Обырға қарсы халықаралық одақ бастамасымен жыл сайын ақпан айының басында «Дүниежүзілік обырға қарсы күрес» күні аталып өтеді. Осыған байланысты елімізде 1-10 ақпан аралығында онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау туралы онкүндік басталды. Оның мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде онкологиялық ауруды ерте анықтау.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, былтыр елімізде 36353 науқас алғашқы рет анықталып, көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 196,5 құрады. Тек Жамбыл облысында өткен жылы 1567 науқас алғашқы рет анықталды. Науқасқа шалдыққандардың 52,1 пайызы әйел, 47,9 пайызы ерлер.
Өлім-жітімге келер болсақ, елімізде 2019 жылы 14060 ауру қайтыс болды.Яғни, 100 мың адамға шаққанда 76 пайызға тең. Өткен жылы өңірде қатерлі ісікпен ауырған 1567 адам бірінші рет тіркеуге алынды (2018 жылы-1587), оның 58,3 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін аурудың алдын алу және ертерек анықтау қажет.
Статистикаға жүгінсек, аймақта 2019 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша өкпе қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Нақтырақ айтсақ, арушаңдық 11,8 пайызды құрап отыр. Екінші орында 11,5 пайызбен сүт безі қатерлі ісігі, тері қатерлі ісігі – 10,1 пайыз, асқазан қатерлі ісігі – 8,1 пайыз, жатыр мойны қатерлі ісігі – 4,3 пайыз, бауыр қатерлі ісігі – 4,0.
Қазіргі таңда облыста 7360 (2018 жылы 7194 адам) онкодиспансерде есепте тұрады. Қазір емдеу шаралары аурудың түріне және оның деңгейіне байланысты жүргізілуде. Тұрғындарға облыс орталығында 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде. Айта кететін жағдай, 2017 жылы қаңтар айынан бастап сахпоселок аумағында (бұрынғы онкодиспансер ғимаратында) 30 төсектік хоспис ашылды. Бұл жалпы ауыр жағдайдағы науқастардың тіршілігін уақытша жақсартуға арналған.
Адамның ең қымат қазынасы – денсаулығы, оған немқұрайды қарауға болмайды. Бастысы, дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдеу жұмысына аса көңіл аудару керек. Яғни емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, тері, қалқан безі обырына әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдесе, ауру асқынбайды. Сондықтан әрбір адам емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға қаралған кезде әйелдер мен ерлер арнайы тексеруден өткені жөн.
Қазіргі таңда обырға шалдыққан науқастардың 42 пайызы 65 жастан асқандар. Осыған байланысты оларды емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда обыр ауруына тексеру жұмыстары жалғастырылуда. Сондықтан 65 жастан асқан адамдар емханалардағы әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен тексеріліп өткені жөн.
Жұртшылық қашанда медициналық көмек алуға алдымен емханаларға, дәрігерлік амбулаторияларға жүгінетіндіктен, онкологиялық сақтық шараларын жүргізуге аталған емдеу мекемелерінің мамандары үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Облыстық онкология диспансері онкологиялық сақтық принциптерін енгізу және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау мақсатында 5 семинар өткізіліп 165 дәрігер мен 45 орта буынды мамандар біліктілігін арттырды. Бұл жұмысты жергілікті онколог және маммолог дәрігерлер де жалғастыруда.
Қатерлі ісікті анықтаудың бір жолы – нысаналы топтағы тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу. Қазіргі таңда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтау масатында скринингтік тексерулер жалғастырылуда. Мәселен 2019 жылы 54085 әйел сүт безі обырын анықтайтын скрининг тексеруден өтті. Нәтижесінде 58 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Оның ішінде I сатысндағы –24,1, II сатысындағы-74,1 пайыз. Яғни, бұл аурулар жақсы емделеді деген сөз. III сатысындағы-1,7 пайыз. Дерт неғұрлым алғашқы сатыларда анықталса, емдеу нәтижесі жоғары болады.
Жатыр мойны обырын анықтаудан 57831 әйел скрининг тексеруден өтті. 15 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталды.Тоқ ішек, тік ішек обырын анықтаудан 58382 адам скрининг жасалды. Сонымен бірге денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2018 жылы 1 қаңтардан бастап сүт безі қатерлі ісігі бойынша нысаналы топтағы әйелдердің жасы 40-тан 70-ке дейін болып бекітілді, яғни әр әйел 2 жыл сайын 1 рет маммографиялық тексеруден өтуі қажет.
Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша топтағы әйелдердің жасы 30-дан 70-ке дейін белгіленіп, тексеру аралығы 4 жыл болып бекітілді.
Тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі нысаналы топтағы адамдардың жасы 50 мен 70 аралығында. Демек, 2 жыл сайын 1 рет үлкен дәретті жасырын қанға тексеруден өткізуі қажет.
Жоспар бойынша 2020 жылы сүт безі қатерлі ісігіне – 63202, жатыр мойны қатерлі ісігіне – 58298 әйел, тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне 70336 адамды скрининг тексеруден өткізіледі. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда көп жоғары.
Тағы бір айта кететін жағдай жыл мезгілінде түрлі себеппен дәрігерге жүгіну кезінде емханадағы ерлер мен әйелдерді тексеру кабинетінен өтуі қажет. Себебі тексеру кабинеттерінде көзге көрінетін қатерлі ісіктерді (тері, жатыр мойны, сүт безі, қалқанша безі, ауыз қуыстары, тік ішек т.б.) ерте сатыда анықтауға болады
А. Нұржанов,
Жабыл облыстық онкология