Қисық айна

05 маусым 2020, 14:09

Америка мен Еуропадағы адам құқығын қорғау ұйымдары мен демократия бойынша сарапшы мамандар былтыр жазда елімізде өткен митингке қатысты біраз сын айтқан. Солардың біріне жүгінсек, журналистердің кәсіби міндетін атқаруына полиция кедергі келтіріпті. Еуропа және америкалық ақпарат құралдары солардың пікірлерін үсті-үстіне жариялап жатты. Ал тәртіп сақшылары бұған жауап ретінде өздерінің шектен шықпағанын, журналисті басқалардан ажырату үшін тиісті белгілері (pressa деген жазуы бар желек пен куәлік) болуы тиіс екенін айтқан.

«Демократия отаны, еркіндік елі» деп үнемі өзгелерге үлгі етіп көрсететін Америкада қазір I Can`t Breathe (Тұншығып барамын!), Black Lives Matter (Қаратүстінің өмірі мәнге ие) деген ұрандармен нәсілшілдікке қарсы күнде шеру. Миннеаполис кентінде полицияның митингтен тікелей эфирге шығып, репортаж жасап тұрған CNN International тілшісі Омар Жименездің қолына қалай кісен салынғанын күллі әлем көзбен көрді. Қасындағы оператор да қамауға алынды. Мұндай оқиға Батыстан тысқары жерде бола қалса… Әлгі адам құқығы мен сөз еркіндігі «сақшылары» «Журналистерге қауіп төніп тұр!» деп аттан саларын, ал шетелдік тілшілердің айқайына батысшыл жергілікті хабар-ошар құралдарының қиқу қосарын бәрі білсе керек. Бірақ CNN секілді жер-жиһанның миллиардтаған көрермені хабарын асыға күтетін сыйлы һәм мәртебелі телеарнаның тілшісі қамауға алынғанда жаппай дабыл қаққанын көрмедік, айыптау үнін естімедік. Тек Тілшілер медиа еркіндігі үшін комитеті секілді бірен-саран ұйымдар ғана журналистерге араша болды. Есесіне, Батыс жиі сынайтын Ресейдегі БАҚ-қа таптырмайтын «азық» боп тұр…

«Мен Фергюссон, Батон-Руж, Даллас және Лос-Анжелестегі наразылық оқиғалары туралы жаздым. Сондай-ақ, біздің армияның Ирақ пен Ауғанстандағы әскери қимылы туралы баяндадым. Бірақ бүгінге дейін полиция маған ешқашан қару кезенбеп еді». Миннеаполис көшесінде полиция атқан резеңке оқ денесіне тиген «Лос-Анжелес таймс» басылымының тілшісі Молли Хеннеси — Фиске осылай деп жазды жуырда.

Кәсіби міндетін атқара жүріп, тәртіп сақшысының қарауылына іліккен жалғыз Молли ханым емес. Түркияның TRT World телеарнасының тілшісі Салли Айхан тікелей эфирде сөйлеп тұрған сәтте кеудесі мен аяғынан жараланды. Ал Аустралиядағы 7News телеарнасының тілшілері Амелия Брейс пен Тим Майерсті полиция резеңке таяқпен сабады. Тізе берсең, мұндай сорақы дерек көптеп саналады.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар журналистің кәсіби міндетін кедергісіз атқаруын қамтамасыз етуді барлық жерде, барлық елден талап етуі тиіс! Басқаларға демократия «дәрісін» оқитын Батыстан да. Сонда ғана жексұрын құбылысқа, тіпті мазаққа айнала бастаған double standart-тан (екіжүзді ұстаным) арылуға болады.

Талап Тілеген

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген