jasqazaq.kz

Қазыбек Дәуіталиев: Қоғамдық кеңес – халықтың үніне айналуы тиіс

30 мамыр, 11:49

Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Нұрсейітұлы Дәуітәлиевпен сұхбатымыз қоғамдық кеңес жұмысы төңірегінде өрбіді. Бұдан бөлек Ұлттық құрылтай мүшесінен биылғы Бурабайда өткен кеңесте қандай келелі мәселелер көтерілгенін де сұрадық.

Қазыбек Нұрсейітұлы, сұхбатымызды өзіңіз басшылық ететін кеңестің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– Облыста қоғамдық кеңестің төртінші шақырылған құрамы жұмыс істеп келеді. 38 мүшесінің тек үшеуі ғана мемлекеттік органның қызметкерлері, қалған 35 адам азаматтық қоғам өкілдері. Бұл нені аңғартады? Алматы облыстық қоғамдық кеңес келешекте елдің ертеңі үшін қандай да бір маңызды қадам жасап, қоғамдық мәселе көтеретін болса, ешқандай да мемлекеттік органның не болмаса саяси партияның жетегіне еріп, ығында кетпейді, өзінің азаматтық ұстанымын айқын көрсететін платформа екенін көрсетеді. Қоғамдық кеңестер туралы заң 2015 жылы қабылданып, 2016 жылдан бері қолданысқа енді. Қоғамдық кеңестер де сол кезден бастап құрылып, жұмысын жандандырды. Алматы облыстық кеңестің жұмысын 7 сала бойынша құрылған комиссия жүзеге асырады. Бюджет, кәсіпкерлікті қолдау, туризм, жастар, дін, ішкі саясат идеологиясы, тұрғын үйге қатысты, көлік, логистика, транспорт, жол секілді маңызды мәселені оңтайлы шешу жолында осы комиссияның атқарар жұмысы орасан. Бұдан бөлек заңдылық және құқық деген комиссия құрылып қарқынды жұмыс істеуде. Комиссия облыс аумағындағы түрлі мәселелердің оңтайлы шешілуіне өзіндік үлесін қосуда. Халыққа, мемлекетке, азаматтарға тиімді, заңға қайшы келмейтін оң шешім шығуына септігін тигізуде. Бұл 7 комиссиядан бөлек 11 территориялық комиссия да құрылып, жұмыс істеп отыр. Басқа қоғамдық кеңестерде мұндай территориялық комиссия бар деп айта алмаймын. Біздің облысымыздың аудандары тым шалғай орналасқан. Мәселен, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан облыс орталығы Қонаев қаласына дейін 370 шақырымнан асады. Екі арада бірнеше тауды басып өтесің. Осы аумақтық комиссияның мүшелері өздерінің өңіріндегі мәселенің түйінін тарқатып, оң шешімін табуына септігін тигізеді. Бұдан бөлек сарапшылар да бар.
Қоғамдық кеңес, оның ішінен құрылған жаңа атап өткен аумақтық комиссия мүшелерінің араласуымен шешілген шаруаны атап өтсеңіз.
– Жуырда Талғарда аудандық коғамдық кеңестің қатысуымен ерекше балалардың мәселесі көтерілді. Аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті белсенді азаматтардың араласуымен қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе талқылап, шешу жолдарын, ұсынысымызды құзырлы органдарға жолдадық. 1990 жылдардағы елең-алаң шақта Қаскелең қаласындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары, жылу пештерін орнатып күнелтті. Одан бері елдің тұрмысы түзелді, мемлекеттің еңсесі тіктеліп жылу беретін модульді қазандықтар қойылғанымен, кейбір тұрғындар оған қосылмай отыр. Олардың айтар уәжі жылуға жағылатын газ бағасы қымбатқа шығады. Сондықтан келісім бермеген. Десе де қолдан пеш орнатып жылыту өрт қауіпсіздігі. Санитарлық нормаға да қайшы. Территориялық комиссия мүшелері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хаттама толтырылып, аудан әкімдігіне жолданды. Күзгі жылу маусымы басталғанға дейін бұл мәселе де оңынан шешілуі тиіс, қоғамдық кеңес өз бақылауына алып қадағалайды.
Қоғамдық кеңестің алдағы уақытта атқаратын жұмысы туралы кеңірек айтсаңыз.
– Облыстық қоғамдық кеңес аудандық қоғамдық кеңестермен иықтаса, бірлесіп жұмыс атқарып, ынтымақты болғанда ғана іс ілгері басады. Осы бағытта біз облыстық кеңестің мүшелігіне аудандық кеңестердің жетекшілерін де тартып, қатарымызға қостық. Бұл өте орынды қадам деп санаймыз. Себебі аудандардағы өзекті мәселелерді олар облыстық кеңестің отырыстарына келіп талқылап, құлағдар етеді. Өзге аудандағы оң тәжірибені өздерінің өңіріне енгізеді. Облыста 136 ауылдық округ және аудандарда бірнеше қалалар бар. Біз мұның барлығын аралап, жергілікті өзін өзі басқару институт өкілдерімен кездесуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жергілікті қоғамдастық өкілдеріне де өкілеттілік берілген. Бірақ заңдық тұрғыда танымы таяз болғандықтан өздерінің құқықтарын білмей жатады. Соны үйретуді қолға аламыз. Одан бөлек ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған көптеген ұлттық жобалардың да жүзеге асырылуын қадағалаймыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы. Биыл осы жобамен 401 салынып, пайдалануға берілмек. Халықаралық стандартқа сай келетін, бір нормативке негізделген мұндай мектеп халқы тығыз ауылдық жерде де салынып, балалар игілігін көруі тиіс. Биылғы Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаруаны да ақсатпай алға жылжыту керектігін тапсырды. Алдағы уақытта «жайлы мектептердің»санын 1300-ге ұлғайту қажеттігін айтты. Ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртып, жаңарту ісі де жеделдетіп қолға алынды. Бұрындары аудан орталығындағы ауруханада ғана бар аппараттар енді ауылдағы емхана, шағын комплектілі емдеу орталықтарында да қолжетімді болады. Мұның барлығы да ауыл халқы да қала тұрғындары секілді игілікті көруі үшін жүзеге асырылып отыр. Келесі жылдан бастап елдегі барлық ауылдарда интернет қолжетімді болады. Жылдамдығы да артады. Міне осындай ұлттық жобалардың қаржысы талан-таражға түспей, уақытында іске асырылуын қадағалауда қоғамдық кеңеске жүктелер жауапкершілік өте жоғары. Алдағы уақытта біз өзімізге жүктелген жұмысты жүйелі атқаруға күш саламыз.
Биыл Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатыстыңыз. Қандай келелі мәселелер көтерілді?
–Бірнеше құндылық айтылып, елдің келешегін айқындайтын қадау-қадау шаруалардың шешімі айтылған жиында мынаған тоқталғым келеді. Өзім заң ғылымдарының кандидаты ретінде бірнеше заң жобаларын әзірлеуге қатынастым. Мемлекет басшысы төртінші құрылтайда үкіметтік емес ұйымдарға қатысты жаң жобасын әзірлеуді тапсырды. Жұмыс тобының мүшесі ретінде жаңа заң жобасын талқылап әзірлеуді қолға алдық. Бұдан бөлек осы Ұлттық құрылтайдың отырысында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында облыстың шалғай аудандарын, түкпірдегі ауылдарды аралап тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, мәселесінің оңтайлы шешілуіне ықпал етеміз. Мұның барлығы халықтың қоғамдық кеңес жұмысына деген сенімін нығайтады. Тұрғындардың мәселесі жергілікті әкімдіктің араласуымен шешілмегеннен кейін халық Президенттен көмек сұрап хат жазады. Тіпті Мемлекет басшысы Президент әкімшілігіне бір жылда бес мыңнан астам хат келіп түскенін, оның басым көпшілігі жергілікті әкімдіктердің, тиісті мекемелердің өздері-ақ шешетін мәселе екенін айтты. Осындай мәселе қоғамдық кеңес билік пен халық арасына алтын көпір орнатып, дәнекер болуы керектігін айтты. Алматы облысында 26 басқарма бар. Әкімдікке бағынысты әр басқарма өздерінің саласына қатысты мәселені халықпен бірлесе шешуге ынталы ғана емес, мүдделі. Бұл ең алдымен өздері үшін керек.
Ұлттық құрылтайда негізінен заң мен тәртіпке басымдық берілді. Облысқа келетін инвесторлар, кәсіпкерлердің заңдық құқықтары тапталмауы керек. Барлығы да әділетті жолмен жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдық кеңес те бұл мәселеден сырт қалмай, өз бақылауын жасайды. Жергілікті құқық қорғау органдары да жыл сайын қоғамдық кеңеске есеп беріп, өз жұмыстарының нәтижесін жария етеді. Мұның барлығы да ашықтық үшін. Олардың да өкілдері қоғамдық кеңестің отырыстарына, талқылау жиындарына қатысып, жұмыс барысынан хабардар болады. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті бастығының орынбасары ай сайын отырысымызға қатысып, әріптестік байланыс орнатылып, бірлесе жұмыс істейміз.
Жылдан жылға Ұлттық құрылтай жұмысына деген халықтың сенімі, ықыласы да артып келеді. Биылғы отырысқа орай келіп түскен ұсыныс-пікірлердің де саны былтырғыдан әлдеқайда көп. Осының өзі де көп жайтты аңғартса керек. Президенттің қоғаммен байланыс орнатудағы қадамы, механизмі, платформасы нәтижелі екенін бағамдаймыз. Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселе, ұсыныс, пікірдің барлығы да Мемлекет басшысының назарында болады. Ел басшысына өз үніңді, көтерген мәселеңді жеткізудің төте жолы да Ұлттық құрылтай алаңы деп айтуға болады. Сонымен қатар бұл ұлттық идеологияны тұтастыру тетігі деуге де болады. Қоғамның қалауын мемлекет басшысына жеткізудің жолы деп бағамдауға болады. Тағы бір айта кетер жайт ұлт саулығы мемлекеттің басты байлығы дейміз. Осыған қол жеткізу үшін денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық мониторинг жүргізуді пилоттық жоба ретінде алғаш болып енгізуді қолға алдық.

Әңгімеңізге рахмет! 

Қуан Көшек

30 мамыр, 13:06
Дархан Сатыбалды: Алматының жаңа полиорталықтары адамдар үшін жайлы болуы тиіс
30 мамыр, 11:49
Қазыбек Дәуіталиев: Қоғамдық кеңес – халықтың үніне айналуы тиіс
29 мамыр, 16:03
Түркістан: Нұралхан Көшеров индустриалдық аймақтарды әрмен қарай дамытуды тапсырды
29 мамыр, 14:20
Түркияның жетекші фармацевтикалық компаниясы Түркістанда өндіріс ашады
28 мамыр, 15:03
Түркістан: «Бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті
28 мамыр, 14:50
Түркістан: 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды
28 мамыр, 14:36
Алматыда жол мәселесі қалай шешімін таппақ?
28 мамыр, 14:18
Түркістан: Ерте піскен қауын экспортқа жөнелтіле бастады
28 мамыр, 14:10
Түркістан: Ұлттық рухты асқақтатқан жас өскін