
Қазіргі уақытта қаржы жағынан сауатты болудың маңызы зор. Заман талабы сондай. Есебің түгел болмаса, есең кетеді. Сондықтан ендігі жерде банктен көп ұтылмаудың, қай салада да өріп жүрген алаяқтың торына түсіп қалмаудың жолын қарастырған абзал. Ал оған ең алдымен қаржы сауаты керек. Әрі соңғы кездері осы тақырып жиі қозғалып жүр. Соған орай, Jasqazaq.kz белгілі экономист Мақсат Халықтың қаржы сауаты жөніндегі пікірін оқырман назарына ұсынады.
Несие алғанда және депозитке ақша салғанда нені ескеру керек?
Ең әуелі пайыздық мөлшерлемені анықтап алу қажет. Оның екі түрі болады. Біріншісі – атаулы мөлшерлеме. Екіншісі – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі. Көп жарнамаларда бұлардың біріншісі көрсетіледі, яғни билбордта, басқа да жерлерде «12 пайызбен несие береміз» деп айғайлап тұруы мүмкін. Бірақ соның төменгі жағына кішкентай әріптермен «27 пайыздан басталады» деп жазып қояды. Бұл – жаңағы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі.
Осы тұста айта кететін жайт, қазір «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Онда пайыздық мөлшерменің нақты мөлшерін олай жасырын жазуға болмайтынын талап ететін тармақ енгізілмек. Ол қабылданып, күшіне енсе, болашақта бұл жағынан түйткіл туындамасы анық. Ал әзірге осы тұрғыда несие алғалы жатқан адамның өзі құнттылық танытқаны жөн. Ол банк менеджерінен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қанша екенін сұрауы керек. Сонда маман оның қаржылық сауаты бар екенін түсінеді де, басқаша сөйлесе бастайды. Міне, ең алдымен осы мәселені ескеру керек. Несиені жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ең төмен банктен алған жөн.
Екінші мәселе – келісімшартты міндетті түрде түгел оқып шығу керек. Онда «Егер инфляция деңгейі 10 пайыздан жоғары болса, банк сізбен келісімшартты қайта қарастырады» деп жазылуы мүмкін. Мұндай тармақ бар болса, оны алып тастауды сұраңыз. Егер бұл өтінішіңізді орындамаса, ол банктен несие алмаңыз.
Байқасаңыз, биылдың өзінде инфляция деңгейі 13 пайыз болып тұр. Жыл соңына дейін дейін ол тіпті 15 пайыздан асып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда келісімшартында жаңағыдай тармағы бар банктер оны сізге ескертпей-ақ, біржақты қайта рәсімдеп, қайта қаржыландыруға жібере алады. Сөйтіп инфляция 10 пайыздан асқанда, ай сайынғы төлеміңіз өсіп шыға келеді.
Үшінші мәселе осы ай сайынғы төлемді беру әдісіне келіп тіреледі. Мұның да екі жолы бар. Олар – аннуитеттік және дифференциалдық. Негізі банк менеджері сізден «осының қайсысын таңдайсыз» деп сұрауы керек. Бірақ көбі оны сұрамайды. Бірден аннуитеттік төлемді ұсына салады. Бұл әдіс бойынша бірінші несиенің үстеме пайызы төленеді. Онда, мысалы, 1 миллион теңге алдыңыз делік. Соның ай сайынғы төлемін уақытылы төлеп жүріп, бір жылдан кейін түгел жауып тастайын деп келсеңіз, қалғаны әлі сол 1 миллион теңге болып тұрады. Өйткені сіз соған дейін несиенің пайызын ғана төлеп келдіңіз. Ал дифференциалдық төлемде ондай емес. Оның тең жартысы негізгі қарыздың өтеміне кетіп отырады. Сөйтіп, әлгі 1 миллионды бір жылдан кейін түгел жабамын десеңіз, бұл жолы, оның, кем дегенде, 300 мың теңгесі жабылып тұрады. Әрине, сізге осы жол тиімді.
Алайда дифференциалдық төлемнің сәл қолайсыздығынан қашатындар бар. Өйткені аннуитеттік әдісте о баста бекітілген ай сайынғы төлем несиені толық жауып біткенше өзгермейді. Жұрт соны ыңғайлы көреді. Ал дифференциалдық әдісте ол өзгеріп, азайып отырады. Ондайда ай сайын кестеге қарау керек. Көп клиент содан шатасамын деп, аннуитетті таңдай салады. Әрине, егер менеджер сұрап жатса. Бұл дұрыс таңдау емес деп ойлаймын.
Жалпы, өз басым несие алмауға кеңес беремін. Өйткені бізде оның үстеме ақысы тым жоғары. Осы айда базалық пайыздық мөлшерлеме 18 пайыз деп белгіленді. Соған сай, көптеген банкте ипотекалық несиенің сыйақы мөлшерлемесі 25 пайызға жетті. Енді ойлап қараңызшы, оны 25 пайызбен алсаңыз, 20 жылда бір үйдің үстіне қанша үйдің ақысын қосып төлейсіз?
Тұтынушылық несие де қымбат. Ол заң бойынша 56 пайызға дейін бекітілген. Жоғарыда атап өткен заң жобасында бұл мәселе де қарастырылады. Меніңше, ол 30 пайызға дейін түсуі керек. Әрине, мұны да көп дейтіндер бар. Бірақ 56 пайыздың жанында ол да жақсы ғой.
Сосын, жалпақ тілмен айтқанда, несиені шамаға қарап алу керек. Оның төлемі отбасыңызға қаншалықты салмақ түсіретінін ойлаңыз. Дамыған мемлекеттерде мұндай төлем отбасыға түсетін жалпы табыстың 20 пайызынан аспайды, яғни 80 пайызы өз қажеттілігіне жұмсалады. Ал бізде отбасылардың банкке беретін ақшасы табысының 50 пайызынан асып кетеді. Арты қалай болатынын ойламай, көзді жұмып ала береді. Бұл жақсы емес. Ол түптің түбінде қаржылық қиындыққа тірейді. Үйде кикілжің туып, тіпті ажырасуға дейін баратын жайлар аз емес.
Ал депозит салуға банк таңдағанда, оның қаншалықты сенімді екенін біліп алған абзал. Қаржылық ұйымның рейтингін анықтайтын Standard & Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s сияқты халықаралық агенттіктер бар. Соларды қарау керек. Біздің елдегі кей банктер BBB+ деген белгіде тұр. Бұл – Орталық Азия бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Ал Еуропа елдерінде AAA деңгейіне дейін жеткен банктер бар. Бұл ең сенімді дегенді білдіреді. Қазақстанда ондай көрсеткіш жоқ болғанымен, жаңағы BBB+ дегенге сенуге болады. Ал белгіде C әрпі жүрсе, оған жоламаған жөн. Мысалы, Tengri Bank банкрот болардың алдында оның рейтингінен сондай белгі шықты. Мұндай кезде ақшаны дереу шешіп алып, басқа банкке аударған дұрыс.
Көпшілік депозиттің пайызы қай банкте жоғары екеніне қарайды. Әрине, ол қате әрекет емес. Бірақ одан гөрі банктің өзі қаншалықты сенімді екеніне мән берген дұрысырақ.
Жалпы қаржыгердің «жинайтын қаражатты бір ұяшықта сақтамау керек» дейтін ережесі бар. Ақшаңыз бір ғана банкте немесе үйдегі сейфте тұрмауы тиіс. Қаржыны бірнеше банкте, бірнеше валютамен ұстаған жөн. Құнды қағаздарға да айналдыру қажет. Тіпті алтын алып қойған да дұрыс. Қазір оның бағасы қатты өсіп жатыр.
Қаржы пирамидасынан қалай сақтану қажет?
Ең алдымен қаржылық сауатыңыз болуы керек. Осы салада білім алған дұрыс. Бұл қаржы алаяқтарынан алданып қалмауға белгілі бір дәрежеде септігін тигізеді. Қазір ақшаны алдап алудың неше түрлі амалы шықты ғой. Әрине, оған технологияның қарыштап дамуы көп әсерін тигізіп жатыр. Алаяқтар оның соңғы жетістігі – жасанды интеллектіге дейін бәрін қолдануда.
Алданбау көбіне адамның өзіне байланысты. Біреулер ақшаңызды тез арада көбейтіп беруді ұсынып жатса, эмоцияға берілмей, салқынқанды шешім қабылдау керек. «Асыққан сайтанның ісі» дейді ғой. «Ойланайын, ертең жауап берейін» деп айтқан жөн.
Қаржы пирамидаларының өзінің сұлбасы, бет-бейнесі бар. Олар көбінесе туысқандар, достар арқылы келеді. «Маған сенбей тұрсың ба?» дейді. Ондай кезде өзіңіздің ішкі түйсігіңізге сенген дұрыс.
Екінші мәселе: олар «Тез арада ақша еселеп алып, байып кетесің» деп өтірік пайыздық табыстарды уәде етеді. Шын мәнінде қаржы сауаты бар адам бұған сенбейді. Ол миллион теңгесін депозитке салып, 17 пайыз кірісі болса, жылдың соңында 170 мың теңге ғана табыс табатынын біледі. Облигациялардан, ары кетсе, 25-30 пайыз ғана табыс түседі. Мысалы, 1 миллионның үстінен бір жылда 300 мың теңге ғана өсім аласыз. Ал алаяқтар сізге екі ай ішінде, мысалы, 2 миллион аласыз деп уәде береді. Бұл жалған. Мұндай кезде оларға дереу «жөніңе жүр» деу керек.
Негізі, ақшаны көбейтемін десеңіз, Қазақстан қор биржасына (KASE) тіркеліңіз. Сондағы сенімді брокерлік компаниялар арқылы ғана таза сауда-саттық жасауға болады.
Қазір криптовалюта деген шықты. Өзім оның болашағына сенемін. Бірақ криптовалюта төңірегінде 90 пайыз алаяқтар жүр. Сондықтан одан да алданып қалып жатқандар өте көп. Бұл жерде де міндетті түрде қаржы сауаты қажет. Сосын, жоғарыда айтқанымдай, асығыс шешім қабылдай салмау керек. Ішкі түйсігіңізге сеніңіз.
Егер алданып қалсаңыз, оны жариялап айтқан жөн. Біз алаяқтармен сол арқылы күресе аламыз. Мен мұны алданып қалғанына ұялатын азаматтарға арнап айтып отырмын. Өкінішке қарай, ондай адамдар арамызда аз емес.
Қаржылай сауатты болуы үшін қарапайым тұрғындар нені білуге тиіс?
Қаржы сауаты – менің көзқарасымда бүгінгі заманда әрекет етудің, өмір сүрудің бір айнымас бөлшегі. Қаржылай сауатты болу тек үнемдеумен айналысу деген сөз емес. «Шық бермес Шығайбай» болып алмаңыз. Реті келген кезде жомарттық таныта да, ақшаны парасаттылықпен жұмсай да білу қажет. Қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақша табумен қатар, оны еселей алу, шығынды азайту, қаржыны сақтау мен ұлғайтудың түрлі жолын қолдана білу.
Қаржы жөнінен сауатты азамат ең алдымен табыс жағынан тұрақты отбасы құрады. Бұл берік отбасының, бақытты отбасының кепілі деуге болады. Жоғарыда айттым ғой. Қаржылық қиындық көбіне ажырасуға әкеп соғады. Сондықтан адамды қаржы сауаттылығына мектеп, университет қабырғасынан, тіпті балабақшадан бейімдеу керек. Ересектерге де арнайы оқу платформасын ашқан жөн.
Бұл тұрғыда «нені білуге тиіс?» дегенде, алдымен соны оқытудың базасын жасап алу қажет. Мектепте «Қаржы сауаттылығы», «Қаржылық әліппе» деген сияқты пәндер енгізілуі керек. Арнайы оқу-әдістемелік құралдар жасайық. Маман дайындау орталықтарын ашайық. Түптеп келгенде, халықтың қаржы сауаттылығын арттыру бойынша ұлттық бағдарлама болуы керек. Сонда бұл да бір қоғамға пайдалы іс болып шығар еді.
Дайындаған Оразәлі Баймұрат