Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметке берген тапсырмасында атап өткендей, елде тұрғын үй мәселесі – әрқашан басты назарда болуы тиіс, ал мемлекеттің міндеті осы бағытта нақты және тиімді шешімдер қабылдап, жүзеге асыруда жатыр.
Мемлекет басшысы: «Біз өткен жылы рекордтық 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салдық, бірақ басты назар – бастапқыда ауылдарға, моноқалалар мен өңірлерге аударылуы тиіс», — деді. Сондай-ақ тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау және барлық құрылыс үдерісін цифрлық форматқа көшіру қажеттігін ерекше атап өтті: «Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет».
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытындағы өзекті жоспарлар мен әдістемелер жайлы Jas Qazaq тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй‑коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Мұратұлымен сұхбаттасты.
– Бақытжан Мұратбекұлы, қазіргі таңда құрылыс сапасына техникалық бақылау қалай жүргізіледі? Жаңа үйлерде жиі кездесетін ақауларға байланысты қандай шаралар қарастырылған?
– Министрлік мемлекеттік бақылауды күшейту бағытында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, құрылыс сапасына қатысты талаптарды қатаңдату мақсатында жаңа тәсілдер әзірленіп, саланы цифрландыру және автоматтандыру процестері қатар жүргізілуде.
Осыған байланысты «жедел ден қою шарасы» атты қадағалаудың жаңа формасы енгізілді. Бұл механизм арқылы құрылысқа инспекция уақтылы жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда құрылыс қызметін тоқтата тұру, лицензиядан айыру, тіпті тыйым салуға дейін шара қабылданады. Бұл тетік Кәсіпкерлік кодекстің 136-бабы және «Қазақстан Республикасындағы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 31-3-бабында нақты көрсетілген.
Құрылыс барысын жергілікті жерде мониторингтеу тетігі жетілдірілді. Бұл жобалық шешімдерден ауытқыған немесе заңсыз құрылыс нысандарын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Осы жұмыстар шеңберінде біз «e-Qurylys» атты бірыңғай ақпараттық жүйені енгіздік. Бұл жүйе құрылысқа қатысатын барлық тараптардың (тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушылар) жұмысын автоматтандыруға және құрылыс процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қолданыстағы заңнама меншік иелеріне ғимаратты қауіпсіз және сапалы пайдалануды міндеттейді. Сонымен бірге жылына екі рет (көктемде және күзде) ғимараттарды техникалық тексерістен өткізу талап етіледі. Егер ақаулар анықталса, оларды мердігер өз есебінен жоюға міндетті. Бұған қоса, кепілдік мерзімі ішінде пайдалануға берілген нысандарды тексеру және ақауларды реттеу ісі тапсырыс беруші мен мердігер ұйымның бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылады.
– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынып жатқан үйлердің сапасы мен қауіпсіздігіне мердігерлердің жауапкершілігі қандай деңгейде?
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан үйлерге қойылатын талаптар өте жоғары. Құрылыс сапасын арттыру, заң бұзушылықтардың алдын алу, жауапты мердігерлерді анықтау бағытында нақты шаралар қолға алынған. Құрылыс кезінде қандай да бір кемшілік немесе бұзушылық анықталса, мердігер жауапқа тартылып, тіпті лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Бүгінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 323-1-бабы негізінде жергілікті атқарушы органдардың да құрылыс процесіндегі кемшіліктері үшін жауапкершілігі көзделген. Сонымен қатар, жаңа Құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасын бақылау механизмдерін күшейтетін бірқатар өзгерістер қарастырылған.
– Қолжетімді баспана құрылысы бойынша биылға арналған мақсаттар қандай? Жылына қанша пәтер салынады деп жоспарлануда?
– Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023–2029 жылдар аралығында барлық қаржыландыру көздерін ескере отырып, жалпы көлемі 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – шамамен 1 миллионнан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз ету деген сөз.
2025 жылы 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде. Бұл шамамен 147 мың пәтер. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мәселен:
* 2023 жылы – 15,3 млн ш.м. (143,5 мың тұрғын үй),
* 2024 жылы – 18 млн ш.м. (күтілуде),
* 2025 жылы – 19,2 млн ш.м. (жоспарланған).
Мемлекет жыл сайын құрылыс алаңдарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік осал топтарға арналған арендалық үйлер салынып, кредиттік үйлер де ұсынылады. Бұл бағытта «2-10-20», «5-10-20», «Наурыз» және «7-20-25» сияқты жеңілдікті бағдарламалар тиімді жұмыс істеуде.
– Көпқабатты үйлердің құрылысында отандық құрылыс материалдарының үлесі қанша? Импортқа тәуелділік мәселесі шешіліп жатыр ма?
– 2024 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша құрылыс саласында отандық материалдардың үлесі 69,6%, ал импорт 30,4% құрады. Біз бетон, темір-бетон бұйымдары, құрғақ құрылыс қоспалары және ерітінділер сияқты негізгі құрылыс материалдарымен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырмыз.
Бұл бағытта өндіріс көлемін одан әрі арттыру, жаңа зауыттар салу арқылы импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен азайту көзделуде.
– Құрылыстың қымбаттауына байланысты пәтер бағасын тұрақтандыру үшін қандай тетіктер қарастырылған?
– Жылжымайтын мүлік нарығы – өзін өзі реттейтін нарық. Бағалар жер учаскесінің құнына, инфрақұрылымның болуына, орналасқан жерге, сұранысқа және құрылыс шығындарына байланысты қалыптасады. Құрылыс шығындарының құрылымына келсек:
* құрылыс материалдары – 57%
* еңбекақы төлеу қоры – 17%
* жер учаскесі – 9%
* құрылыс техникасы – 6%
* инженерлік коммуникациялар – 3%
* абаттандыру – 2%.
Жеке құрылыс компаниялары бағаны өз маркетингтік стратегияларына сүйене отырып белгілейді. Ал мемлекет тек мемлекеттік тұрғын үйлер мен мемлекеттік инвестиция есебінен салынып жатқан жобалардың құнын реттейді.
– Мемлекеттік тапсырыспен салынып жатқан тұрғын үйлердің нақты аудандарға бөлінісі қандай?
– Бұл мәселе 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүйеленген. Тұрғын үй құрылысы көлемдері өңірлерге бірнеше негізгі қағидат бойынша бөлінеді: өңір халқының саны, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегі, инженерлік инфрақұрылым мен құрылыс алаңдарының дайындық деңгейі, бұрын бөлінген қаражатты игеру көрсеткіштері және құрылыс қарқыны.
Осылайша, бөлініс әр өңірдің қажеттілігіне қарай пропорционалды түрде жүргізіледі. Бұл аймақаралық теңсіздіктің алдын алуға бағытталған нақты әрі әділетті тәсіл.
– Қазіргі құрылыс нормалары мен стандарттары экологиялық және энергия тиімділік талаптарына сәйкес келе ме?
– Иә, құрылыс нормаларына экология мен энергия үнемдеу талаптары енді толығымен енгізілген. 2022 жылы осы бағытта 8 мемлекеттік норматив қайта өңделіп, бекітілді. Олардың қатарында:
* «Құрылыс жылу техникасы»,
* «Энергия үнемдейтін ғимараттар»,
* «Ғимараттардың жылу қорғанысын жобалау» және т.б. бар.
Осы құжаттар ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №233-НҚ бұйрығымен бекітілді. Бұл – елдегі жаңа құрылыс нысандарының барлығы энергия тиімді, экологиялық таза әрі заманауи талаптарға сай болуының заңнамалық негізі.
– Жас мамандарға, ауылдан келген азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Арнайы жобалар бар ма?
– Қазіргі таңда жас мамандар мен ауылдық жерлерден келген азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бірнеше мемлекеттік және өңірлік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда:
* «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары;
* Жекешелендіру құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үйлер;
* «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары;
* Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспаналар;
* Жергілікті атқарушы органдар мен «Отбасы банк» бірлесіп жүзеге асыратын өңірлік бағдарламалар.
Осы тетіктер арқылы жастар мен әлеуметтік осал топтарға нақты қолдау көрсетіліп отыр.
– Халықтың табысына сай арзан тұрғын үй үлесін арттыру бағытында қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?
– 2024 жылғы 22 қарашада Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын реформалау туралы Заңға қол қойды. Бұл заңда жалдамалы тұрғын үй мен жеңілдікті ипотекалық қарыздарды беру тетігі қайта қаралды.
Енді тұрғын үй көмегі азаматтардың табысы мен тұрғын үйге мұқтаждық есебіне тіркелу уақытына қарай көрсетіледі. Мысалы, жалдамалы тұрғын үй:
* 2 адамнан аспайтын отбасыға – егер табыс әр адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,5 есе (161 798 тг)аспаса;
* 3 және одан да көп адамнан тұратын отбасыларға – табыс 2 еселенген күнкөріс деңгейінен (92 456 тг)аспаса беріледі.
Ал табысы бұдан жоғары азаматтарға олардың табыс деңгейіне қарай 2%, 5% және 7% мөлшеріндегі жеңілдікті ипотекалар ұсынылады. Бұл – тұрғын үй алудағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.
– Құрылыс саласындағы бюрократиялық кедергілерді азайту үшін қандай реформалар қолға алынуда? Жобаларды мақұлдау процесі қаншалықты ашық?
– Құрылыс саласының ашықтығын арттыру және бюрократиялық рәсімдерді азайту үшін e-Qurylys платформасымен қатар, Жинақталған құжаттаманың бірыңғай порталы енгізілді. Бұл – құрылыс жобаларын келісу және бекіту үдерісін ашық әрі жедел етуге арналған жүйе.
Сондай-ақ құрылыс саласын толық цифрландыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. «e-Qurylys» жүйесі арқылы құрылысқа қатысушылардың жұмысы мен жауапкершілігі нақты тіркеліп, мемлекеттік бақылау да автоматтандырылып отыр.
– Сұхбатымыздың соңында, жалпы, ел азаматтары құрылыс саласындағы бұл реформалардан қандай нәтиже күтеді деп ойлайсыз?
– Басты мақсат – халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл тек құрылысты көптеп салу емес, оның сапасына, ұзақ мерзімділігіне және әлеуметтік әділеттілікке мән беру деген сөз.
Министрлік осы бағыттағы жұмысын жүйелі әрі үздіксіз түрде жалғастырады. Жаңа заңнамалар мен цифрлық жүйелердің арқасында тұрғын үй құрылысы саласындағы ашықтық пен бақылау тетіктері нығайып келеді. Бұның бәрі, сайып келгенде, ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық