Қоғамға іріткі салу әрекетіне қатаң тосқауыл қойылады

21 қазан 2022, 14:52

«Мемлекетіміз тұрақты дамуы үшін азаматтар бәсекеге қабілетті болуы керек. Заманға сай мамандық алып, еңбек пен білім культі орныққан қоғамға айналуға тиіспіз».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарында жұртшылықпен кездесті.

Алматы облысы

Мемлекет басшысы кездесуде сөйлеген сөзінде бұл өңірдің еліміз үшін ерекше орны бар екенін атап өтті. Алматы облысын бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды. Аймақтың экономикалық әлеуеті зор, инвестициялық мүмкіндігі жоғары. Аграрлық-индустриалдық бағытта тұрақты дамып келеді. Дегенмен шұғыл реттеуді қажет ететін мәселелер де бар. Мемлекет басшысы әрқайсысына тоқталып, жергілікті әкімдік пен Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Біріншіден, аймақтың территориялық теңгерімді дамуын жолға қою маңызды міндет. Бұл бағыттағы ең басты көрсеткіш – азаматтардың әлеуметтік маңызы бар қызметтерге тең дәрежеде әрі кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту. Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соған қарамастан, қолжетімді баспана – аймақтағы ең өзекті мәселе. Саяжайда 180 мыңнан астам адам тұрады. Ескі, апатты жағдайдағы үйлер көп. Коммуникация желісінің тозығы жеткен. Осы орайда Президент Үкіметке тұрғын үй құрылысы мен апатты жағдайдағы үйлерді күрделі жөндеу үшін бөлінетін қаржыны ұлғайтуды тапсырды.

Алматы облысы азық-түлік, сусындар, қағаз бұйымдарын, пластик құбырлар мен өндірістік-шаруашылық мақсатта қолданылатын заттар өндіру жөнінен көш бастап келеді. Құрылыс материалдарының 70 түрін шығаратын өңірдің бүкіл елдегі құрылыс индустриясына негізгі өнім жеткізуші болатындай мүмкіндігі бар. Қазір облыста екі индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Тағы екеуі құрылып жатыр. Бұдан бөлек, Алматы мен Қонаев қаласының ортасында салынып жатқан Gate City серіктес қаласының аумағында әлеуетті жобаларды орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ ашылады. «Қазіргі уақытта 50-ден астам халықаралық компания Ресейден Қазақстанға көшті. Олардың бәрін ірі қалаларда шоғырландыру тиімсіз. Әкімдік мұндай кәсіпорындарды Алматыға жақын, Үлкен Алматы айналма жолының бойына орналастыру мәселесін қарастырғаны жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алматы облысының энергетика саласындағы әлеуеті зор екенін атап көрсетті. Жүзеге асып жатқан Шелек дәлізіндегі жел электр стансасы, Райымбек ауданындағы шағын ГЭС және Еңбекшіқазақ ауданындағы Бартоғай ГЭС-і секілді ірі жобаларды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша 24 нысан бар. Облыста өндірілетін энергияның 20 пайызы осы стансаларға тиесілі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен электр энергиясын тұтынудың ұдайы өсуіне байланысты энергия тапшылығы сезіле бастады. Осы орайда Президент аталған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін айтты. «Мамандар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылын АЭС құрылысына ең оңтайлы орын деп отыр. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобиялардың жетегіне ермеуіміз керек. Себебі еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар», – деді Мемлекет басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Алматы облысының мүмкіндігі мол. Ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану үшін бірқатар міндетті шешу керек. Сондай-ақ өңірде туризм саласын дамытуға болады. Биыл «Іле-Алатау», «Шарын», Көлсай көлдері» ұлттық парктеріне 850 мыңдай турист келген. Ендігі міндет – облыс аумағындағы ұлттық парктердің жол және инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету. Оған қоса, Үкімет Қапшағай су қоймасының мәртебесін еліміздің негізгі туристік нысандарының бірі ретінде айқындауы керек.

Президент «Әділетті Қазақстан» құру ең жоғары құндылық болуға тиіс екенін атап өтіп, халық пен билік арасында дәнекер болатын қоғамдық кеңес институтының айрықша рөліне тоқталды.

«Бүгінде еліміз бойынша 256 қоғамдық кеңес бар. Былтыр «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде олардың құзыреті едәуір кеңейді. Мен осы салаға қоғам өкілдерін көптеп тартуды тапсырдым. Қазір олардың үлесі 86 пайызға жетті. Биыл Ұлттық құрылтай құрылып, оған әрбір өңірдің қоғамдық кеңесінен бір өкіл мүше болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Жетісу облысы

«Бүгінде әлем аумалы-төкпелі геосаяси жағдайға және бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңіне қадам басты. Түрлі қақтығыс пен соғыс көбейіп, елдер арасындағы сенімсіздік күшейе түсуде. Мұндай күрделі жағдайда халқымыздың бірлігі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау ерекше маңызға ие».

Мемлекет басшысы Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуде осылай деп атап көрсетті.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өлкенің өзіне ерекше ыстық екенін айтты. Бұрынғы Алматы облысының жер көлемі үлкен болғанын, жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атады. Оның айтуынша, табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор. Бүгінде облыста 100 мың гектардан астам жердің пайдаланылмай бос жатыр. Суаруға арналған желілердің 70 пайызы тозған. Оның бәрін жаңғыртып, қалпына келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Осы орайда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауы тиіс.

Жетісудың ауыл шаруашылығындағы басым бағыттың бірі – қант қызылшасы. Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы жерде. Бірақ шикізаттың жоқтығынан біреуі жұмыс істемей тұр. «Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге жұмсалды. Биыл жазда қант қымбаттап, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бос тұрған зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударды. Сонымен қатар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет. Облыстың көкөніс пен бау-бақша өсіруде әлеуеті зор, сондықтан заманауи қоймалар салу мәселесін шешу қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвесторларды белсендірек тарту қажеттігін, өңірдегі аккумулятор зауыты болашағы зор іргелі кәсіпорынның бірі екенін айтты.

Өңірдің транзиттік мүмкіндігін ескере отырып, халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды. Бұл үшін елімізде құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтарды қамтитын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы бар. «Достық стансасында жылына 9 миллион тонна жүк пен 300 мың контейнер қабылдап, жөнелте алатын терминал салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде Қытаймен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне тоқталды. Жетісу халқының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Алайда су құбыры желілерінің едәуір бөлігі әбден тозып, 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі. Көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елді мекенді газбен қамтуды тапсырды. Облыстағы жол жөндеу, денсаулық сақтау саласы, туризмді дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.

Мемлекет басшысы қақтығысқа толы бүгінгі заманда әр азамат өзінің сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуі керек екенін ескертті: «Бұл, ең алдымен, қоғамда белгілі тұлғаларға, саясаткерлерге, журналистерге, блогерлерге қатысты. Ағат айтылған сөздер мен орынсыз мәлімдемелердің салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақ «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп бекер айтпаған. Біздің қоғамға іріткі салу әрекеттеріне заң аясында қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек».

Президент елімізде саяси реформалардың жүргізіліп жатқанын айтып, оның мән-мағынасын түсіндірді. «Әділетсіз шығарылған шешім биліктің беделін түсіреді. Қоғамға іріткі салып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан ешқашан әділдіктен аттауға болмайды», – деді Президент.

Талап Тілеген

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?