2022 жыл аяқталуға жақын қалды. Желтоқсан жылды қорытындылап, келесі жылға жоспар түзетін кезең. Jas qazaq редакциясына жыл бойы келіп түскен сұрақтардың бір парасы қаржылық сауаттылыққа қатысты болды. Бүгінгі нөмірде биыл ең жиі кездескен қаржы алаяқтығына қатысты сұрақтарға жауап пен кеңестер ұсынамыз.
Биыл телефон алаяқтарына тап болғандар аз емес. Әдетте, бейтаныс адам қоңырау шалып, ақшаңызды иемденбек болады. Олар қорқыту, көндіру, әйтеуір, сенімді деген дәлелдерді қолданады. Алдау әдістері өзгергенімен, қорғану жолдары әмбебап және әрқашан нәтижелі. Алаяқтықтың құрбаны болмауға, өтірікті әшкерелеуге және ақшаңызды сақтап қалуға көмектесетін қарапайым ережелер туралы айтып берейік.
Банк қызметкері қоңырау шалады. Оның алаяқ емес екенін қалай білуге болады?
Есіңізде болсын, банк қызметкерлері өз клиенттеріне сирек қоңырау шалады. Әңгіме барысында оның не айтқанына назар аудару керек. Егер ол біреу ақшаңызды алмақ болып жатыр немесе сіздің атыңызға көп мөлшерде несие алуға тырысуда деп айтса, онда сақ болыңыз. Бұл алаяқтарға тән қулық. Олар сізге ойлануға мұрша бермей, әдейі қорқытады. SMS-тегі кодтарды, парольдерді, логиндерді, банк картасының мәліметтерін және жинаған ақшаңызға қатысты басқа ақпаратты ешкімге айтуға болмайтынын есте сақтаңыз. Егер хабарласып тұрған «банк қызметкері» сізден осы деректерді айтуды талап етсе – ол алаяқ.
Полициядан қоңырау шалып, сіздің атыңыздан әртүрлі банктерден көп мөлшерде несие алып жатыр деп айтады. Мен шынымен полицеймен сөйлесіп тұрмын ба?
Соңғы жарты жылда «полициядан қоңырау шалу» қазақстандық алаяқтардың жаңа схемасына айналды. Әдетте, «тергеуші» сізге хабарласып, кездейсоқ есімді айтады, мысалы, Иванов Иван Иванович және сізден аталған адамның кім екенін сұрайды. «Ешкім» деген жауапты естіген ол осы Иванов дәл қазір қолыңыз қойылған жалған сенімхатпен әртүрлі банктерге барып, сіздің атыңызға несие алып жүр дейді. Мұндай сөзге сенудің қажеті жоқ. Біріншіден, полиция несие беріліп жатқандардың бәрін қадағаламайды, екіншіден, егер қандай да бір себептермен тәртіп сақшыларының сізге қояр сұрағы болса, онда сізге телефонмен емес, ресми түрде хабарлайды.
Барлық белгілер бойынша маған алаяқ қоңырау шалып тұр. Не істеуім керек?
Телефон шалып тұрған алаяқ екенін түсінгеннен кейін, дереу телефон тұтқасын қойыңыз. Егер ол сізге қайта-қайта қоңырау шалса, оның нөмірін бұғаттаңыз және қоңырауға қайта жауап бермеңіз.
Ал егер бұл алаяқ болмай шығып, ақшама шынымен қауіп төніп тұрса ше?
Егер телефонмен сөйлесіп тұрған кісінің алаяқ екеніне күмәндансаңыз, онда одан атын, тегін және лауазымын сұраңыз. Содан кейін телефонды қойып, оның өзін таныстыруына байланысты банктің call-орталығына немесе полицияға қоңырау шалыңыз. Банктердің нөмірлері ресми сайттарда көрсетілген және әлеуметтік желілерде верификацияланған парақшаларда көк шеңберде ақ белгімен белгіленеді. Оларға хабарласып, қоңырау шалушының аты-жөнін айтып, ондай адам банкте (полицияда) жұмыс істей ме деп сұраңыз. Сондай-ақ шотыңызға қауіп төніп тұрғаны немесе біреулер сіздің атыңызға банктен несие алып жатқаны рас па деп сұрауыңызға болады. Егер ақпарат расталмаса – ақшаңызға ештеңе болмайтынына және қоңырау шалған адамның сізді алдамақ болған алаяқ екеніне көз жеткізесіз. Әңгімелесуші айтқан ақпаратты тек банктердің немесе құқық қорғау органдарының ресми өкілдерінде ғана тексеруге болатындығын есте шығармағаныңыз жөн. Оны растау үшін ықтимал алаяқ айтқан телефон нөмірлері бойынша хабарласпаңыз.
Бәріміз де өмірімізде бір рет болсын, пайдаланылған заттарды сатып та, сатып алып та көрдік. Қазіргі заманда ол үшін кез келген танымал тегін жарнамалық сайттарға кіру жеткілікті. Онда өнімнің суретін салып, сипаттамасын жазасыз немесе іздеу фильтрін күйге келтіріп, сатып алғыңыз келетін бұйымды таңдайсыз. Алайда кейде мәміле жасағанда, алаяқтарға тап болуыңыз ықтимал. Оларды қалай тануға болады? Ақшаны жоғалтып алмау үшін не істеу керек? Түсіндіріп өтейік.
Сатып алу немесе сату кезінде сатушы да, сатып алушы да алаяқ болып шығуы мүмкін. Бұл ретте алдау схемалары әртүрлі болады. Оларды егжей-тегжейлі талдап шығайық.
Егер алаяқ сатып алушы болса. Қалай тануға болады?
Әдетте, мұндай сатып алушылар сіздің өніміңізді сатып алуға тез келіседі, тіпті оның күйін, нақты сипаттамаларын және басқа да қасиеттерін нақтыламайды. Көп жағдайда бұл адам өнімді сатып алуға асығады және сатушының тез әрекет етуін талап етеді.
Ол қалай әрекет етеді?
Желіде келесідей алаяқтық схемалардың сипаттамалары бар. Сатып алушы тауар үшін төлемді аударғанын хабарлайды. Бірақ аударылған ақшаны алу үшін сатушы белгілі бір сілтеме бойынша өтуі керек. Одан әрі ол төлемді алу үшін банк картасының деректерін енгізетін сайтқа кіреді. Шын мәнінде, бұл фишингтік платформа, оған алаяқтар да кіре алады. Олар пайдаланушы жолдарға жазған барлық деректерді көріп отырады: карта нөмірін, оның мерзімін және CVC кодын. Бұл қаскүнемдерге жәбірленушінің шоттарына қол жеткізуге және оның ақшасын өз қалауы бойынша басқаруға мүмкіндік береді.
Егер алаяқ сатушы болса.
Қалай тануға болады?
Мұндай сатушылар да мәміле жасауға асығып, әлеуетті сатып алушыларды тез шешім қабылдауға итермелейді. Осылайша, оған жағдайды дұрыс бағалауға және әңгімелесушімен мінез-құлқындағы «күмәнді» белгілерді байқауға уақыт бермейді.
Ол қалай әрекет етеді?
Өтірік сатушылар сатып алушы әлі алмаған зат үшін алдын ала төлем сұрауы мүмкін. Олар бұл өтініштерін затты сатып алғысы келетіндер көп деп түсіндіреді. Ал алдын ала төлем сатып алушыға тауарды нақты ала алатынына кепілдік береді. Бұл ретте алдын ала төлемді көбінесе анонимді төлем жүйелері арқылы жасау ұсынылады, мысалы, Western Union.
Сондай-ақ сатушылар әлеуетті сатып алушыға жіберілген сілтеме арқылы өтіп, тауар ақысын төлеуді сұрауы мүмкін. Бұл сілтеме қорғалмаған фишингтік сайтқа апарады. Демек пайдаланушы платформада жазып қалдырған карта деректерін алаяқ та көреді. Сондықтан ол ақшаны өз мақсатында пайдалана алады.
Жалпы қауіпсіздік ережелері
Сонымен, жарнамалық сайтта өнімді сату немесе сатып алу кезінде өзіңізді қорғау үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
Қолыңызға алмаған зат үшін белгісіз сатушыға анонимді төлем жүйелері арқылы алдын ала төлемді жібермеңіз.
Карта деректерін бөгде ресурстардағы нысандарға жазбаңыз.
Сатушыға да, сатып алушыға да картаңыздың CVC кодын хабарламаңыз. Ол ақша аудару үшін мүлдем қажет емес.
Жіберілген төлемді «алу» үшін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз. Сатып алушыдан ақшаны тікелей картаңызға аударуын немесе кездескен кезде қолма-қол ақшамен төлеуін талап етіңіз.
Мобильді банктік қосымшаларда онлайн-сатып алу сомасын шектеуге болады. Мұндай шара, біріншіден, Сізді ойламай тауар сатып алудан қорғайды. Екіншіден, алаяқтарға, олар жеке деректеріңізді иемденген жағдайда, қаражатыңыздың қомақты мөлшерін иемденуге жол бермейді.
Енді сіз тегін жарнамалық сайттарда алаяқтарды қалай тануға болатынын және ең бастысы, олардың айла-амалдарына түспеу жолдарын білесіз.
Кибералаяқтың құрбаны болу перспективасы қаншалықты зор болып көрінсе де, оны болдырмау жолы өте оңай. Ол үшін олардың қалай әрекет ететінін және өз «жұмысында» қандай құралдарды қолданатынын білгеніңіз жөн. Бүгін олардың бірі – қашықтан кіру бағдарламаларына тоқталамыз.
Қашықтан кіру бағдарламасы дегеніміз не?
Мұндай бағдарламаларға, мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer жатады. Бұл қызметтер үшінші тарапқа компьютерге немесе телефонға қашықтан кіруге мүмкіндік береді. Бағдарламаның екеуі де – лицензияланған және негізінде қауіпсіз. Алайда алаяқтың қолында пайдаланушыларға зиян тигізуі мүмкін.
Ол қалай жұмыс істейді?
Кез келген құрылғыға қашықтан кіруді қамтамасыз ету үшін оған бағдарлама орнату қажет. Содан кейін бағдарлама автоматты түрде бірегей қосылу кодын құрылғыға кіретін адамға айту керек. Бұл кодсыз компьютерге немесе смартфонға қосылу мүмкін емес. Алаяқтар бұл кодты ұрлай алмайды. Жалғыз жолы – ықтимал жәбірленушіні осы сандарды айтуға көндіру.
Алаяқтар мұндай бағдарламаларды қалай пайдаланады?
Көбінесе алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстырады. Олар оны картасынан халықаралық ақша аударымын жасау, қаражатты басқа шотқа салу немесе карта иесі білмейтін басқа бір күмәнді операция жасау әрекеті болғанына сендіреді. Оны қорқытып, шатастырып, алаяқ оған қаражатын «қорғауды» ұсынады. Ол үшін AnyDesk немесе TeamViewer бағдарламасы сияқты «қолдау қосымшасын» жүктеп алу керек. Қосылуға арналған кодты алғаннан кейін ғана гаджеттің жадында сақталған логиндерді, парольдерді, картадағы жинақтар мен қаражат туралы ақпаратты көруге болады.
Егер өзін банк қызметкері деп таныстырған адам менен осындай бағдарламаны орнатуды сұраса не істеу керек?
Банк қызметкерлері Сізден белгілі бір бағдарламаны орнатуды сұрамайтынын ұмытпағаныңыз жөн. Егер өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам сізден қандай да болмасын бағдарламалық жасақтаманы жүктеуді талап етсе, онда оның алаяқ болып шығуы әбден мүмкін. Әрине, олар ұсынған бағдарламаларды жүктеудің қажеті жоқ. Мұндай адаммен сөйлесуді тоқтатқан дұрыс, ал егер сіз телефон тұтқасын қойғаннан кейін ол қайта қоңырау шалса, онда жауап бермегеніңіз дұрыс.
Егер қашықтан кіру бағдарламасын жүктеп алсам не істеу керек?
Егер бағдарламаны жүктеп алсаңыз, бірақ қосылу кодын әлі айтпаған болсаңыз, онда әңгімені мүмкіндігінше тез аяқтаңыз. Ал егер кодты айтып қойған болсаңыз, онда құрылғыны өшіру арқылы сессияны тоқтатыңыз. Алаяқ қажет мәліметтерді әлі алып үлгермеген болар. Содан кейін компьютерден немесе телефоннан қашықтан кіру бағдарламасын жойып, құрылғыны IT маманға көрсетіңіз. Бұл тыңшылық бағдарламалардың жоқтығына көз жеткізу үшін қажет.
Алаяқтар менің банк қосымшама менсіз кіре ала ма?
Жоқ. Банк өз қосымшасын барынша қауіпсіз етіп әзірлейді. Оны бұзу мүмкін емес. Бөтен адамның басқа біреудің онлайн-банкингіне кіруі үшін оған карта иесінің көмегі қажет болады. Мысалы, қосылу кодтарын, CVC кодтарын, SMS кодтар мен парольдерді айту керек. Өзіңізді қаскүнемдерден қорғау үшін банк қызметкерлерінің мұндай ақпаратты ешқашан сұрамайтынын және оны ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын естен шығармаған жөн.
Осы ережелерді сақтай отырып, телефон алаяқтарын оңай тани аласыздар және олардың құрығына түспейсіз.
Айдос Құсайынұлы