Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді

04 желтоқсан, 15:39

Цифрлық дәуірде адамдардың өмірі күрт өзгерді. Әсіресе, алаяқтар мен киберқылмыскерлердің санасы жаңарып, жаңа әдістерге көшкені байқалады. Алматы қаласы әкімінің аппаратындағы Әдеп жөніндегі уәкіл Мамай Ахетов өз басынан өткен оқиғамен бөлісіп, осы мәселеге қатысты бірқатар маңызды ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, жамандықты қайтарып, бәледен сақтайтын тіл – қазақ тілі болып тұр. Қазақ сөзі, мәдениеті мен тарихы рухани қорғаушыдай, интернет алаяқтарына қарсы тұрар қару сияқты.

Мамай Ахетов бұл жайлы өз әлеуметтік желісінде былай деп жазды:

«Біраздан бері телефон алаяқтары мазалауды күшейтті. Алдында бір сыйлы кісіден ватсап арқылы «ертеңге дейін 300 мың теңге бере тұршы» деген хабар келген. Жанымдағы сергек жандардың «тәк-тәгімен» аман қалғам. Кейін бір лауазымды тұлғаның атынан: «Пәленше пәленшеевичті білесіз бе?»- деген хабар сап ете қалды. Дереу көмекшілеріне хабарласып едім: «Алаяқтар ғой»- деді… Өткенде орысша сөйлейтін бір келіншек телефон соғып, «Казпочтадан» сізге бір тауар келіп тұр» деп әңгімесін бастады. Менің аты-жөнімді, үйімнің адресін дәл айтып тұр. Қоя салып едім, артынша басқа номерден сол дауыс сөйлеп тұр. «Алаяқтардың отрядынансың-ау, ә!?»- деп едім, тастай салды. Кеше 87478727853 деген номерден тағы да хабарласып, әйел дауысы орысша ұялы байланыс операторы екенін айтты. Мен қазақша: «Тыңдап тұрмын, айта беріңіз…» деп едім, атымды атап: «Вы же знаете русский язык, почему не говорите!?»- деп ұрса бастады. Мен: «Орысша білмеймін, не айтқыңыз келіп тұр?»- деп едім, қатты ашуланып балағаттай жөнелді. Мен де қарап қалғаным жоқ, М.Әуезовше «Мен ондай сөздерді білмеймін, осы айтқаныңның бәрін өзіңе қайтардым!»- деп салдым қазақшалап…

Қазақ сөзі бәле-жаладан қорғайтын, жамандықты аластайтын періштелердің тілі болып тұр. Сақ болайық, ағайын!» – дейді Мамай Ахетов.

Бұл оқиға қоғамдағы кибер алаяқтықтың қаншалықты қауіпті болып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, олардың жеке мәліметтерін иемденуге тырысады. Бұл алаяқтардың жұмысы көбіне әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген: олар өздерін ресми мекемелердің немесе банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, адамдарды алдайды. Мамай Ахетовтың тәжірибесі мен қаржы маманы Айбар Олжайдың пікірінше, кибералаяқтықтың көбеюіне цифрлық қауіпсіздікке деген төмен білім деңгейі себеп болып отыр.

Айбар Олжай алаяқтықтың негізгі себептерін де атап өтті:

«Кибералаяқтық – тек технологиялық мәселе емес, ол психологиялық шабуыл. Олар адамдардың ішкі әлемін зерттеп, сенімге кірудің шебері. Алдап, құпия мәліметтерді алу үшін түрлі әдістер қолданады,» – дейді ол. Сонымен қатар Айбар Олжай интернет алаяқтарының көп жағдайда егде жастағы адамдар мен интернет қауіпсіздігі туралы білімі төмен азаматтарға бағытталатынын айтады. Ол цифрлық қауіпсіздікті арттырудың маңыздылығын атап, жеке мәліметтерді қорғау қажеттігін ескертеді. Қаржы маманы, әсіресе банк жүйесіндегі ақауларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке деректеріне келгенде салғырт қарауы әрбір клиенттің басына алаяқтыққа ұшырау сынды мәселелердің келу ықтималдығын арттырады. Сондықтан Халыққа қызмет көрсету орталығымен қосқанда, әсіресе банк бөлімшелеріндегі қауіпсіздікті едәуір арттыру қажет деген пікірде.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, соңғы жылдары кибер қылмыс саны айтарлықтай артқан. Былтыр 21 000-нан астам киберқылмыс тіркеліп, қаржылық шығын 12 миллиард теңгеге жеткен. Телефон алаяқтарының әрекеттері көбейіп, әрбір 5 адамның 1-і осы әдіске алданған. Бұл көрсеткіштер алаяқтықтың әрбір азамат үшін нақты қауіп екенін айғақтайды.

Қаржы маманы Айбар Олжай алаяқтыққа қарсы бірнеше қорғаныс шараларын ұсынады:
1. Жеке деректерді қорғау: Банк карталарының нөмірін, PIN-кодты, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеңіз.
2. Тек сенімді сайттар: Қаржылық және жеке мәліметтерді тек шынайы сайттарға енгізіңіз.
3. Құпиясөздерді күрделендіру: Әр аккаунт үшін күрделі құпиясөздер қолданыңыз.
4. Қоңырауларға сақ болу: Банк немесе полиция қызметкері ретінде қоңырау шалып, деректер сұраса, әңгімені тоқтатып, өзіңіз тексеріңіз.
Цифрлық дәуірде алаяқтардың әдістері де сан алуан болып келеді, бірақ қазақ тілі мен мәдениеті олардан сақтанудың ерекше тәсіліне айналуы мүмкін. Мамай Ахетовтың оқиғасы көрсеткендей, қазақша сөйлеп, сақтық таныту – алаяқтарға қарсы қуатты қару. Әрбір азамат өз жеке деректерін қорғап, күмәнді қоңырауларға алданбауы керек. Белгісіз нөмірлерден келген хабарламалар мен кодтарды ешкімге бермеңіз. Ең бастысы, ұлттық рухымызды сақтай отырып, өзімізді және жақындарымызды интернет қауіп-қатерінен қорғауды ұмытпайық!

Олжас Әбдіхалық

04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз