Қоланы алғанымызға да шүкір

02 наурыз 2018, 17:23

Пиоңчаңдағы қысқы Олимпиада басталғаннан мазамыздың қашқаны рас. Бастапқыда алтын, сосын күміс күттік. Ақырында қоланың өзін місе тұтатын күйге жеттік. Жүлдеге жарымасақ та, корей жеріндегі айтулы спорт шарасы туралы аз-кем тарқатып көрелік…

Бұл – еліміз Тәуелсіздік алғалы қатысып отырған 7-ші Олимпиада. 1994 жылы 3 бірдей жүлде әперген Владимир Смирновтан кейін, қайрауы жеткен қылыштай ешкімнің шықпауы қынжылтады, әрине. Смирновтың өзі араға төрт жыл салып, қоңы жығылмай-ақ қола әперген еді. Людмила Прокашева, Елена Хрусталева мен Денис Тенді де айтпай кетуге болмас. Елена Хрусталеваны Ресейден алдырдық. Сонда бар-жоғы жеті жүлденің алтауын жергілікті спортшылар алды. В.Смирнов кеңестік спорт мектебінде шыңдалды десек, одан бері қысқы спорттың алға жылжуынан гөрі, артқа құлдырауы басым екен. Осы жол қазақ жанкүйерлері Пиоңчаңға кеткен өрендердің соңынан үмітпен қарап қалған. Кем дегенде 2-3 медаль еншілейтін шығар дескен. Ондағысы Денис Тен, Дмитрий Рейхерд, Алексей Полторанин сынды сақа спортшыларға сенім артса, шорт-трекшілер мен басқа да фристайлшы қыз-жігіттер жақсы нәтиже көрсетер деп үміттенуі еді.

Шорт-тректегі Оңтүстік Кореядан аттай қалап алдырған Ким Йонг А өзіміздің Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтен артық емес екенін байқатты. Қаржыны желге шашпай, өзіміздің өрендерді дайындауға не кедергі болғанын түсінбей дал болдық. Осындайда бес минуттық ләззатқа мас болғанша, болашақтың қамын жасауға ұмтылған абзал ма? – деген ойға қаласың. Жә, ол біз шешетін шаруа емес.

11 ақпанда Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен үшінші орынды жеңіп алды. Іріктеу сындарында 7-ші, алғашқы финалда 6-шы нәтиже көрсеткен 25 жасар шығысқазақстандық қыздың бұл үшінші Олимпиадасы.«Ер кезегі үшке дейін» деуші еді. Бірақ ерлер жасай алмаған ерлік Юлияның қолынан келді. Тіпті оның бір қолы да сынған-тұғын.

Роман Креч, Денис Кузин және Галина Вишневская сияқты көпті көргендер бір сыдырғы жүрісінен танбады. Жанбота Алдабергенова жаңалық әкелер деп күткен аңғал жанкүйердің де үміті ақталмады. Мұның бәрі «қазаққа қысқы спорт керек пе?» деген ойға жетелері анық. Әлбетте, керек. Қиюын келтіретін жан болса, қанеки?! Қарағандыда туған Динара Әлімбекова есімді қазақ қызы Беларусь құрамасына алтын сыйлағанына қарағанда, мәселе ұлттың тегінде емес, оны шыңдайтын мектебі, дайындығы, сол елдің көзқарасына тікелей байланысты екенін аңғару қиын емес.

Осылайша дүниені дүрліктірген Олимпиада дүрмегі де мәреге жетті. 92 ел қатысып, оның отызы жүлдеге таласты. Еліміз 28-орынды місе тұтты. Осыған да қанағат деуге болар еді. Бір қызығы, алдымызды екі қоламен Жаңа Зеландия орап кетті. Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және басқа да жауапты мекемелер Олимпиада ойындарында кеткен қатені ескеріп, алдағы додаларда халық сенімін ақтауға күш салады деп үміттенеміз. Өз кезегінде спортшылар да намысқой болып, елін жан-тәнімен сүюі керек. Әйтпесе, кейбіреуінің Олимпиадаға не үшін барғаны өзіне де беймәлім сияқты. Бұл да алаңдатады.

Мадияр Арыстанбаев,
спорт шолушысы

15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу