Қазақша айту қиын ба?

06 тамыз 2021, 11:41

Міне, екі айдан бері жұрт ішкен асын жерге қойып, көк сандыққа (теледидар) телміреді. Кәрі құрлық елдері арасында өткен футбол біріншілігінен кейін басталған Олимпиада ойындары да мәреге жақындап қалды. Дүбірлі дода өткен сайын әріптестеріміздің сөз саптасын, репортажды жүргізу мәнерін, білімі мен біліктілігін сөз етеміз. Әдеттегідей, «Бойшаң бойлы», «Жерге жайсыз қонды», «Алаңның төменгі жағына барды» дейтін тіркестерді түсінбей, тіл жұтаңдығына қынжыламыз. Рас, Ғалым Сүлеймен, Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Амангелді Сейітхан шеберлігін үздіксіз шыңдап, қарым-қабілетін арттырған, жүйелі сөзімен, орынды пікірімен тыңдаушыны ешқашан жалықтырмайтын нағыз майталмандар да бар.

Бұлар Сейдахмет Бердіқұлов, Сұлтанғали Қаратаев, Орысбай Әбділдаев, Диас Омаров, Несіп Жүнісбаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Қыдырбек Рысбек, Төлеген Жұмабек сияқты отандық спорт журналистикасы саңлақтарының алдын көрген, кітабы мен мақаласын оқыған, репортажын тыңдаған, солардың сөз саптасын, ұтымды ойы мен сәтті теңеуін жадында сақтап, көңілге тоқығандар. Аға буынның тәлім-тәрбиесін алғандар. Кейінгі буын комментатордың басты кемшілігі, біздіңше, осы тақырыпты қозғаған қазақша дүниелерді оқымауында. Оның киіз кітабы (оқулық), әдістемелік құралы, сөздік қорын байытатын қайнар көзі әлеуметтік желі мен сайттар болып тұр. Содан болар, екі-үш сөйлемнен кейін айтары таусылып, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалады. Орысша тіркесті сөзбе-сөз аударып бере салады. «Қорғаушы соққыны өзіне қабылдады» (защитник принял удар на себя) дейді. Сөз қадірін білетін бұрынғы комментатор мұндайда «Қорғаушы денесімен соққыға тосқауыл болды» деп суреттейтін.

Бүгінгі қазақша спорт репортажында «рикошет», «стандарт», «фланг», «финт», «реванш» секілді терминдер өріп жүр. Сейдағаң (С.Бердіқұлов) «түлкібұлаң» деп сол финттің қазақша дәл баламасын («Қорғаушыға ұстатпай, түлкібұлаңға салды») айтып еді. «Реванш» дейтіндер, сірә, «қарымтаны» білмесе керек. «Алғашқы минуттардан түйгеніміз, біздің ойыншылар бүгін барын салмақ. Иін тіресе жиналған жаңа стадиондағылар тұрмақ, бүгінгі самал желпіген ашық күннен де ұят. Көз ұшындағы сол қапталдан біреу зырлады. Нөмірі тұрмақ, өзі көмескі. Сірә, Альберт Краснов… Межов сытылып шықты-ау ебін тауып. Соңында дүркірей қуған кілең мұрт. Қайда біздің сайыпқырандар? Бәсе! Болат Ишанов бастырмалатып келеді. Оң қапталдан арбай-сарбай Болотов та өзін сабалай түседі. Доп Болат Ишановта. Нөпір таптап кете ме, өзін қалай! Допты Болотовқа жөнелтті. Ол да қасқыр екен, жиектетіп алып барады. Нөпір солай қарай құлады. Осы кез доп қайтадан Ишановқа тиді. Алдындағы екеуді бұлтаңмен жеп қаптырып, перді-ау. Арғысын айтып неғылайын. Сорайған бойыңнан Денисовым-ай! Балаша секіреді. Қайтсін, қарсы қақпа қашық». Бұл — Сейдағаның кейіпкері, Баянауыл төңірегіндегі бір ауылдың шофері Бектайдың көлік ішінде жүргізген «репортажынан» үзінді. Қаламгер «Жүрсің-ау бір қиырда» атты әңгімесінде сонау 1958 жылы өзі куә болған оқиға туралы былай жазыпты: «Әсіресе, соңғы жылдары сол қара тілге жүйрік қазағымыздан теледидар маңдайына жөні түзу бір спорт шолушысының бітпей жүргеніне жүректің түбі сыздайды».

Бүгінгі телевизиядағы спорт саласы қара тілге жүйрік қазаққа өте-мөте зәру. Ел мен жер атауын қазақша айта алатындар да қажет болып тұр. Кітап пен мерзімді басылымды оқымайтындықтан,
ойланбастан орысшалап Ямайка, Босния и Герцеговина, Франкфурт-на-Майне, Ростов-на-Дону» демес едік. Ойлы журналистикаға қашан ойысамыз?

Срайыл СМАЙЫЛ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?