Осыдан бір апта бұрын орысша қойған сұраққа сол тілде жауап бере алмаған автобус жүргізушісіне қатысты оқиға елді елең еткізді. Қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова «№ 207 автобустың жүргізушісі менің сұрағыма орыс тілінде жауап бермеді» деп айыптап, Facebook желісіне тікелей эфирге қосылып, оқиға жанжалмен аяқталған болатын. Бізге сол күнгі даудың мән-жайын автобус жүргізушісі, Қытайда туып-өскен Қастер Серік әңгімелеп берді.
Қастердің айтуынша, оқиға 24 қазан күні кешкі уақытта болыпты. «Мен жүргізетін №207 автобус Саяхат бекетінен Талғарға жүреді. Оқиға болған күні салонда адам толы болды. Бесағаш маңына келгенде бір келіншек маған орысша сұрақ қойды. Бар айтқаным «руский не понимаю, қазақша айтыңызшы» дедім. Сол сәтте ол ұялы телефонын шығарып, видеоға түсіріп, орысша бірдеңелерді айтып жатты. Мән бермедім, автобусты жүргізе бердім. Ол кісі Facebook-те тікелей эфирге шыққан сияқты. Сөзінен там-тұмдап түсінгенім, автобустың жүргізуші маған орыс тілінде жауап бермеді деп жатқандай болды. Сол сәтте салон ішіндегі бір келіншек: «Ол неге саған орысша жауап беруі керек? Сен өзі қайда тұрып жатырсың?» деді. Содан автобус іші айғай-шу болып кетті. Мені видеоға түсіріп тұрған келіншек біреудің аяғын басып кетіп, «ары тұр», «бері тұр» десіп ұрыс басталды», – деп мән-жайды түсіндірді.
Талдыбұлақ ауылына жеткенде Қастердің автобусын учаскелік полицей тоқтатып, бөлімшеге алып кетіпті. Бастапқыда қоғам белсендісі жүргізушіге «орысша жауап бермеді» деп арызданғысы келген. Кейін автобус ішінде жанжалдасқан келіншектің атына шағым түсіріпті.
Қастер Серік оқиғаның куәгері ретінде шақырылғанын айтты: «Тәшімова деген белсенді менің атыма прокуратураға арыз түсірмепті. Тек мен жұмыс істейтін автопарк басшылығына шағым түсірген. Қазір демалыстамын. Парк басшылығының маған қатысты қандай шара қолданатыны әлі белгісіз. Ол жақтан хабар келмеді. Бұл оқиғада менің құқығымды қорғайтын қорғаушылар бар», – деді.
Қастерден «орыс тілін білмегеніңіз үшін осыған ұқсас оқиғалар болып тұра ма?» деп сұрағанымызда, ол бірден «Жол үстінде жүргеннен кейін мұндай оқиғалар жиі болады. Орыс ұлтының өкілдері өз тілдерінде сұрақ қояды. Бірақ бірден «орысша білмеймін, қазақша айтайын» деймін. Өз елімізде жүріп бір-бірімізбен басқа тілде сөйлесуді түсінбеймін. Миллиард қытайдың арасында жүрсе де, Қытайдағы қазақтар қазақша сөйлеседі. Ал Атажұртыма келгенде, біреулердің менен орысша сөйлеуді талап еткенін түсіне алмадым», – деп жауап берді. Сұхбат кезінде ол «орыс келіп маған орысша білмедің десе бір жөн. Ал қазақ келіп «неге орысша білмейсің» дегенін түсіне алар емеспін» деп таңданды.
Оқиғаға себепкер болған қоғам белсендісі Салтанат Тәшімованың Facebook парақшасына «Не себепті осындай әрекетке бардыңыз?» деген сауал қалдырдық. Алайда ол бұл жағдайға байланысты әлі жауап бермеді.
Тақырыпқа орай
Жеңіс Тәуекел, автопарк қызметкері:
«Жүргізушілердің еңбек келісімшартында «орыс және қазақ тілін білуі керек» деген талап жоқ. Қазақ тілін білу бізде міндетті. Мемлекеттік тіл қазақ тілі ғой. Орыс тілін білмейді деп жұмысқа алмау керек пе? Мемлекеттік органдарда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында екі тілде жауап беруі керек шығар. Ал бізде ондай шектеу жоқ».
Маман пікірі
Мейірман Шәкеев, қорғаушы:
«Салтанат Тәшімова Қастер Серіктің атынан жұмыс істейтін автопарк басшылығына шағым түсірді. Шағымында оқиғаға басты себепкер ретінде көрсеткен. «Дау Қастердің орыс тілінде жауап бермеуінен туындады» деп жазыпты. Осы оқиғаға байланысты жұма күні автопарк басшылығымен кездесемін. Кез келген жұмыскер жұмыс берушімен келісімшартқа отырады. Парк басшылығынан «жұмыскерлеріне екі тілде жауап беруі тиіс» деген талаптың бар-жоғын сұрағанымда, ондай талап жоқ екенін айтты. Сондықтан олар да Қастерді «орыс тілін біл» деп міндеттей алмайды. Мемлекеттік мекеме мен жергілікті атқарушы органдарда ондай талаптар бар. Ал автопарк мемлекеттік органға жатпайды. Сондықтан С.Тәшімованың шағымы орынсыз. Біз Қастердің құқығын қорғауға дайынбыз».
Жазып алған
Мақпал Ноғайбаева
Редакциядан: мемлекеттік тілдің мәртебесіне сызат түсірген осы мәселені назарда ұстап, тақырыпқа тағы да ораламыз.
Асылы Осман, қоғам қайраткері:
«Талап болмаса, ешкімге де бұл тілдің қажеті жоқ»
Қазақтың жан дүниесін ұғатын, болмысына бойлайтын дүние – ол тілі. Қазақтың тілі, қазақ топырағының иесі де, киесі де болғандықтан, қазақтың тілі — мемлекеттің тілі. Мемлекеттің тілі бәрімізге ортақ. Тіл ортақ болмай, қоғам еш уақытта топтаспайды. Тілдің рөлін барлығы білуі керек. Тіл – адам жаны, ұлттың жаны. Рухының үні. Ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Мейлі, қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, ұлттық құндылығын, әдебиетін, мәдениетін көмейдегі сөзбенен таңдайдағы тілі арқылы ғана жеткізеді. Ал сол тіліміздің жаны — сөз. Тіл – ұлттың жаны болатын болса, сөз – тілдің жаны. Сондықтан бұл тілде сөйлеу, білу әрбір қазақстандықтың — азаматтық борышы әрі міндеті. Бірақ біз мұндай талапты қойып жатқан жоқпыз. Ондай сұраныс та жасамадық. Оның қажеттілігін де арттырмадық. Қазақ не дейді: «Ұстазы талаптының, шәкірті талантты болады» дейді. Менің елім осы мемлекеттің тілін ешкімнен сұрамайды. Орыс тілін білмеген адамнан, сол тілде жауап беруді талап етудің еш қажеті жоқ. Мысалы, мен өз басым орыс болсын, басқа болсын, қазақша амандасамын.Такси шақырғанда да сөйтемін. Одан кейін барып, «қазақша білесің бе» деп сұраймын. Егер түсінбесе, «жаман» орысшаммен түсіндіремін. Тәуелсіздік алған кезде «ана тілді қырықтан кейінгілерден емес, қырыққа дейінгілерден талап етуіміз керек» деп айтқанмын. Талап болмаса, ешкімге де бұл тілдің қажеті жоқ. Мемлекеттік тұрғыда ерекше мән беруіміз керек. Ата заңымыздың жетінші бабы бірінші тармақшасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Екінші тармақшада орыс тілі – ресми тіл. Үшінші тармақта – өзге ұлттың тілін дамытуымыз керек делінген. Бізде екінші, үшінші тармақша орындалады. Ал бірінші тармақшаны орындамаймыз. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Бірінші орынға тәрбиені қоюымыз керек. Ұлымызды ұлықтай білейік, қызымызды қылықты етіп тәрбиелейік!