Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Темірхан Медетбек 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Жеделхатта:
Темірхан Медетбек ғибратты ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, төл әдебиетіміз бен өнеріміздің жанашыры болған тегеурінді ақын еді. Көне түркі сарынын жаңғыртқан рухты шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнегелі өмір сүрді. Соңына әдеби бай мұра қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды», – делінген.
Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) филология факультетінде оқыған. 1968-2002 жылдары Радио мен телевизияда, әр түрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған.
Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болды. 2003 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан астам өлең жинақтары жарияланып, оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды.
«Абай әлемі» (1995) және «Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар» (2001) атты әдеби-сын еңбектерінде қаламгер Абай әлемінің поэтикалық тереңдігін, қазақ мәдениетінің даму сипатын саралап, ақындық психологияның ішкі болмысына баға берді.
Қазақ поэзиясының түркілер кезеңінен қалыптасқан романтикалық-реалистік өршіл сарынын өзіндік көркемдік шешім аясында жаңашыл туындыларымен байытты.
«Көк түріктер сарыны» атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған, ақын көне түрге жаңа мазмұн сыйдырған.
Jas Qazaq ұжымы Темірхан Медетбектің отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.