Қазіргі уақытта Голан жоталарында подполковник Жәнібек Нұрланов бастаған Қазақстанның екінші ұлттық бітімгерлік контингент Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты бойынша бітімгерлік миссиясын атқаруда. Бұған дейін осы аймақта қызмет атқарған қазақстандық алғашқы құрам да алдарына қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болған еді.
Қазақстандық бітімгерлер күнделікті қызмет барысында тыныштықты сақтау режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді оорындайды.
Кезекті бітімгерлер тобын аттандыру кезінде ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының (KAZCENT) бастығы, подполковник Уәлихан Бәйкенов «Әскери қызметшілерді іріктеу жан-жақты дайындық нәтижелері бойынша жүргізілді. Кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттері ескерілді. Біздің контингент БҰҰ мандаты шеңберінде қойылған барлық міндеттерді орындауға дайын екеніне сенімдіміз», – деген болатын.
Енді осы ҚР ҚМ Бітімгерлік операциялар орталығының мақсаттары мен міндеттеріне кеңірек тоқтала кетейік. Жалпы алғанда қазақстандық әскери қызметкерлерді құқықтық, гуманитарлық, тілдік және психологиялық тұрғыдан даярлаумен қатар, жан-жақты оқытумен айналысатын Алматы қаласында орналасқан осы орталық бітімгерлік ісінде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда KAZCENT Қорғаныс министрлігінің қосымша білім беру мекемесі болып табылады. Ол бейбітшілікті қолдау жөніндегі оқу орталықтарының халықаралық қауымдастығының (IAPTC) және серіктес оқу және білім беру орталықтары қауымдастықтарының (PTEC) мүшесі болу құрметіне және ұлттық контингенттер, сондай-ақ халықаралық әріптестер үшін өзара іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды (мамандандырылған курстар мен қарқынды тілдік дайындық) бірлесіп ұйымдастыру және өткізу миссиясын жүзеге асырады.
Мәселен, Голан жоталарына жіберілмес бұрын, әскери қызметшілер осы орталықта кешенді және жан-жақты даярлықтан өтеді. Орталық ұсынған мәліметтерге сүйенсек, оларды оқыту тактикалық және дене дайындығынан бастап, психологиялық төзімділік пен идеологиялық қауіпсіздікке дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Мұндай жан-жақты тәсіл бітімгерлердің өз міндеттерін жоғары деңгейде орындауын, жауапкершілік аймағында табысты жұмыс атқаруын және БҰҰ мандаты аясында жергілікті халықпен тиімді өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
Орталықтың даму кезеңдеріне келсек, 2006 жылдың желтоқсанында Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институты жанынан «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» Оқу орталығы ретінде құрылған болатын. 2010 жылдың желтоқсанында ол одақтастардың жоғары трансформация жөніндегі қолбасшылығының штабы (SACT) тарапынан серіктес оқу және білім беру орталықтары қауымдастығының (PTEC) мүшесі ретінде танылды. 2019 жылғы қаңтарда UNSOC және UNPOCC курстары бітімгершілерді даярлау саласында БҰҰ-ның мойындауына ие болды. 2020 жылғы ақпанда «ҚР ҚМ Бітімгершілік даярлық орталығы», ал екі жылдан соң «ҚР ҚМ Бітімгершілік операциялар орталығы» ретінде кеңейтіліп, атауы өзгертілді.
Қазақстандық бітімгерлердің алғашқы легінде тәжік ауған-шекарасына Қазбатты екі рет (бірінші рет штаб бастығы, сосын батальон командирі ретінде) бастап барып, екеуінде де жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындап қайтқан ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Жанарбек Мәдединовке жолығып, аталған мәселеге қатысты пікірін тыңдаған едік. Ол ағынан жарылып, отандастарының абыройлы қызметі үшін қуанышты екенін жасырмады:
«Біріккен Ұлттар Ұйымының дербес мандатына ие болу деген, сөз жоқ, үлкен сенім. Жалпы Қазақстанның БҰҰ-ның осындай бітімгерлік миссияларына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді. Бұл оған қоса қазақстандық әскери қызметшілерге бағалы жауынгерлік тәжірибе жинақтауға, кәсіби даярлықты жетілдіруге және көп ұлтты ортадағы іс-қимылдарға бейімделуге мүмкіндік береді. Ізімнен ерген іні-қарынастарыма ақынның аузымен бір-ақ тілек айтқым келеді:
Тұлпарың тау мен тасты аттап,
Төске алсаң қоңыр салқынды.
Аспан түс туың асқақтап,
Асыра берсін даңқыңды!»
Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист
Суреттерді ұсынған ҚР ҚМ баспасөз қызметі