Қазақтың атын тек жылқы шығарады

25 қараша 2022, 11:36

(Әйгілі көкпаршы Әлиәкбар Үсіпбеков ақсақалдың әңгімесі)

Өмірде қарттыққа қимайтын асыл адамдар болады. Олар – ел намысын арқалаған, елінің мәртебесін асқақтатқан, өнерімен тәнті еткен, халқының мақтанышына бөленген, текті мінезді ерекше жандар. Атақты көкпаршы, есімі еліміздің бүкіл оңтүстік өңіріне және көрші елдердің көкпар сүйер қауымына жақсы таныс, көкпардан КСРО чемпионы Әлиәкбар Үсіпбеков туралы дәл осылай деген ләзім. Әлекең атамыз өмірде талай шәкірт тәрбиелеп, баптаған ардагер шабандоз. Даңқты көкпаршы екеуміздің арамыздағы әңгіме көкпардың кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы көңілінде жүрген ой-пікірлерден өрбіді.

Алғашқы салымнан алғаным – бір ешкі және тігін мәшинесі

Мен көкпарды 16 жасымда ауылдың бата көкпарынан бастаған адаммын. Мектепте оқитын кезім. Есімде, алғашқы бата көкпарда серкені мәреге бір-екі метр жеткізбей түсіріп алдым. Сонда Төлеш көкем тойбасшыға барып: «Ошантай ақсақал, мәреге жетті деп шешіңіз. Жаңадан көрініп келе жатқан жас пері ғой. Меселі қайтпасын, тауы шағылмасын» деп айтып жатып, мәреге жеткізіп, мәртебемді өсірді. Мұны қалай ұмытайын!? Міне, сөйтіп, намысқа тырысып, шауып жүрдік. Салым салсақ, жүрегіміз жарыла қуанамыз. Салым ол кезде бет сүртер бір шаршы мата немесе бір жұп кебіс қой. Бірақ маңыздысы ол емес, маңыздысы – намыс, үлкендердің сенімін ақтау, оларды ұятқа қалдырмау еді.
Мектепті бітірген соң, дәу көкпарға қатыса бастадым. Ең бірінші көкпар есімде. Ол 1975 жылы Өзбекстанның Фариш деген ауданының Кәттәқорған деген жерінде өтті. Сол тойда Жасұзақ шабандоз бір салды, мен екі салдым. Біріншісін өз атыммен, екіншісін бір тәжіктің атымен салдым. Ең алғашқы салымдарым: бір ешкі мен тігін машинасы. Сонда үйге келіп, әкем мен анамды қуантқаным бар. Бірақ әкем мені мақтамайтын: «Сені мен емес, ел мақтасын!» дейтін. Қайта: «Ана жерде неге айрылып қалдың, мына жерде тағы айрылып қалдың. Атты бекерге зорықтырып жүрсің» деп намысымды қайрайтын. Қазір ойлап отырсам, соның барлығы тәрбие екен.

Әкенің сұсы

1977 жылы алғи Өмірзақ деген кісі дәу көкпар берді. Сол көкпардың додасында қарсы келген ат кеудесімен соғып, аяғымды қайырып жіберді. Тізем шығып кетті. Әупірімдеп аттан түстім. Үлкендер сүйемелдеп, машинаға апарып отырғызды. Бір уақытта әкем келді. Қасында Таңат деген ақсақал бар. Аттан түсті. Түсі суық.
– Неге отырсың?
– Көке, жаңа додада бір ат аяғымды қайырып кетті. Тізем шығып кетті-ау деймін. Қатты ауырып жатыр, – деп іси бастаған тіземді көрсеттім. Әкем тіземді ұстап, сипалап көрді де:
– Шаппасаң шаппа, мына Таңат атаңның көкжалына мін! Көкпарды аттың үстінде тамашала. Отырма бұлай! – деді.
– Көке, ауырады ғой…
– Мін, деген соң мін!
Көкпардың ақыры таяп қалған. Баруы бір тай, қайтуы – түйе. Ішімнен әкемнің мұншалықты қаталдығына ызаланып, тістеніп, атқа міндім де, арғы мәреге қарай беттедім. Бір кезде арғы мәреден бір жігіт додадан еңкейіп, көкпарды көтере-мөтере шықты да тура маған қарай айдаса бола ма!? Өзі келіп ұрынды! «Іздегенге сұраған» дегендей, аяғымның ауырғаны жайына қалды. Жата-жармасып, көкпарды құшақтап, жұлып алдым да, шыққан аяғымның тақымына басып, атты қамшылап, бергі мәреге тарттым. Әйгілі Құдайберген екен, көкпарға жабысып алған. Ажырамайды. Тастай алмаймын ғой жаңағы. Микрофонда Айнабек: «Таста! Таста! Қалаған жеріңе таста!» деп айқайлапты. Мен оны естімеймін. Мәрені қанша айналғаным есімде жоқ, Алланың қолдауымен, бір уақытта дәл мәреге әкеліп, көкпарды тастадым. Сол көкпарда әкемнің маған ерекше риза болып, көңілі толып, мейіріммен қарағаны әлі көз алдымда.
Ал аяқ не болды десейші?! Аяқ бүгіліп қалған. Жазылмайды. Ісіп кеткен. Ет қызумен білмегем. Негізі сынғаннан шыққан жаман ғой. Жаныңды көзіңе көрсетеді. Ойбайлап кетесің. Содан аттан әзер түстім.
Ауылда Иса деген сынықшы бар еді. Ұстаған жеріне ем қонатын. Әкем мені тез арада сол кісіге алып барды.
– Ойбой, шырағым, аяқтың быт-шытын шығарыпсың ғой, – деді сынықшы ұстап көріп, – 12 жерден шығып кетіпті, тізеңнен бастап, башпайыңа дейін. Тамырларың да айқасқан.
Жарты сағат ішінде буындарды орын-орнына қойып, тұқымның мәйегін жағып, дәкемен мықтап таңып тастады.


Балалық қой. Сынықшының: «Аяғыңды күт. Атқа пәлен уақыт мінбе» дегеніне қарамадым. Үйде көп жатпадым. Көкпарға қайта-қайта барып жүріп, осы тіземді бір-екі мәрте тағы шығарып алдым. Ойнамалы болып қалды. Соған қарамастан, дәріханадан бандаж сатып алып, соны киіп, бәрібір шауып жүрдік қой.
Арғымақтан туған қазанаттар

80-ші жылдары Өзбекстанның Жыззақ деген жерінде Басқұл деген атбегі тұрды. Бесқасқа және Жирен қасқа деген екі аты болды. Екеуі де өте мықты аттар еді. Әсіресе, біріншісі. Құлақтары тым кішкентай, адамға жұғымсыз, орташа бойлы ғана ат еді. Ағайындар: «Әй, Әлиәкбар, сен мына атқа қалай қорықпай мініп жүрсің? Доданың ішінде қалып қоймайсың ба?» дейтін. Денесі кішілеу болғанымен, жүрегі мықты, нағыз жауынгер ат еді. Қандай дода болсын, балық секілді сүңгіп кіретін. Сол атпен Самарқан бар ма, Бұхара бар ма, Науаи бар ма, көкпар іздеп, оза шауып, бәйге алып жүрдік. Қасымда адал достарым: Нұржан, Әбілқасым, Жасұзақ, Есімхан секілді палуандар жүрді.
Әбдіәкім деген кісінің атақты қарагері нағыз қазанаттың өзі еді. Сол атпен 1982 жылы 20 желтоқсанда Ташкент облысының Шыназ ауданында өткен зор көкпардың ақырын салдым. Ол кездері көкпарда қазіргідей машина тігілмейтін. Бірақ сол тойда көкпардың ақырғы салымына су жаңа «Нива» автокөлігі берілетін болды.
Нағыз керме тартыс басталды. Алланың қолдауымен көкпарға қолым жетті. Басып алдым. Нұржан досым «18-бен» жетектеп жүр. Жылжып-жылжып, бір уақытта тойханаға жақындадық. Бірақ мәреге жолай алсамшы! Жабылған жұртта есеп жоқ. Қыспаққа алып, жүргізбейді. Тойбасшы: «Таста, таста. Қайда тастасаң да, тастасаң болды!» деп айқайлапты. Естімеймін… Сөйтіп жүріп, ақыры мәреге әкеліп тастадым ғой. Көлікті мініп, үйге келдік. Мырзахан деген ағамның әйелінің аяғы ауыр болатын. Бірнеше жылдан бері бала көтермей жүрген. Сол күні кешке толғағы келіп, перзентханаға жетіп, ұл босанды ғой. Мұзаппар деген ініміз өмірге келді.
Тағы бір атақты ат әлгі «18» аталатын. Дүйім жұртқа белгілі Айнабек деген кісінің Шәріпбай ақсақалға 18 мың сомға сатқан аты ғой! Сол ат кейін «18» аталып кетті. 80-жылдар. Үстінде отырсаң, сән-салтанатың тасып, өзіңді бейне бір тойханада отырғандай сезінетінсің. Жайлылығында сөз жоқ, жануардың. Кейде жүріп келе жатып, бір орында қарғып, орғып, еркелейтінін айтсайшы!
90-шы жылдары менің екінші тынысымды ашқан Шүкірбай ақсақал баптаған «Жигули торы» болды. Су жаңа «Жигули» көлігі мен бір өгіз беріп, сатып алған ат. Онымен көкпарды алмау мүмкін емес еді. Қалаған жеріңе барады, қалаған жеріңнен көкпарды көтерткізеді.
Сарыағашта Қожабек деген кісінің көкпары болды. Бергі мәреге 20 метрдей жерде қырғын дода болып жатыр. Ақырғы салым. Міне, сол атпен шауып бардым да додаға сыналап кіріп, көкпарды құшақтаған күйі, тақымға басып, апарып салдым.
Тағы бірде құмда Бимырза деген жерде ірі көкпар болды. Ақырғы салым – екі өгіз, бір тай. Нұржан досыма айттым:
– Әй, Нұржан. Сенің қолың жүрмей жатыр ғой. Мә, мына «Жигули торыға» мінші.
– Ойбай, Әлиәкбар, «Жигули торымен» салсам жақсы, салмасам, ұятқа қалам ғой.
– Мін деген соң, мін!
Мінді де көкпарға қолы тиді. Бірақ, әттеген-ай, мәреге жақындағанда айрылып қалды. Нұржанмен ат алмастым да, «Жигули торыға» өзім мініп, қалыңға қайта салдым. Көкпарға қолым жетіп, тақымға бастым да, сол көкпардың ақырын салдым. Міне, мұның барлығы «Жигули торының» ерліктері.
Ат ерді ғана емес, бүкіл елді құтқарады ғой. Біздің мақтанышымыз да, сән-салтанатымыз да – жылқы. Ешқандай техника қазақтың атын шығармаған, шығармайды да. Жылқы мінезді қазақтың атын тек жылқы ғана шығарады. Қазақ – жылқысымен қазақ. Қазақты қазақ еткен жылқы! Жылқыны жылқы еткен – қазақ!

«Мына жігіт үйімен қоштасып шыққан ба?»

Адам жас кезінде «өлемін» деп ойламайды екен. Көкпарда ет қызумен, намыспен қауіп-қатердің не екенін ұмытып кетесің. 89-шы жылы Қазығұрт жақта таудай биік екі жардың ортасында үлкен көкпар болды. Оны Әбдібай деген кісі берді. Ол кісінің Медеу деген мықты шабандоз ұлы болатын.

Астымда сарыағаштық Қожанның Луговойдан әкелген сары аты. Атақты «Абсенттің» тұқымы. Кезінде 20 мың сом ұсынып, сұрап барғандарға берілмеген ат. Қалыңға кіріп, көкпарға қолым тиіп, арғы мәреге апарып тастадым. Додаға қайта кіргенім, көкпарды тақымға басып алып, жарды жағалап ұшар басына шыққаным есімде. Сол сәтте аттың басын төмен қарай бұрып, қамшы басыппын ғой. Мұны көргендер: «Мына жігіт үйімен қоштасып шыққан ба, қалай? Атқа қамшы басқаны несі?!» деп жағаларын ұстапты. Содан төмен қарай құстай ұшқан күйі бергі мәреге жетіп, көкпарды тастадым. Артыма қарасам, аттылар айдалада әлі төмен түсіп келе жатыр екен…

Кемал қажының көкпары

Талай дәу көкпарларға – екі күндік, үш күндік тойларға қатысып, бұйырғанын салып жүрдік. Есімде, 80-ші жылдары Темірәзім деген жерде Исатай деген кісінің екі күндік зор көкпарында 23 рет салым салғаным бар. Сонда Нұржан досым: «Әй, Әлиәкбар, осы көкпарда сенен оздым ба деп едім. Сөйтсем, тағы да озып кеттің ғой» деп қағытқаны бар.
Бірақ сол көкпарлардың ішінде мен үшін «40-жылдық» кеңшардың (қазіргі Атамекен ауылы) талай жыл бас есепшісі болған Кемал қажының берген екі күндік көкпарының орны бөлек. Ол 1991 жылы ерте көктемде мына Арнасайға жақын маңда өтті. Көкпарға өте ыңғайлы, ойпаң жерде үш жүздің басы қосылған үлкен көкпар болды. Қара құрым халық. Аттардың санында есеп жоқ.
Сол көкпардың алдында ғана жеңешең екеуміз бір тойға барып келгенбіз. Шаршағанмын, ұйқы қанбаған. Маза жоқ. Қабақ қатулы. Бірінші күні үш-ақ рет салдым. Дәу көкпарда үш-төрт рет салғанды місе тұтпайтын кезіміз ғой. Көңілім түсіп, қапа болдым. Содан кешке бір топ көкпаршылар Арнасайға келін болып түскен Гүлмира қарындасымның үйіне сау етіп, кіріп бардық. Қасымда Темірхан, Мұхтархан секілді інілерім әрі шәкірттерім.
– Әй, көке, бүгін салмасаңыз, ертең саласыз. Ештеңе етпейді. Ілінбей кететіндер де бар ғой, – деп мені жұбатып жатыр. Мен:
– Бүгін ешқандай салым салғаным жоқ, – деп тамаққа да зауқым болмай, ешкіммен сөйлескім де келмей, басқа бөлмеге барып, жатып қалдым.
Бәрін айт та бірін айт, сол көкпардан көңілім жайланып қайттым. Ертеңіне 12 рет салым салыппын…

Көкпарға қиянат жасалмасын!

Мен көкпардың қазіргі қазандық енгізілген түріне мүлдем қарсымын. Шабандоздар мен аттарға қарсы жасалған, бұдан өткен қиянат бола ма?! Қарап тұрсаң, сол қазандыққа соғылып, барлығы құлап жатады: ат та, адам да. Сол бізге керек пе? Сол бізге қызық па? Бұл аттың да адамның да соры. Жаңашылдықты да жөнімен енгізу керек қой. Ал шеңберді, командалық ойынды мен қолдаймын. Өйткені көкпар – спорт. Намысты қозғайтын, дәстүрді жаңғыртатын ұлттық спорт. Оның дамып, түрленіп отыруы заңды. Әрине, жақсы жағына қарай.
Ғани Ахметбаев деген інім бар. Түркістан облыстық көкпар федерациясының президенті. Көкпарды спорт ретінде дамытуға қолынан келгенінше атсалысып жүр. Барлығымыз сол бағытта жұмыс істеуіміз керек.

Экспресс көкпар қашан тоқтайды?

Жасыратыны жоқ, қазіргі көкпардың уақыты ұзаққа созылмайтын болып барады. Бір сызықтың бойымен барып-келіп, салып жатады. Біреуі еңкейіп алса, қалғандары арғы мәрені іздеп кетіп бара жатады. Бұрынғыдай түтіні шығып жататын көкпар қазір кемде-кем. Неге екенін түсінбеймін?!

Біздің федерацияда Бәкір деген азамат бар. Ол өз көкпарында айналдырмайды, байлатпайды, жетектетпейді. Мен мұны қолдаймын. Қазір, міне, осы дәстүрді жаңғыртып жатқан жайымыз бар. Көкпар қызықты болып, өзінің текті қасиетін, әділдігін жоғалтып алмауы керек. Көкпар – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны бүлдіріп алмау – өз қолымызда.

Әңгімелескен
Жаппарберген АЙБОТА,
Алматы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс