Ал алданған азаматтар ақшаны қалай қайтарады?
Соңғы аптада көптеген қазақстандықтар пошта арқылы келген жалған SMS-хабарламалардан зардап шегіп отыр. Алаяқтар Qazpost.kz атауына ұқсас сайт жасап, азаматтардың жеке және банк деректерін алдап алуда. Jas Qazaq тілшісі бұл туралы зерттеу жүргізді.
Алматы қаласының тұрғыны осындай алаяқтықтың құрбанына айналғанын айтады. Айтуынша, барлығы «Қазпошта» арқылы сәлемдеме алу барысында басталған.
«Астанадан Алматыға қарай маған құжат жолданған болатын. Көп ұзамай “Сіздің пакетіңіз қоймада тұр, бірақ мекенжай дұрыс көрсетілмеген” деген хабарлама келді. Сілтемеге өтіп, мекенжайымды нақтылап, жеткізу үшін ақы төлеу керек деп шықты. Еш күмәнсіз банк картамның деректерін енгіздім. Алайда жүйе “басқа картаны енгізіңіз” деп қайта сұрады. Екінші картамды да тіркедім. Бірнеше күннен соң картамнан қаражат долларға айналдырылып, түрлі букмекерлік сайттарға аударылып жатқанын байқадым. Сол сәтте ғана алаяқтарға тап болғанымды ұқтым», – дейді ол.
Жәбірленуші мұндай хабарламаның «Қазпоштадан» келгеніне сенімді болғанын айтады. «Менің ойыма келгені неге «Қазпоштадан» құжат келгенде осындай хат келді деген сұрақ. Демек біздің жеке деректерімізді Қазпоштадан таралды деген сөз. Ол жерде тек телефон нөміріміз ғана емес, ЖСН, адресіміз де бар ғой. Осы деректер алаяқтардың қолына «Қазпоштадан» түспесе қалай түсті?» – деп алаңдаушылығын білдірді.
Қазпоштаның ресми жауабы қандай?
«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі бұл хабарламалар мен сайттардың пошта қызметіне еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл – алаяқтардың жасаған “зеркалды” веб-сайттары. Олар Qazpost.kz атауына ұқсас, алайда ішінде қажетсіз символдары бар мекенжайларды қолданады. «Қазпошта» ондай сайттар арқылы немесе күмәнді пошта адрестері арқылы хабарлама жібермейді», – деп қысқа қайырды.
Алаяқтықтың бұл түрі — фишинг деп аталады. Ол дегеніміз – алаяқтардың танымал ұйымдардың атын жамылып, жалған сайттар арқылы азаматтардың жеке немесе қаржылық деректерін алдап алуы. Олар көбіне SMS немесе электронды хат арқылы шұғыл әрекет етуді талап етіп, сілтемеге өтуді сұрайды. Сілтеме ресми сайтқа ұқсас болса да, ол — алаяқтық ресурс.
Осындай хабарламалар келсе не істеу керек? Мамандардың айтуынша, мұндай хабарламалар келген жағдайда келесі әрекеттерді орындау қажет:
— Сілтемеге өтпеңіз, жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз.
— Банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV-коды сияқты ақпаратты ешкімге бермеңіз.
— «Қазпоштаның» ресми байланыс нөмірі – 1499 арқылы нақты ақпаратты біліңіз.
— Хабарламаны жіберушіні блоктап, хабарламаны өшіріңіз.
— Бұл жағдай туралы жақындарыңызға, әсіресе интернетпен жиі қолдана бермейтін жандарға ескертіңіз.
Halyk Bank қызметкерлері мұндай жағдайда тез арада келесі әрекеттерді орындауды ұсынады:
«Алдымен банк қосымшасы арқылы картаңызды бұғаттап тастаңыз. Бұл — картаны бірден қолдануға тыйым салатын алғашқы және маңызды қадам. Бұдан бөлек, қосымша ішіндегі «интернет сатылымға рұқсат бермеу» батырмасын белсендіру қажет. Бұл – карта арқылы онлайн төлемдер жасалуына тосқауыл қояды.
Кейін банк бөлімшесіне барып, алаяқтарға алданғаныңыз жөнінде ресми арыз жазыңыз. Осыдан кейін сізге жаңа карта шығарылады. Өтініштер мен шағымдар банк тарапынан 45 күн ішінде қаралып, әр транзакция жеке зерттеледі, сосын барып қаражатыңыз шотыңызға қайтарылу туралы шешім шығарады», – деді банк өкілі.
Мамандардың айтуынша, уақытты өткізіп алмай, бірден әрекет ету қажет. Себебі алаяқтар карта деректерін алған соң, қаражатты шетелдік платформалар арқылы жылдам аударып жібереді. Ал бұл қаражатты қайтару процесі күрделі әрі уақытты талап етеді. Ал картадан бөлек, депозиттеріңізге, қосымша банк карталарына алаңдамауға болады.
Жалған SMS-хабарламаны қалай ажыратуға болады?
Алаяқтар жиі қолданатын белгілер:
1. Жеке мәліметтерді сұрайды;
Қазпошта ешқашан SMS арқылы ЖСН немесе банк картасы туралы ақпарат сұрамайды.
2. Күмәнді сілтемелер;
Мысалы, qazpost.kz-send.cyou, kazpost.at, kzpost.delivery.info және т.б.
3. Қате мәтіндер:
Аударма сапасы төмен, грамматикалық және стилистикалық қателер көп кездеседі.
4. Жіберушінің аты күмәнді: «Қазпошта» SMS-хабарламаларды тек 1499 қысқа нөмірінен жібереді.
Сақтансаң сақтайды. Интернеттен келетін қауіп күннен-күнге артып келеді. Алаяқтар мемлекеттік ұйымдардың атын жамылып, азаматтарды алдаудың жаңа жолдарын тауып отыр. Сондықтан әрбір адам өз жеке деректерін қорғауға, беймәлім сілтемелерге сенбеуге, кез келген хабарламаның ресми екеніне көз жеткізуге міндетті.
Олжас Әбдіхалық