Мемлекет басшысы бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының индикаторларына қол жеткізуге бағытталған. Оның ішінде отандық қорғаныс өндірісін дамыту, оқ-дәрі сақтайтын жаңа нысандарды салу, әскери басқару жүйесін цифрландыру сияқты көптеген міндеттер көзделіп отыр.
Біз бүгін заман талабына сай өзекті болып табылатын Қарулы күштерді цифрландыру тақырыбын сөз етіп, оның негізгі бағыттарына тоқталамыз.
Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әскерлерді басқаруда цифрлық технологияларды дамыту, сондай-ақ кибер және ақпараттық кеңістіктегі іс-қимылдардың тактикасы мен стратегиясын әзірлеу міндеттері іске асырылуда.
Еліміздің қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалединов атап өткендей, ведомствоның функцияларына сүйене отырып, Қарулы Күштерді цифрландыру міндеттері үш блокқа бөлінген.
Оларға мыналар жатады: Қарулы Күштерді жинақтау және жұмылдыру дайындығы, жауынгерлік даярлық және әскерлерді жауынгерлік басқару және басқару процестері. Бірінші блоктың міндеттері — мерзімді әскери қызметке шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау рәсімдерін 100 пайыз цифрландыру, сондай-ақ армияны жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды цифрландыру. Екінші блок барлық процестерді цифрлық форматқа көшіру арқылы Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын арттыруға бағытталған. Үшінші блок әскерлерді жауынгерлік пайдалануды цифрландыруға бағытталған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, әскери міндеттілер мен мерзімді әскери қызметшілерді есепке алу цифрлық форматқа түгелдей көшірілген, бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қорғаныс министрлігінде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы электронды форматқа көшірілген.
Заманауи цифрлық технологиялардың арқасында мүдделі органдар ЖСН арқылы азаматтың тұрғылықты жерін, әскери қызметке жарамдылығын, денсаулығын, отбасылық жағдайын және тағы басқа мәліметтерді анықтай алады.
«Қазіргі уақытта әскердегі көптеген процестер автоматтандырылған, қағазбастылық қысқарған және қорғаныс министрлігінің азаматтарға қызмет көрсету түрлері едәуір жеңілдетілген», – дейді Дархан Ахмедиев.
Қорғаныс ведомствосы қазір цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеуде. Жаңа технологиялар мемлекеттік қызмет көрсету саласын ғана емес, сонымен қатар әскери басқару және ведомствоаралық үйлестіру жүйесін де қамтитын болады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев цифрландыру саласындағы бес басымдықты атады. Олар:
— «IT-инфрақұрылым және технологиялар»;
— «Процестер мен деректер»;
— «Адамдар мен дағдылар»;
— «Инновациялар»;
— «Киберқауіпсіздік».
Басты жаңалықтардың бірі — әскери басқару және басқару органдарындағы «цифрлық офицерлер». Олар конкурс арқылы іріктеліп алынды және қорғаныс ведомствосының бірыңғай цифрлық даму саясатының жетекшілері мен бастамашылары ретінде қызмет етпек.
Сондай-ақ Талдықорған қаласының әуе базасында ауқымды жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы әскери бөлімде отандық отыз IT-компанияның топ-менеджерлері болып қайтқан. Цифрлық индустрияның жетекшілері бөлімдегі қызмет процестері мен коммуникацияларды автоматтандыру мүмкіндіктерін зерттегеннен кейін іске асыру үшін 14 бағыт бойынша шешімдер ұсынған көрінеді.
Қорғаныс министрлігі IT-индустрияны және Қарулы Күштерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын интеграциялау және әскерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін тиімді басқару үшін осы бағыттағы мамандарды даярлау жүйесін дамыту және жетілдіру жоспарын әзірледі.
ІТ-мамандарын даярлайтын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен меморандум жасасты. Алғашқы мамандар осы оқу орнын 2021 жылы бітіріп шықты. Бүгінгі таңда 30-дан астам курсант «Әскери істегі киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алуда.
IT және киберқауіпсіздік мамандарын даярлау бағдарламалары қайта қаралып, ақпаратты қорғау кафедраларының оқу жоспарларына өзгерістер енгізілді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасына басқарудың автоматтандырылған жүйелері кафедрасы қайта бейінделеді. Бағдарламаларды жасақтау және ақпараттық жүйелерді құру саласындағы реформалау әскери IT-мамандарды даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында да осы бағытта мамандар даярлау қолға алынғанын айта кету керек. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетінің әскери кафедрасында бірнеше жылдан бері «Автоматтандырылған басқару жүйелерінің жұмыс істеуін ақпараттық қамтамасыз ету», сондай-ақ «Автоматтандырылған басқару жүйелерінің жұмыс істеуін математикалық және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша запастағы офицерлерді оқытуда.
Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация стратегиясын жүзеге асыру Қазақстан армиясының зияткерлік тұрғыдан дамуына, демек оның жауынгерлік әзірлігін арттыра түсуге, түптеп келгенде еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға оң ықпал ететіні анық.
Әбубәкір Смайылов,
ҚР Қарулы Күштерінің ардагері,
ЕҰУ Әскери кафедрасының оқытушысы