Қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам

30 маусым, 11:35

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия — қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуы тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет».

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен)

Отбасы – шағын мемлекет. Демек көпшілік жерде талап етілетін заң мен тәртіп қағидаты мұнда да сақталуы тиіс. Өкінішке қарай, өз отбасында өзін қауіпсіз сезіне алмайтын, жақын адамынан зорлық-зомбылық көретін жағдайлар болып тұрады. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы  Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы мұндай тағылық әрекетпен құқықтық, әсіресе, заңнамалық тұрғыда күресті күшейту керек екенін атап көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңның күшіне енгеніне көп уақыт өткен жоқ. Аталмыш заң төңірегінде әлі де пікірталас жүріп жатыр. Біреулер «осы заңның арқасында отбасындағы зорлық-зомбылық азаяды» десе, енді біреулер «мемлекет отбасы мәселесі мен бала тәрбиесіне араласу құқығына ие бола ма» деген сауал тастайды. «Дұрыс тәрбие бере алмаса, баланы отбасынан алып кетеді» деген алып-қашпа сөз таратқандар да табылды. Қалай болғанда да, заң қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта ел ішінде құқық қорғау органдары жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталды

Еске түсірсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң оп-оңай қабылдана салған жоқ. 2020 жылы алғаш рет Мәжілісте талқыланып, бірінші оқылымнан өткен еді. Бірақ 2021 жылы жақтаушылар мен қарсы шыққандардың арасында текетірес күшейіп, ақырында аталмыш заң жобасы Мәжілістен кері қайтарылды.

Содан кейін бұл мәселе аракідік күн тәртібіне шығарылғаны болмаса, жабулы күйінде қалған. Заңды жақтаушылар 2017 жылы Қылмыстық кодекстегі отбасылық зорлық-зомбылық туралы баптардан криминалды алып тастаудың нәтижесінде отағасынан таяқ жеген әйелдер мен балалар қорғаусыз қалғанын алға тартты. Мәселен, статистикалық мәліметке сәйкес, 2021 жылы отбасылық-тұрмыстық салада 1022 қылмыс және 53 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліпті.

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың күшейгеніне назар аударды. Мемлекет басшысы: «Соңғы екі жарым жыл ішінде үй агрессорларының қолынан 300 адам мерт болды. 878 адам ауыр жарақат алды және денсаулыққа орташа зақым келтірудің 808 дерегі тіркелді. Осы салада құқық бұзғаны үшін 37 мыңнан астам адам жауапқа тартылды», — деп атап көрсетті.

Заңның қабылдануына қарсы шыққандардың өз уәжі бар. Олардың пікірінше, заңдағы кейбір түсініктемелер тиісті дәрежеде айқындалмаған. Соның салдарынан ата-ана жай ғана шапалақпен салып қалғаны үшін немесе қандай да бір міндеттемені орындауға мәжбүрледі деген сылтаумен баланы отбасынан алып кетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, баланы отбасынан «тартып әкету» туралы фейк-ақпарат биыл да жұртты шошытып тастады. Жалған ақпарат таратушылар қоғамда резонанс тудыратын мәселеде қарап қалмайтыны белгілі. Әлбетте, мұндай «жел сөз» дереу жоққа шығарылды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осы заңға қатысты былай деді: «Қазіргі қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңда қылмыстық құқық бұзушылық жасағандарды ата-ана құқығынан айыру нормалары бар. Бірақ біз жаппай ата-ана құқығынан айыру деректерін көріп отырған жоқпыз. Біздің тарихымызда мұндай болған да емес. Менің жеке пікірім – Президент қол қойған заң жаппай ата-ана құқығынан айыруға алып келеді деуге негіз жоқ».

Сенат спикері жаңа заңда балаларды отбасынан әкету туралы нормалар қарастырылмағанын атап көрсетті.  «Бұл — шындыққа сәйкес келмейтін бұрмалаушылық. Біз заңның ата-ана құқығынан айыруға бағытталмағанын қауымдастыққа жеткізуге тиіспіз. Заң әйелдерді қорғауға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», — деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өз кезегінде: «Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтың алдын алу – заңның басты талабы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру мемлекет және азаматтық қоғамның бірлескен жеңісі. Бүгінде заңға қарсы шығатындар түрлі пікірді таратып жатыр. Заңның баланы тартып әкетуге арналған туралы сөз – фейктен басқа ештеңе емес», — деді.

Сөйтіп 15 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары екі ай өткеннен кейін, 16 маусымда күшіне енді.

Айта кеткен жөн, осы заң жобасының қалыптасуына еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі қомақты үлесін қосты. Өткен жылғы қарашада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция ұйымдастырды. Сол жиында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, үкіметтік емес ұйымдар және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал етушы факторлар жан-жақты талқыланды. Соның нәтижесінде заңнамалық түзетулер қоржыны әзірленіп, Парламентке жөнелтілді.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Артур Ластаев: «Заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандардың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған. Бұл — қауіпсіз және әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Біздің кеңсе заңды әзірлеуге өз үлесін қосты. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің барлық қырларын қамтып,  ұсыныстардың ескерілуін қамтамасыз ету үшін жан-жақты талдау жүргізілді. Орасан көп дерек жиналды. Сарапшылар және қоғам белсенділерімен кеңес өткізілді», — деді.

Оның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңға күйе жаққысы келген арандатушылардың іс-әрекетіне тосқауыл қойылады.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде отбасындағы зорлық-зомбылық тек біздің елімізге ғана болып жатқандай әсер қалдыратын сөз тарап, түрлі жазбалар жарық көріп жатыр. Шын мәнінде, бұл – жаңсақ пікір. «БҰҰ-әйелдер» мәліметінше, әлемдегі 736 миллион әйелдің әр үшіншісі 15 жасқа дейін таяқ жейді немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жылына 45 мыңнан астам әйел жұбының қолынан қаза табады. 155 мемлекетте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданған. Еуропа одағы елдерінде әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда. Сондықтан тек Қазақстандағы әйелдер мен балалар отбасы тирандарынан зардап шегеді деген пікір шындыққа жанаспайды.

Айта кету керек, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту мақсатында былтырғы жылдың шілдесінен бастап ішкі істер министрлігінің бастамасымен біраз өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, арыз иесінен тұрмыстық құқық бұзушылықты тіркеудің анықтау сипатына көшу жүзеге асырылды. Екіншіден, қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталса, тек бір рет — сотта ғана татуласуға болады. Оған қоса, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық күшейтілді. ІІМ қолға алған осындай реформалау нәтижесінде былтыр кейбір құқық бұзушылықтар құрамының алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендегені байқалған. Сондықтан жаңа заң тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын тежеуші фактор бола алады. Осыған орай Мемлекет басшысы: «Жаңа нормалар біздің қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өйткені әйелдер мен балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға мүлдем қайшы келмейді, керісінше оларды күшейтуге ықпал етеді», — деді.

Жеңіл жазамен құтыла алмайды

Сонымен әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заңда қандай мәселелер қамтылды?

Өткенде заңды түсіндіру жұмыстары аясында, Алматы Өңірлік коммуникациялар алаңында арнайы брифинг өтті. Осы жиында Алматы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының орынбасары Айтан Елеусізов заңды тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуынша, жасөспірімдерге күш көрсетумен байланысты қылмыстарда тараптардың бұрынғыдай келісімге келуіне жол берілмейді.

Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралса, енді қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Оған тағайындалатын жаза түрлері: 80-ден 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл; 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.

Ал жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа  тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Баланы өлтіргені үшін педофил өмір бойына бас бостандығынан айрылады. 16 жасқа дейінгі балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған баланы ұрлағандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Заңға өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін жазаға тарту туралы бап бірінші рет енгізіліп отыр. Ал өзін-өзі өлтіруге жеткізу бойынша бұрын үш жылдан сегіз жылға дейін сотталса, енді бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру тағайындалады. Сондай-ақ бас бостандығын шектеу санкциясы алып тасталды.

Бұдан басқа, азаптау және денсаулыққа орташа немесе ауыр зақым келтіргендер бұрынғыдай бас бостандығын шектеу сияқты жеңіл жазамен құтыла алмайды. Айтан Елеусізов атап өткендей, азаптау да зорлық-зомбылықтың бір түрі болып табылады. Өйткені күш көрсету арқылы жәбірленушіге психикалық зақым келтіріледі.

Сондай-ақ заңда тұңғыш рет жасөспірімге қатысты буллинг және кибербуллинг жасағаны үшін әкімшілік жаза қарастырылды.

Бұдан былай тиісті мекемелер жасөспірімдер тарапынан немесе соларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді.

Тағы бір жаңалық — 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық көліктен ақы төлемегені үшін түсіріп тастауға тыйым салынды. Заңға мұндай өзгерістің енгізілуі бекер емес. Өйткені соңғы кезде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолақысын төлемеген оқушыларды орта жолда түсіріп кетуі белең ала бастаған. Күні кеше Павлодарда бағытты такси көлігі жүргізушісінің жасөспірім қызды түсіріп тастағаны туралы бейнежазба жарияланды. Бұл ролик әлеуметтік желіде мониторинг жүргізген кезде тәртіп сақшыларының назарына ілінді. Осы оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп, көлік жүргізушісі анықталды. Павлодар қаласы полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Арман Қаптаев жанында заңды өкілі болмаған баланы көліктен түсіргені үшін жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынғанын хабарлады. Бұл жаңа заңның іс жүзінде жұмыс істей бастағанын көрсетеді.

Наргүл Мырзахмет

Сурет: ғаламтор

 

 

 

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген