Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шыққан жоқ. Соның салдарынан шаһардағы жолаушылар тасымалы төрт сағаттан астам уақытқа иіріліп қалған. Жүзге жуық автобус жүргізушілері мен кондукторлар жалақыларын көтеруді талап етіп отыр.
Бұл әлеуметтік мекеме көліктері облыс орталығымен қатар шаһар маңындағы 7 ауыл тұрғындарын тасымалдайтын 17 бағытты қамтиды. Жүргізушілердің айтуынша, ай сайынғы жалақы көлемі шамамен 70 мың теңгеден аспайды. Айлықтары шайлықтарына да жетпейтін жандар істен шыққан көліктерді де өз қаражатымызға жөндеуге мәжбүрміз деп мәлімдеді. Қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы тек Ақтөбе әкімі Асхат Шахаров араласқаннан кейін ғана жанданды. Мәселені назарға алған шенеуніктер жақын уақытта оң шешімін табамыз деп сендіріп отыр.
Жандос Жақыпов, қоғамдық көлік жүргізушісі:
— 4-те тұрып, 5-те осы жерден көлігімді, автобусымды алып шығамын. Содан 16 сағат жұмыс істегенде менің алатыным, 21 күнде жұмыс істегенде, 75 мың декабрьде ғана шыққан. Оның алдында ар жағында 30 мың, 40 мың шығуыңа қарай төлейді. Ол аз айлықпен мен семьямды бағуға мүмкіншілігім болмады мен сосын осындайға бардым.
24.kz