jasqazaq.kz

Қазақстандық қамтудың үлесі артып келеді

20 қыркүйек 2024, 15:00

Жергілікті маман, кәсіпорын және отандық өнімді өндіріске көптеп тарту ұлттық экономиканың ұдайы дамуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екені белгілі. Бұл, әсіресе, елімізде мұнай-газ шикізатын өндіретін шетелдік компанияларға қойылатын негізгі талаптардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті өркендетуге септігін тигізетін осы мәселеге айрықша назар аударып келеді. Президент былтыр халыққа арнаған Жолдауында өнеркәсіпті еліміздің аумағында оқшаулау (локализация) үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, дені сыртта жүзеге асырылатын шикізатты өзімізде қайта өңдеу — оңтайлы шешім. Осыған орай, Үкіметке шетелдік компаниялардың өндірісін ғылыми-техникалық әлеуетімен қоса Қазақстан аумағына көшіруі үшін ынталандыру мен қажетті мүмкіндіктер туғызу тапсырылды. Бұл ел экономикасына тиімді. Біріншіден, жергілікті тұрғындарға жалақысы жоғары жұмыс орындары ашылып, қазынаға салық түсімі көбейеді. Екіншіден, шетелдік инвесторлардың логистикаға (тасымал) шығыны азаяды.
Қазақстандық қамтуға қол жеткізудің бір тәсілі — түпнұсқалық жабдықты өндірушілерді локализациялау (original equipment manufacturer — ОЕМ). Ол өндіріс пен технологияны жергілікті жағдайға бейімдеуді және ішкі нарықтың сұранысын қамтуды көздейді. ОЕМ бізде ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Мұнай-газ саласындағы шетелдік инвесторлар жергілікті компаниялардың сапасы жоғары құрал-саймандарын пайдалануға көшті. «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының баспасөз қызметі jasqazaq.kz сайтына хабарлағандай, Атырау өңіріндегі кәсіпкерлердің озық тәжірибесі бұған айқын дәлел. Өткен жылы аталған компания өз нысандарында ауқымды әрі күрделі жөндеу жүргізді. Сол кезде аса қат жабдық жергілікті «Атыраунефтемаш» және «Севон-Вертекс Хэви Индастри» сияқты машина жасау компаниялары тарапынан қамтамасыз етілді.
Бүгінде кез-келген саланы, соның ішінде мұнай-газ индустриясын заманауи цифрлық технологиясыз елестету қиын. Отандық IT-компаниялар шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық орнатып, өнім көлемін арттыру, өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тәжірибелі маман дайындауда елеулі жетістікке жетті. Мәселен, ТШО-ның Атыраудағы серіктестігі IT саласындағы халықаралық тәжірибені елімізге енгізіп, қазақстандық қамтуға елеулі үлес қосып отыр. Ал осы компанияның тағы бір серіктесі – «АтырауТехИнвест» биыл Жылыой ауданында балалар Roblox пен Minecraft бағдарламалау жүйесін меңгеретін Kulsary IT Smart School мектебін ашты. Бұған қоса, биылғы тасқын кезінде осы компанияның GIS- мамандары Жайықтың осал тұстарын анықтап, өзен жағасын бекітуге атсалысты.
Айта кеткен жөн, қазақстандық қамтудың арқасында шетелдік инвестордың шағын және орта бизнестің жергілікті тауар мен қызмет түрлеріне тапсырысы жылдан-жылға көбейіп келеді.

Талап Тілеген
Сурет: ТШО

05 маусым, 13:24
Түркістан: Бу-газ қондырғысының құрылысы талқыланды
05 маусым, 13:12
Түркістан: Созақта абаттандыру жұмыстары қарқынды
05 маусым, 12:35
Самат Талғатұлы: Түркістандағы ауыл тұрғындарына оңалту қызметтері қолжетімді бола түсті
05 маусым, 12:26
Түркістанда мүгедектіктің алдын алу мен оңалту қызметтері қандай деңгейде?
04 маусым, 12:21
Түркістанда тікұшақ пен дрон шығаратын зауыт салынуы мүмкін
03 маусым, 15:16
Сауран ауданында 280 мың басқа арналған құс фермасы іске қосылады
03 маусым, 14:48
Түркістан: Қазығұрт ауданындағы индустриалдық аймақта 8 жоба жүзеге асып жатыр
03 маусым, 12:49
Түркістан: Мақтаралда қоғамдық көліктер жаңартылды
03 маусым, 12:47
Түркістан: Мың шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр