойбай?!
Қысқасы… Мәскеудегі ОК жанындағы Партиялық бақылау комитетінің «кенеге қатысты» арнайы ұзақ құрылған, ұзақ тексерген комиссиясының әділетті атқарған жұмысының арқасында Жолдасхан ағам араға уақыт салып, қолына қаламын қайта алады… «Бүкілодақты шулатқан» қайсар қаламгер Жолдасхан аға Бозымбековке қатысты ол оқиғадан ел басқарып отырған Димаш Ахметұлының хабарсыз болуы әсте мүмкін емес-ті. Дегенмен әңгіме осы жерден басқа бағытқа қарай өрбіді.
«Қазақстан қазір ауыр халде, өндіріс тұралаған, азық-түлік тапшылығы сезіліп тұр. Бірақ, сіздер маған сеніңіздер, бұл қиындықтан шығуға еліміздің – Қазақстанның әл-ауқаты да, шамасы да, былайша айтқанда, мемлекеттік қоры жетеді. Халыққа сабыр айтыңыздар. Газеттеріңізге осы туралы көбірек жазыңыздар. Бәрі де уақытша туындаған қиындықтар ғой», – деген кешегі ел басқарған елеулі азаматтың сондағы өсиет сөзі мен аманаты есімізде…
Дастархан басында жалғыз Жөкеңнен басқа бір адамға мадақтаудан басқа, мақтау немесе даттау айтылмады. Тек әлденеше рет Зұхра апамыздың жан-жүрегі жадыраған тамаша жан екені еске алынды.
Ләйла Мұхтарқызы ас үйден қайта оралып келгенде Димекең: «Ет дайын болып қалыпты» деді. Ағаларымыз бірауыздан, бірдауыстан «шу» ете түсті. «Жо-жоқ, рахмет!..»
Ең үлкеніміз әрі бүгінгі сапарымыздың белсенді көшбасшысы Мұғалімбай ағам Димекеңнің рұқсатымен сөз алып, алдымен ол кісіге алғысын білдіріп, сосын қолын жайды. «Бұл шаңырақта ендігі жерде қуаныш болсын, дастарханына ырыс толсын, Зұхра жеңгеміздің жатқан жері жаннатта болсын» деп бата берді, бәріміз бет сипадық.
Өң мен түстей болған осынау уақыт мөлшерінің тәмамдалар сәті де келіп жетіпті! Кезегімізбен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қолын қысып, қоштастық. Тарихтың қолын қысып тұрғанымызды білмедік…
Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы