Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Украина арасында тарихи ұқсастық көп. Соның ішінде көпвекторлық саясат, осы елдерге деген алпауыт мемлекеттердің мүддесін айрықша атауға болады. Бүгінде коронавируспен байланысты туындаған дағдарыс жағдайында да қос мемлекет геосаяси ықпалдар қайшыласатын аумақта отыр.
Әлемдегі қос алып – АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейген жағдайда бұл екі ел қандай ұстанымды таңдайды? Пандемия мен экономикалық дағдарыс аяқталғаннан кейін ғаламшар қандай күйге енеді? Осы және өзге де сауалдарды украин сарапшысы Андрей Бузаров онлайн-әңгімеде «КиевСтратПро» сарапшысы Тарас Козуб, Украина саясаты институтының жетекшісі Константин Бондаренко және белгілі саясаттанушы һәм шығыстанушы Сұлтан Әкімбековке қойып көрді. Youtube арнасында жарияланған саясаттанушылардың пікірлерін ықшамдап ұсынып отырмыз.
Сұлтан Әкімбеков:
КСРО құрамында Қазақстан шалғайдағы республика болды. Қытаймен арадағы шекара жабық тұрды, яғни классикалық үлгідегі лэнд-лоу кантри – КСРО-ның бір провинциясы еді. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан кенеттен түрлі процестердің дәл ортасында қалды. Сол кезде АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алып державалардың мүддесі осы Орталық Азияда қайшыласты. 1990-2000 жылдары әлемдегі алпауыттар аймақта белсенді әрекет етті. Бұл үрдіске Үндістаннан бастап Иран, Пәкістан, Түркия, Еуропа Одағы қосылды. Содан бері геосаяси күрес тоқтаған жоқ. Жаңа деңгейге өтті десек те, 90-жылдан бері геосаяси текетірес Орталық Азияда толастаған емес. Біз осы текетірестің дәл ортасындамыз. Әлгі мемлекеттер жаһандық деңгейде өзара түрлі қарым-қатынаста болса, біздің аймақтағы олардың іс-қимылы «кілем астындағы кескілескен күрес» сипатында. 90-жылдары Ауғанстанда сондай текетірестің ашық кеткенін үрейлене бақыладық. Егер біз де дәл сондай геосаяси күрестің нысанына айналсақ, жағдайдың қиын болатынын түсіндік. Біздің мемлекеттің көпвекторлық саясаты осыны есепке алды. Әлгі үш алып пен аймақтағы ұсақ державалар өзара күресін біздің территорияда жүргізгеннен гөрі, Қазақстан мемлекетінің назарын аударуға күш салғаны керек болды. Міне, осындай субъективтілікті сақтау маңызды еді. Бізде қатаң орталық, билік вертикалі қалыптасты. Бірақ салыстыра кетсек, аймақта биліктің одан да қатаң үлгілері бар. Мәселен, Түрікменстан, осы кезге дейінгі Өзбекстан да ештеңе өзгерткен жоқ. Біз орталық билік вертикалін сақтау, экономикалық даму жолына түстік. Елімізді жаңғырту тұжырымдамасы Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің азиялық даму үлгісіне сүйенді. Бұл оңай жол емес екені түсінікті. Соңғы кезде бұған наразылық білдірушілер шыға бастады. Біреулер бір жағына шығып, американ немесе ресейлік позицияны ұстанатын кез келді дейді. Әйтсе де, біз тепе-теңдікті сақтауымыз қажет.
Еуразия экономикалық одағына келсек, әу баста негізгі идея халқы 200 миллионға жуық үлкен нарыққа шығудың тиімділігінде еді. Соның ішінде құрлықтық Азияда транзитті жолға қоюдың артықшылығы есепке алынды. Бірақ біз Ресейдегі бюрократияның тым күшті екенін ескермедік. Бізде де бюрократия бар. Әйтсе де ол либералдық экономикалық ахуалға бейімделген. Ресей тауар ағынын тоқтата алады. Кеден Одағының парадоксы мынада: Ресейден келетін тауар импортының Қазақстанда күрт көбейді. Экспорттағы тепе-теңдік туралы ешкім сөз қозғамайды. Біздің дүкендерде ресейлік тауар толып тұр. Елімізде ұсақ өндірушілер көп. Олар көрші елдегі ірі компанияларға төтеп бере алмайды. Жекелеген тауарды өткізу тіпті қиын. Стратегиялық тұрғыда біз бүкіл құжатты бірлесе қайта қарауымыз керек. Соңғы жылдары Ресей ЕАЭО-ны трансформациялағысы келеді. Айта кету керек, Президент Қ.Тоқаев өткенде мәселенің осы жағын қатты сынға алды. Одақ экономикалық жағынан маңызды. Бірақ әрмен қарайғы бағыттарды нақты белгілеп алуымыз керек.
Меніңше, қазір жаһандану белгілі бір деңгейге жетті, ары қарай кеңейе алмайды. Қазіргі модель АҚШ-қа жақпай тұр. Америка ішкі нарығын қорғауға бағыт алды. Сол сияқты басқалар да өз нарығын, өз мүддесін қорғауға тырысады.
Біз үшін геосаяси емес, геоэкономикалық форматтағы саясатты жалғастыру маңызды болмақ. Құрлықаралық сауданың болашағы зор. Біздегі орталықтандырылған билік Ресей, Қытай және АҚШ-пен қарым-қатынаста маневр жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаһандану бәрібір тиімді болып қалады. Ал Украинаның жағдайы мүшкілдеу. Меніңше, Украинаны Ресейге балама ретінде көргісі келетіндер бар. Құрдымға құлатпайды. Бірақ өз бетінше дамуға да мүмкіндік бермейді. Біз үшін Украина «бұлай жасауға болмайды» деген тәжірибе деп айтар едім.
Константин Бондаренко:
Украина 30 жыл ішінде Батыс пен Ресей арасында «тербелді». Л. Кучма басқарып тұрғанда ол алдымен Мәскеуге, одан кейін Вашингтонға, сосын Брюссельге барып, уәдені үйіп-төгіп қайтатын. Көпвекторлық уәде беру саясаты. Бірақ сөзінде тұрмау позициясы 2014 жылға дейін жалғасты. Ақырында 2014 жылы Украина АҚШ-тың «бақылауына» өтіп тынды. Өкінішке қарай, бүгін Украина мемлекеттердің де субъектісі емес, аймақта да көшбасшы емес. Украина текетірес шырмауында қалды. Ресеймен арасы нашарлады. Сондай-ақ белгілі бір деңгейде Польша, Беларусь, Венгрия Румыния және тағы басқалармен екі жақты қарым-қатынасқа әсер ететін кикілжіңдер бар. Қазақстан бүгінде көршілердің саясатына, түрлі альянс және одақтардағы мемлекеттердің ұстанымына ықпал ете алса, ал Украина 1990-2000 жылдарда құрылған одақ және бірлестіктерде пәлендей рөл атқармайды. Украина бұл жағынан мақтана алмайды. Қазір ол үлкен Пуэрто-Рико сияқты. Сыртқы саясатында, тіпті ішкі кадр мәселесінде де АҚШ-қа тәуелді. Әрбір ірі басшылыққа тағайындау жөнінде Вашингтонмен келіседі. Бірте-бірте мемлекеттік монополиядан айырылуда. Осы монополиялардағы маңызды басшылық орындарға шетелдіктер жайғаса бастады. Өкінішке қарай, бүгінгі осы ахуал өзгереді деп айта алмаймыз.
Қазақстан өз көршілерімен тариф саясаты жөнінде, қай бағытта даму керектігі жөнінде пікірталасқа түсе алады. Кіммен достасу керектігін де өзі шешеді. Украинада ондай мүмкіндік жоқ. Украина саясатына кім көбірек ықпал етеді: Вашингтондағы ресми мемлекеттік департамент пе, әлде Вашинтонга қарасты трансұлттық корпорациялар ма? Мәселе осында. Бұл бағытта қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл тұрғыдан Қазақстан мен Украина салыстыруға да келмейді. Қазақстан анағұрлым қолайлы жағдайда.
Коронавирустан кейінгі даму жолын іздеуге келсек, жіберген қателіктерді жою, қандай да бір мән-мағынаны іздеу міндеті тұр. Енді әлем бұрынғыдай болмайды дейді. Әйтсе де, ешкім оның қандай болатынын айта да алмайды. Ірі мемлекеттер арасында тартыс күшейеді. Әсіресе, АҚШ пен Қытай арасында. Бұл қандай да бір жағдайда осы гегемон елдермен байланысы бар мемлекеттер үшін қиындық тудырады.
Қазір Украина «Батыстың соңынан ес-түссіз еруге бола ма?» деген сауалға жауап іздеуде. Үкімет басшысының орынбасары Еуроодақпен қарым-қатынас шарттарын қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Басқа бағытқа, мәселен, Қара теңіз – Каспий сауда-экономикалық ынтымақтастығына ден қою керек пе? Ондай жағдайда Украина Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатады.
Тарас Козуб:
Қазақстанмен ұқсаспыз десек те, ол бізден 5-10 жыл озып кетті. Ал біз екі жақтан құда түскен қалыңдық сияқтымыз. Ақырында таңдаған «күйеу жігітіміз» алдап соқты.
Біз Еуроодақпен біржақты жұмыс істейтін қауымдастық келісіміне иеміз. Тығыз интеграцияны жақтайтындар бізде визасыз режим бар деп айтады. Еуроодақ елдеріне баруға болады. Оларға салсақ, Еуропаның шектеусіз экономикалық көмегіне арқа сүйей аламыз. Еуропалық құндылықтар орнығып келеді. Дегенмен жұрт күткендей болмады. Экономикалық тұрғыдан уағдаластықтар бар. Бірақ олар бізге қызық емес. Жыл басында өзіміз таңдайтын сауда квоталары өз алдына бөлек әңгіме. Бір мысал айтайын. Менің әкем бал арасын өсіреді. Қазір бұл істі тастады. Оның бірнеше омартасы бар еді. Бал бойынша квота жаңа жылдан кейін бір апта ішінде белгіленеді. Осыдан кейін кәдуілгі тарифпен сатылуы тиіс. Демек экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Украин элитасында қазірдің өзінде еуроскептикалық көңіл-күй ауаны байқалып тұр. Мен бірнеше күн бұрын Жоғарғы Рададағы «Халық қалаулылары» фракциясы депутаттарымен сөйлестім. Олар украин ұлттық тауар өндірушілерді қорғау үшін тосқауыл бажын енгізуді ашық айтып отыр.
Олар «украин тауарларына кедергі қойылса, біздің қай жеріміз кем» дейді. Дегенмен біздің экономика біржола құрдымға кетпейді.
Сонымен алдағы жарты жылда не күтіп тұр?
Алдағы қараша айында АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Украинаның жағдайы кімнің жеңіске жетуіне байланысты. Кім жеңсе де, жағдайымыз мүшкіл. Өйткені Украина десе, қазір америкалық саясаткерлер дірілдеп-қалшылдап кетеді. Ал Қазақстанның маневр жасауға мүмкіндігі көбірек. Аймақтағы көшбасшы. Мықты базасы бар Қытаймен ынтымақтастық орнатқан. Қандай да бір үрдістерде көршілермен тығыз байланыста. Коронавирустан кейін қай елдің қандай күйге түсетіні дәл қазір шешіліп жатыр. Қазақстанның жағдайы анағұрлым жақсырақ.
Жазып алған Талап Тілеген