Астанада жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге бағытталған «Өмірлік таңдау» республикалық жобасы бастау алды.
Жоба аясында Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары арнайы тренинтерден өтпек. 40000-ға жуық оқушы техникалық мамандықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Бұл мақсатта бірқатар іс-шаралар легі де қарастырылған, солардың бірі жергілікті кәсіпорындарға экскурсия жасау.
Жобаны ойлап табуға еліміздегі жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың төмендігі түрткі болды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских атап өткендей, ең алдымен жастардың қызығушылығын арттыру қажет.
«Жастар қазір таңдау жасағанда қаржыгер, IT-сараптамаш, заңгер деген мамандықтарды таңдағанды жөн көреді. Ал былай қарағанда қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарға көбісі барғысы келмейді. Менің ойымша, бірінішіден оны кең көлемде дәріптеу қажет. Жастардың көзқарасын, ішкі дүниесін, менталитетін бұл тарапта өзгерту керек. Бұл жоба қазір бес облысқа енгізіліп жатыр. Өзінің нақты нәтижесін көрсеткеннен кейін, ары қарай басқа облыстарға енгізілсе де, артық болмайды. Жастардың санасы өмірлік таңдау тарапынан өзгерсе, бұл Қазақстанның дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін үлкен қадам болмақ деп ойлаймын» — деді Геннадий Шиповских.
Жобаны іске асыруда 8-10 сынып оқушылары мен 200-ге жуық педагог қамтылмақ. Семинарлар мен тренингтерді өз ісінің нағыз шеберлері өткізеді.
Аталған жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Пресс центр Азия» ҚҚ іске асырады.
«Бүгінде көптеген жасөспірімдер, мектеп оқушылары заңгер, экономист, қаржыгер, маркетолог сынды мамандықтарды таңдауды жөн көреді. «Самрук-Казына» Қоры үлкен өндірістік холдинг ретінде жастардың техникалық мамандықтарға басым көңіл бөлуіне ерекше назар аударады. Сондықтан біз «Өмірлік таңдау» жобасын іске асыру идеясын қолдадық. Холдингке кіретін қала құрылысына ат салысатын бес облысты таңдаған болатынбыз», — атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас
Ұымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның бес облысында өткізілген соғ, жобаны басқа да облыстарда да іске асыру жоспары бар.