jasqazaq.kz

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуда

21 шiлде, 13:12

Әлемдегі алғашқы бітімгерлік миссиясы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) аясында 1948 жылғы мамыр айында құрылған болатын. Ол «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітім шарттарын бақылау органы» деп аталды. Кейін 29 мамыр БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күні болып белгіленді.
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына ширек ғасырға жуық уақыттан бері қатысып келеді. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қазақстандық бітімгерлік батальоны» туралы Ережені бекіту жөніндегі қаулы қабылдады. Сол жылы-ақ Қазақстан «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы аясында бітімгерлік қызметін бастады.
Қазіргі уақытта Голан биіктіктерінде подполковник Жәнібек Нұрланов бастаған Қазақстанның екінші ұлттық бітімгерлік контингенті Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты бойынша жүктелген міндеттерді атқаруда. Бұған дейін осы аймақта қызмет атқарған қазақстандық алғашқы құрам да алдарына қойылған барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болған еді.
Біз қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының (KAZCENT) бастығы, полковник Уәлихан Байкеновке жолығып, бітімгерлерді дайындауға қатысты бірнеше сұрақтарды қойған едік.

Уәлихан Мирамұлы, қорғаныс министрігінің Бітімгерлік операциялар орталығы қашан құрылды, әңгімені негізгі даму кезеңдерінен бастасақ.
– Бүгінгі таңда KAZCENT қорғаныс министрлігінің қосымша білім беру мекемесі болып табылады. Ол бейбітшілікті қолдау жөніндегі оқу орталықтарының халықаралық қауымдастығының) (IAPTC) және серіктес оқу және білім беру орталықтары қауымдастықтарының (PTEC мүшесі болу құрметіне және ұлттық контингенттер, сондай-ақ халықаралық әріптестер үшін өзара іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды (мамандандырылған курстар мен қарқынды тілдік дайындық) бірлесіп ұйымдастыру және өткізу миссиясын жүзеге асырады.
Орталықтың даму кезеңдеріне келсек, 2006 жылдың желтоқсанында Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институты жанынан «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» Оқу орталығы ретінде құрылған болатын. 2010 жылдың желтоқсанында ол одақтастардың жоғары трансформация жөніндегі қолбасшылығының штабы (SACT) тарапынан серіктес оқу және білім беру орталықтары қауымдастығының (PTEC) мүшесі ретінде танылды. 2019 жылғы қаңтарда UNSOC және UNPOCC курстары бітімгершілерді даярлау саласында БҰҰ-ның мойындауына ие болды. 2020 жылғы ақпанда «ҚР ҚМ Бітімгершілік даярлық орталығы», ал екі жылдан соң «ҚР ҚМ Бітімгершілік операциялар орталығы» ретінде кеңейтіліп, атауы өзгертілді.

Бітімгер мамандарын дайындау барысында қандай пәндер оқытылады?
– Бітімгершілік операциялар орталығы «БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне кіріспе», «Миссияға аттанар алдындағы дайындық», «Бітімгершілік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақтығыстар құқығы», «БҰҰ-ның штабтық офицерлері», «Азаматтық тұрғындарды кешенді қорғау» және басқа да пәндер бойынша бітімгершілік бойынша дайындық жүргізеді.
Сонымен қатар, оқу барысында әскери қызметшілер бітімгершілік қызметті реттейтін халықаралық заңнаманы, миссия мандатымен айқындалатын бітімгердің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және қақтығысушы тараптармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруды үйренеді.
Мәселен, Голан биіктіктеріне жіберілмес бұрын әскери қызметшілер осы орталықта кешенді және жан-жақты даярлықтан өтеді. Оларды оқыту тактикалық және дене дайындығынан бастап, психологиялық төзімділік пен идеологиялық қауіпсіздікке дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Мұндай жан-жақты тәсіл бітімгерлердің өз міндеттерін жоғары деңгейде орындауын, жауапкершілік аймағында табысты жұмыс атқаруын және БҰҰ мандаты аясында жергілікті халықпен тиімді өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
«Бітімгер» полигонындағы далалық оқу-жаттығу барысында қандай мәселелерге баса назар аударылады?
– Қазақстандық әскери қызметшілер бітімгерлік миссиясы аясында тыныштықты сақтау режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Сол себепті бақылау оқу-жаттығуы барысында олар әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолдана отырып, бітімгершілікке қатысты кешенді тапсырмаларды орындайды. Бұл кезде әскери қызметшілердің күрделі және тез өзгеретін жағдайда жүктелген міндеттерді орындау, сондай-ақ стандартты емес жағдайларда сауатты әрекет ету қабілеттері тексеріледі.


Болашақ бітімгерлермен инженерлік және медициналық дайындық бойынша практикалық сабақтар өткізіледі, қолайсыз климаттық жағдайларда өмір сүру дағдылары үйретіледі, сондай-ақ шабуыл, тосқауыл және кепілге алыну жағдайларындағы іс-қимыл алгоритмдері пысықталады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дербес мандатына ие болу деген сөз жоқ үлкен сенім. Жалпы Қазақстанның БҰҰ-ның осындай бітімгерлік миссияларына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді. Бұл оған қоса қазақстандық әскери қызметшілерге бағалы жауынгерлік тәжірибе жинақтауға, кәсіби даярлықты жетілдіруге және көпұлтты ортадағы іс-қимылдарға бейімделуге мүмкіндік береді.
— Әңгімеңізге рахмет!

Әбубәкір Смайылов
Суреттерді ұсынған қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

27 шiлде, 17:39
Түркістан облысында агроөнеркәсіп секторы қарқынды дамуда
25 шiлде, 19:51
Түркістан облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға
25 шiлде, 18:40
Дина Тәжібай: Заманауи трансформатор энергия үнемдейді
25 шiлде, 11:59
Түркістан: Әлеуетті инвестор айналма жол салады
23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
21 шiлде, 13:12
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуда