Қасиетті кітапқа қастандық немесе орта ғасырға оралу

07 тамыз 2023, 13:46

Стиг Ларссон – швед әдебиетінде есімі әйгілі қаламгер. Күллі әлемге көз жұмған соң жарық көрген детектив жанрындағы шығармаларымен танылды. «Айдаһар таңбалы қыз» атты романның желісімен кино да түсірілді. Журналист-жазушы өткен ғасырдың 60-шы жылдары еуропаның терістігінде билік пен күштік құрылымдарға сыналай кіріп, қатыгездік пен азғындықты уағыздаған әсіре оңшылдар мен радикал күштердің зор қауіп екенін ескертіп кетті. Ол террорлық әрекеттің құрбанына айналған швеция премьер-министрі олоф палмеге жасалған қастандықтың арқасында кімдер тұрғанын анықтауға тырысты. Өмірден ерте Кеткен (50 жасында) Стиг Ларрсон қазір тірі болғанда қаланың қақ ортасында қасиетті құранды өртейтіндер мен олардың қолтығына су бүріккендер жөнінде небір мәлімет жарыққа шығар ма еді.

Әзірге діни рәмізге қол көтерген Расмус Полудан мен Салуан Момикаға қатысты толыққанды мағлұматтан гөрі күмән көп. Алғашқысы 2020 жылдың тамыз айында Данияны шулатып жүрген. Тыйым салынғандықтан швед жеріне кіре алмайтын. Сол жылы қазан айында аяқ астынан оған Швеция азаматтығы беріледі. 2021 жылы кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасады деп айыпталды. Жергілікті тілде дұрыс сөйлей алмаса да, партия құрады. Ұйымның мақсаты – мұсылман мигрант пен исламға қарсы өшпенділік ұрығын себу. Өзін қолдап, қорғайтын тоқпағы мықты қолдаушыны тапқан сияқты. Тегі ирақтық Момиканың да жүрісі сұйық.

Бес жыл бұрын Скандинавия түбегіндегі осы мемлекетке келіп, саяси баспана алады. Өзін атеист деп таныстырған. Алайда «құдайсыздың» түп-тегін қазбалаған араб блогерлері оның Ирақтағы христиан қауымының өкілі екенін анықтайды. Бұл бастапқыда ғаламторда желдей ескен «мұсылман өзінің қасиетті кітабын өртеді» деген алып-қашпа сөзді теріске шығарды. Сондай-ақ Швецияға келген соң Момиканың өзі сияқты мұғажырларды (мигрант) елден аластатуды талап ететін «патриоттардың» ұйымына өз еркімен қосылу да әлгі күдікті қоюлата түскендей. Күмән демекші, ашулы тұрғындар Бағдат шаһарындағы швед елшілігіне лап қойғаннан кейін ол көп күттірмеді. Енді Стокгольмдегі парламент ғимараты алдында өзінің бұрынғы отандасы Салуан Нәжиммен бірге жымысқы ниетін іске асырды.

Сот рұқсат бергендіктен, тәртіп сақшылары әдеттегідей жайбарақат бақылап тұрды. Кәрі құрлықтың теріскейінде иісі мүміннің наным-сеніміне қастандық үдегелі түрлі болжам айтыла бастады. Қайсыбір сарапшы мұны «Швецияның НАТО-ға мүше болуына кедергі туғызу» деп топшылады. Ал билік демократияны алға тартты. «Жараспайтын қылық. Бірақ бізде пікір еркіндігі бәрінен биік» дегенге келтірді. Құрбан Айттың алғашқы күні қасиетті кітап өртенгенде полиция өкілі Юлия Маричтің «Конституциялық қорғау от жағуға тыйым салудан маңыздырақ» деуі көп нәрсені аңғартса керек. Мұсылман қауымы мен жер бетіндегі ешбір дінді жатсынбайтындар мұны баяғыдан келе жатқан «Исламға қарсы қысастықтың сұмпайы көрінісі» деп бағалады. Талассыз ақиқат.

Салман Рушдидің сандырағымен басталған діни вандализм әлі де жалғасып жатыр. Қанша уақыттан бері жасырынып, тығылып жүрген жалдамалы жазушысымақтың жолын қуушылар жетерлік. Тіпті білдей бір журнал, мұхиттың арғы жағындағы пастор да арам ниетті амалдан тайынбады. Теология зерттеушілеріне жүгінсек, Еуропада діни кітапты өртеу тарихы тереңде. Орта ғасырларда яһудилердің Талмудын бірнеше рет отқа лақтырған. Өткен айда швед елінің бір тұрғыны еврей мемлекетінің елшілігі алдында Інжіл мен Тораны өртеу үшін полицияға жүгінді. Рұқсат беріледі. Израиль басшылығы мұны үзілдікесілді айыптады. Қорықты ма, әлде біреулер көндірді ме, кім білсін, әйтеуір, әлгі кісі райынан тез қайтыпты. Әлемдік дін көшбасшыларының сьезін өткізіп, конфессияаралық татулықты ту еткен Қазақстан миллиардтардың сенімін қорлайтын бассыздықты үзілдікесілді айыптады. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропа елдеріндегі Құранды өртеу актілері қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандату деп бағалады. Президент мұндай жауапсыз әрекет бірауыздан айыпталып, БҰҰ Бас Ассамблеясы осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі тиіс екенін мәлімдеді.

Көп өтпей, еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарарының тең авторы болды. Өрелі өркениет пен мәуелі мәдениеттің бесігі болған Еуропада бүгінде дінаралықтың келісім емес, керісінше, төзімсіздік пен өшпенділік елесі кезіп жүр. Бірер жыл бұрын осы құбылыс жайында (Еуропа 2.0) жазғанбыз. Бұған Азия мен Африкадан ағылған толассыз көш, кәрі құрлықтың саяси, діни және мәдени келбетінің өзгеруі, отбасыдағы дәстүрлі құндылықтың қадірі қашып, азғындықтың жайылуы себеп болса керек. Ақжарылқап заманда алаңсыз тіршілік еткен елдерде тілі мен наным-сенімі бөлек кенттер көбейді. Тұрмыс ауыртпалығы тұрақтылықтың іргесін шайқады. Саяси сахнаға популистер, ымырасыз радикалдар, діни алауыздықты қоздыратын ұртоқпақтар шықты. Сірә, біз білетін өркениетті Еуропаға оралу үшін, тағы да Қайта өрлеу қажет сияқты.

 Срайыл Смайыл,
шолушы

Jas Qazaq газеті, 04.08.2023

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?