jasqazaq.kz

Қазақстан мен Гарвард сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыру жобасын бастайды

14 мамыр, 17:48

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-та жоғары білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді. Маңызды нәтижелердің бірі – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гарвард университетіне қарасты Дэвис атындағы ресейлік және еуразиялық зерттеулер орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Құжат аясында тараптар академиялық және ғылыми бағыттарда бірлескен бастамаларды іске асыруға уағдаласты. Атап айтқанда, тарих, саясат, экономика, тұрақты даму және басқа да салалар бойынша академиялық алмасулар, соның ішінде стипендиялар мен ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру қарастырылған. Ғалымдарға бірлескен жобалар шеңберінде Гарвард университетінің кітапхана және архив қорлары уақытша қолжетімді болады.
Тараптар Қазақстанның тарихи мұрасын сақтау және ілгерілету мәселесіне айрықша назар аударды. Осыған байланысты Гарвард университетінің Хоутон кітапханасымен бірлесіп, Қазақстанның сирек кітаптары мен қолжазбаларынан тұратын жинақты цифрландыру және каталогтау жобасын іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба аясында зерттеушілер мен студенттер үшін қолжетімді болатын электрондық дерекқор әзірленіп, Қазақстан мен АҚШ кітапханалары мен архивтерінің мамандары арасында сирек басылымдарды сақтау, жүйелеу және зерттеу бойынша тәжірибе алмасу көзделіп отыр.
Сондай-ақ қазақстандық жинақтарға арналған көрмелер мен мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл еліміздің бай мәдени және тарихи мұрасына жаһандық назар аудартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сирек кітаптар коллекциясы негізінде қазақстандық университеттердің студенттері мен зерттеушілеріне арналған оқу курстарын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде қазақстандық білім және ғылыми мекемелерге Хоутон кітапханасының электрондық дерекқорына қолжетімділік беру қарастырылып отыр. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білім беру үдерісінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Меморандум аясында қазақстандық жинақтар материалдары негізінде ғылыми жобалар мен жарияланымдарды қолдау да көзделген. Бұл Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеуге жол ашады.
Жасалған келісім екіжақты әріптестіктің жаңа көкжиектерін ашып, академиялық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және Қазақстанда ғылым мен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосады.
JQ-Aqparat
Сурет: ғылым және жоғары білім министрлігі

11 қараша, 11:04
Дархан Сатыбалды: Сәулеттік жарықтандыру қаланы заманауи әрі қауіпсіз етеді
10 қараша, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы