jasqazaq.kz

Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады

31 шiлде, 11:55

Былтыр немістің халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты (SWP) бірінші болып Қазақстанды «Орта держава» деп таныды. Әлемдегі ірі жиырма мемлекеттің (G-20) қатарына жататын Үндістан, Бразилия және Түркияның да осы тізімге енгізілгенін ескерсек, сөз жоқ, бұл еліміз үшін үлкен жетістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдерде қазірдің өзінде біздің елімізді «Орта держава» деп атай бастағанын мәлімдеді.

Бұл тізімге қандай шарттармен алынады? Аталған мәртебе біздің мемлекетке не береді? Jasqazaq.kz тілшісі саясаттанушы-шығыстанушы Жанат Момынқұловтан осы тақырып төңірегіндегі пікірін білді.

«Қазақстанның «Орта державалар» тізіміне енуі еліміздің халықаралық сахнадағы рөлінің, геосаяси маңыздылығының артқанын көрсетеді. Бұл дәреже Қазақстанның өзін әлемдік деңгейде белсенді және маңызды ойыншы ретінде танытатын бірқатар факторлардың нәтижесінде берілген болар. Алдымен «Орта держава» деген ұғымның өзі үлкен держава мен кіші елдер арасындағы, өзара ықпалы мен ықтимал қауіптері орташа деңгейде болатын мемлекеттерді сипаттайды», – дейді сұхбаттасымыз.

Саясаттанушының айтуынша, елімізді «Орта держава» деп тану үшін бірнеше шарттар ескерілген. Атап айтқанда, олар – Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы геостратегиялық орны, халықаралық аренада ықпалы зор елдермен шекаралас болуы (Ресей, Қытай, Орталық Азия), Түркі әлемімен бауырластығы мен тығыз байланысы, Иран және Пәкістанға жақын орналасуы. Осының бәрі мемлекетімізге маңызды стратегиялық мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар, сарапшы:

«Экономикалық және энергетикалық әлеуеті зор Қазақстанның энергия ресурстары, оның ішінде мұнай, газ, уран, минералдар сынды пайдалы қазбалары әлемдік экономикада үлкен геосаяси маңызға ие. Экономикасының тұрақты дамуы, инвестициялық тартымдылығы, ішкі ғаламдық нарығы және сыртқы саудадағы белсенді қарым-қатынастары да осы мәртебені қолдайды. Сындарлы сыртқы саясаты және ықпалды дипломатиясы бар. Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағыты, түрлі халықаралық ұйымдарға қатысуы Қазақстанды халықаралық аренада біршама ықпалға ие ел ретінде танытады», – дейді.

Бұл ретте Жанат Момынқұлов «еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде ұсынған ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз бастамалары ету жөніндегі бастамалары маңызды» екеніне тоқталды. Ал халықаралық экономикалық одақтар аясында энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша нақты ұсыныстар ғаламдық қауымдастық тарапынан қолдау тауып келеді.

«Бұл мәртебе Қазақстанға бірнеше маңызды мүмкіндіктер береді. Халықаралық беделін арттырады. Атап айтқанда, орта державалар қатарына қосылу Қазақстанды әлемдік саясатта белгілі бір дәрежеде еркін әрі ықпалды ойыншы ретінде тануға септігін тигізеді. Саяси және экономикалық ынтымақтастық та артады: орта державалар халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқаратындықтан, Қазақстанға басқа елдермен, әсіресе дамушы мемлекеттермен, экономикалық және саяси ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін ашады. Орта держава ретінде Қазақстан әртүрлі халықаралық орталықтарда өз мүддесін қорғау үшін тиімді геосаяси әдіс жасап, аймақтық және жаһандық мәселелерде шешім қабылдауға ықпал етеді», – дейді саясаттанушы.

Момынқұловтың ойынша, Қазақстанның «Орта держава» мәртебесі оның халықаралық аренада белсенді әрі прагматикалық саясат жүргізу мүмкіндігін арттырады. Елдің қауіпсіздігі мен экономикалық дамуын қамтамасыз етуде оның маңызы зор. Сарапшының ойы геосаясатта толық тәуелсіз ел жоқтың қасы дегенге саяды. Бірақ әлемде геосаяси шиеленістің өршуіне қарамастан, еліміз мүмкіндігінше саяси тепе-теңдікті сақтауға күш салмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Астана аналитикалық орталықтар форумында алпауыт мемлекеттер өзара бәсекеге бас қатырып, ортақ мәмілеге келе жатқанда нақ осы орта державалардың түрлі талас-тартысты шешуде жиі ара ағайын болып, ғаламдық ынтымақтастықтың іргелі қағидаларын қолдауға атсалысатынын атап өтті. Әрине, Қазақстан мұндай жаһандық бастамаларды көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында жүзеге асырып отыр. Ал осы көпвекторлы саясаттың мәні мен маңызы қандай?

«Меніңше, көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз – белгілі бір геосаяси блокқа немесе бір державаға ғана тәуелді болмай, бірнеше ірі халықаралық ойыншылармен тең әрі сындарлы қарым-қатынас орнату қабілеті. Бұл саясаттың түпкі мәні елдің егемендігін, қауіпсіздігін және экономикалық мүдделерін барынша тиімді қорғауға бағытталады. Яғни біз тек көрші Ресей немесе Қытаймен ғана емес, сонымен қатар Батыс елдерімен, мұсылман әлемімен, түркі мемлекеттерімен, Азиядағы державалармен де өзара тиімді байланыс орнатуға мүдделіміз», – дейді Момынқұлов.

Біздіңше, сыртқы саясаттың бұл әдісінен ұтарымыз көп болды. Айта берсек, оған мысал жетіп артылады. Енді, әлдебіреулер айтып жүргендей, «ұтылар тұсымыз да бар ма?» деген сұрақтың да туындауы заңды.

«Әрине, ұтқанымыз көп. Ең әуелі көпвекторлы саясаттың арқасында Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бастап халықаралық деңгейде танылып, мемлекеттілік құрылды. Бейтараптық пен тепе-теңдік ұстанымымыздың арқасында елге инвестиция тартылды, дүниежүзінде ядролық қарусыздану бойынша үлгі елге айналдық. Бірақ шексіз бейтарап, тәуелсіз болу қиын. Бұл саясаттың тәуекелі де бары анық. Әсіресе, геосаяси текетірестер шиеленіскен тұста, айталық, Батыс пен Ресей немесе Қытай арасындағы қайшылықтар күшейген кезде Қазақстан екі оттың ортасында қалып қоймауға, өз ұстанымын абайлап сақтықпен білдіруге тиіс. Бұл – бір жағынан сын, ал екінші жағынан саясаттағы шеберлік сынағы. Яғни біз әрқашан геосаяси тепе-теңдікті ұстап тұруға міндеттіміз», – дейді сарапшы.

Әлем елдерінің қай-қайсысын да құшағымызға тартқанның еш сөкеттігі жоқ. Өкінішке қарай, «бір-екі бағытпен ғана жүре берсек болар еді ғой» дейтіндер арамызда ара-тұра ұшырасып қалады. Олар қатты қателеседі деп ойлаймыз. Сыртқы саясатта бір-екі елмен ғана жақсы болып отыра берген жөн емес. Осы ретте Жанат Момынқұлов:

«Қазақстанның сыртқы саясатының үлкен жетістігі – дәл осы көпвекторлы бағытында. Біз халықаралық алаңда “біреудің қолбаласы” болудан бас тартып, өз мүддемізді сақтап келеміз. Сондай-ақ мұндай саясат тек сыртқы күштермен ғана емес, еліміздің ішкі бірлігін сақтауға да ықпал етті.
Бұл жерде дипломатияның маңызы зор: біз ешқашан «не ол, не мен» деген жағдайға түспей, әрбір мүдделі тараппен өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ұмтылып келеміз», – дейді.

Қазақстанның бірқатар халықаралық бастамалардың орталығына айналғаны мәлім. Еліміз алда да осы деңгейден түспейтіні хақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дұрыс таңдаған көпвекторлы бағыт та өрісін кеңейте түседі. Жаһандық процестерге белсене араласа береміз.

Оразәлі Баймұрат

Сурет: DALL-E

31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады
30 шiлде, 18:26
Сырым Ертаев: Шетелде біздің табиғи етке сұраныс мол
30 шiлде, 15:30
Таяу Шығысқа тұрақтылық қажет
30 шiлде, 14:51
Сарыағашта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда