
1990 жылдардың орта шенінен басталған Қазақстанның бітімгершілік миссиясы – елдің бейбітшілікке, адам өмірінің құндылығына, жаһандық қауіпсіздікке деген шынайы ұмтылысының айқын айғағы. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай шығарылған кітапта біз, авторлар тобы осы маңызы зор тақырыпқа тұтас бір бөлімді арнаған едік. Содан бері де біршама уақыт өтті. Қазақстанның бітімгерлер ротасы БҰҰ аясындағы міндеттерін абыроймен атқарып, Голан биіктігінен аман-есен елге оралды. Енді олардың жолын әрі қарай бітімгерлердің келесі тобы жалғастыруда.
Еліміздің бітімгершілік миссиясының шежіресі қалай және неден басталып еді өзі? Осы үдерістің басы-қасында, кейде қайнаған ортасында жүрген әскери журналист ретінде сарғайған тарих беттерін оқырмандардың есіне тағы бір рет салғым келеді.
Тәжікстанда азаматтық соғыс басталғанда ТМД басшылары тәжік-ауған шекарасын бірігіп қорғау туралы шешім қабылдады. 1992 жылы күзде Қапшағайда орналасқан 35-ші жеке гваридиялық әуе-десанттық бригадасының жеке батальоны 300 десантшы жауынгерді техникасыз аттандырды. 1993 жылғы мамырда подполковник М.Өзбековтың басшылығымен 1-ші жеке құрама атқыштар батальоны Тәжікстанның Хорог шекара жасағының учаскесіне жіберілді. Олар алдымен Хорог қаласында, содан кейін Калаи-Хумб елді мекенінде ресейлік шекара жасақтарының блок-бекеттері мен заставаларын күшейтуге атсалысты. Біздің жауынгерлердің бітімгерлік миссиясын өте күрделі жағдайда абыроймен атқарғанын өз көзіммен көрдім. Биік шатқалда атыс нүктелерін тастан қалап, күні-түні күзетіп тұрды. Қаңтар қақаған суығы сүйектен өтеді. Тау беткейінде жағатын отын жоқ, азық-түлік тапшы. Сондай қиын-қыстау күндері қазақ жауынгерлері жергілікті халықты қорғап қана қоймай, соңғы нанымен бөлісіп жататын. Қазір Тәжікстанда Қазбат деген ауыл бар. Душанбеде қаза тапқан біздің жауынгерлерге арнап ескерткіш орнатылған.
Жалпы 1993 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейін Тәжікстандағы тұрақтандыру опреациясына Қазақстан Қарулы Күштерінің 10 300 әскери қызметшісі қатысты.
Еліміздің бітімгерлік миссиясы бұдан кейін Иракта жалғасты. 2003 жылғы 30 мамырда Парламентте Ирактағы тұрақтандыру күлшетірінің құрамына «Қазбат» бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік бөлімшесін жіберу туралы қаулы қабылданды. Бұл қаулыны қабылдау оңай болған жоқ. Осынау тарихи шешім қабылданған Парламент отырысына осы жолдардың авторы да қатысқан еді. Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Қаратай Тұрысов сияқты аузы дуалы депутаттардың көзі тірі кезі. Ұзаққа созылған пікірталастан кейін басым дауыспен әлгі шешім қабылданды. Уақыт өте ол шешімнің дұрыс және өміршең екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Ирактағы бітімгершіліңк миссиясының нәтижесі туралы талай рет айтылды, жазылды. Оны қайталап жатпай, 2003-2008 жылдары біздің елден 290 әскери қызметші Ирактағы коалиция күштері құрамында болып, мол тәжірибе жинақтап қайтқанын айтсақ та жеткілікті.
Бұдан кейін еліміздің бітімгерлік миссиясы Непалда (2007-2008 жж.), Ливанда (2018 жылғы қазаннан қазіргі уақытқа дейін), Батыс Сахарада (2014 жылдан бастап жыл сайын 5 офицер әскери бақылаушы ретінде жіберіледі), Кот-д`Ивуарда (2016-2017 жж.), Орталық Африка Республикасында (2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін), Мали Республикасында (2022-2023 жж.), Конго Демократиялық Республикасында жалғасты.

Өткен жылы Қазақстан Голан биіктігіндегі миссия командирінің резерві ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын ұлттық бітімгершілік контингентінің құрамын жіберіп, олар биыл елге абыроймен оралды. Бітімгерлерге жоғары наградаларды тапсыру салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Голан биіктігіндегі операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет», — деп атап көрсетті.
Ал биылғы маусымда еліміз өзінің бітімгершілік қызметін дамытуда тағы бір маңызды қадам жасады. Тұңғыш рет қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Оңтүстік Судандағы Уақытша кезеңді қамтамасыз ету жөніндегі миссиясының (UNMISS) құрамына жөнелтілді. Бұл қызметке Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығының офицері, подполковник Арман Тастанбеков тағайындалды. Ол өз қызметін елдің батысындағы «Батыс» секторында, Румбек базасында, 2025 жылғы маусымынан бастап 2026 жылғы шілдесі дейін өтейді. Қазақстандық офицердің міндетіне жолаушылар мен жүк тасымалдарын ұйымдастыру және бақылау, жерүсті және әуе арқылы тасымалдауды үйлестіру, UNMISS-тің әртүрлі секторлары мен базалары арасында персоналдың, техниканың және гуманитарлық жүктердің қозғалысын ұйымдастыру кіреді.
Материалды дайындауға қолдау көрсеткен «Бітімгер» орталығының басшылығына алғыс білдіреміз.
Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері
Суреттер ҚР ҚМ сайтынан алынды