Қарулы Күштері қуатты ел — қауіпсіз ел

11 маусым, 14:58

Қазақстан Республикасының Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінде: «Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс», — деген болатын.

Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған «Қауіпсіз ел» жобасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру мәселесін де қамтиды. Бұл салада қандай жұмыстар атқарылып жатыр, аз-кем соған тоқталғанды жөн көрдік.

Ең алдымен халықаралық деңгейдегі жария мәліметтерге сөз берейік. Әскери қуатының деңгейі бойынша елдердің жыл сайынғы Global Firepower-2024 рейтингінде Қазақстан 145 елдің ішінде 58-орынға табан тіреген («Закон.кз»11.01.2024ж).

Осы дерекке сүйенсек, Қазақстан армиясы Орталық Азиядағы ең үздік деп танылған. Рейтингте Қазақстаннан кейін Әзірбайжан (59), Беларусь (64), Өзбекстан (65), Түркіменстан (83), Қырғызстан (100), Тәжікстан (107) орналасқан.

Айта кетейік, елдер 60 түрлі көрсеткіштер бойынша бағаланды: әскери бөлімдердің саны, адами ресурстары, қаржылық жағдайы, технологиялық дамуы, географиялық орналасуы мен ұтқырлығы және т.б.

2023 жылдың наурыз айында Қазақстан бұл рейтингте 63-орында тұрған болатын. Демек ілгері даму бар деген сөз. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр деп айтуға негіз бар.

Әлбетте, рейтинг деген дүниеге сене бермей, бәріне сын көзбен қараған абзал. Бұл жерде «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абайды еске алсақ жеткілікті.

Бес қаруы сай болса…

Енді кез келген Қарулы Күштердің ұтымды әрекет етуіне негіз болып табылатын және бір-бірімен тығыз байланысты екі мәселені сөз етпекіпіз. Әскери қуаттың басты көрсеткіштерінің бірі Қарулы Күштерді қажетті қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету болып табылады. Ол өз кезегінде әскерлердің жауынгерлік әзірлігіне тікелей әсер ететін фактор. Жаңа технологияларға негізделген шетелдік өнімдерді пайдалану заман талабы екені белгілі. Дегенмен сыртқа қол жая бермей, өзімізде өндіруге болатын техникалар мен қару-жарақтарды отандық кәсіпорындарда шығарған өте тиімді. Бұл ретте қорғаныс өнеркәсібі кешеніне елеулі роль жүктеліп отыр. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов 2022 жылдың 8 шілдесінде Мәжіліс депуттарының сауалына қайтарған жауабында былай деген екен: «Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес, ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі құжат Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы болып табылады. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының құрылысы мен дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жаңа редакциясы бекітілді.

Министрдің айтуынша, сол тұжырымдамада Қазақстан Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта жарақтандыру мүддесінде қорғаныс өнеркісібі кешенін дамытудың мақсаттары мен міндеттері, оның негізгі бағыттары мен кезеңдері айқындалған.

Қорғаныс өнеркісібі кешенін дамытудың басты құралдарының бірі мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс болып табылатынын атап өту маңызды. «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңнамаға сәйкес бірінші кезеңде мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылар отандық кәсіпорындар ішінен таңдалады. Олардың арасынан орындаушыны айқындау мүмкін болмаған жағдайда ғана мұндай тапсырма «Қазарнаулыэкспорт» РМК атынан уәкілетті ұйымға орындауға беріледі.
Қорғаныс министрінің мәліметіне сәйкес, бұл ретте ақша мәнінде отандық қорғаныс өнеркісібі кешенінің мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс орындау үлесі жыл сайын кемінде 50 пайызды құрап отырған, ал кейбір жылдары 70 пайызға дейін жеткен көрінеді.
Ол Қарулы Күштер мүддесінде броньдалған дөңгелекті техниканы (БДМ) сатып алу бөлігінде жүргізілетін іс-шараларға жеке тоқталды. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап бөлімшелерді жасақтау үшін «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС-дан 138 бірлік 6х6 «Арлан» БДМ сатып алынған, 2022 жылы 10 бірлік «Арлан» БДМ жеткізілген. Ал 2023 жылы тағы жауынгерлік модульдері бар 20 бірлік «Арлан» БДМ-ны жеткізу жоспарланып отыр. Сонда Қарулы Күштер мүддесінде сатып алынған 6х6 «Арлан» БДМ-ның жалпы саны 168 бірлікке жетеді, бұл ақшалай мәнде 82 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды екен.
Сонымен қатар, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасында 2025 жылы іске асыру мерзімімен «Арлан» БДМ базасында радиациялық, химиялық, биологиялық барлау машинасын шығару жөніндегі іс-шара көзделген. Осы типтегі машиналарға қажеттілік 55 бірлікті құрайды дегенді айтты.

Жалпы алғанда былтыр 70-тен астам әскери техника мен 200-ге жуық автомобиль және арнайы техникалардың әртүрлі модификациясы сатып алынып, әскерлерге енгізілді. Әуе кемелері паркін толықтыру аясында бір C295MW әскери-көлік ұшағы, сондай-ақ екі L-410 әскери-көлік ұшағы (әскери көліктік авиация курсанттарын оқыту үшін) сатып алынды.

Әскери-теңіз күштеріне диверсияға қарсы бір «БК-16» катері жеткізілді. Әскери техниканы қалпына келтіру мақсатында Қарулы Күштерде бес жаңа жөндеу-қалпына келтіру батальоны жасақталуда. Қазіргі уақытта Turkish Aerospace, Airbus және Catic сияқты ірі халықаралық компаниялармен сериялық техникалық қызмет көрсету және жөндеу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізілуде.

Жау жоқ деме, жар астында…

«Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рөлі күшейе түсті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда айтылған Бүкілармиялық кеңесте. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы армия егемендігімізді қорғауға әрдайым сақадай-сай болуға тиіс екендігін баса айтты.

Расында, кез келген қауіп-қатерге лайықты жауап беруге әзір болу үшін әскерлер күн-түн демей жауынгерлік дайындығын пысықтап отыруы керек.

Әлемдегі қарулы қақтығыстарды ескере отырып, Қазақстан әскеріндегі жауынгердік даярлыққа да тиісті өзгерістер енгізілуде. Бұл туралы Сенат қабырғасында тілшілерге берген сұхбатында қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов мәлімдеді.

«Басқа мемлекеттердің қарулы күштері бұл салаға терең талдау жүргізіп, соғыс іс-қимылдарының барысын байқап отыр. Осыдан тиісті қорытындылар да жасалды. Бір-біріне ұқсас қарулы қақтығыстар болмайды, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан біз де талдау жүргізіп, тиісті қорытындылар жасаймыз, жауынгерлік дайындық бағдарламасына өзгерістер енгіземіз», — деді ол өз сөзінде.

Оның айтуынша, қазір қашықтан басқарылатын дрондардың операторларын даярлауға жете мән берілген.
Қорғаныс министрлігі 2023 жылдың қорытындысын шығарғанда былтыр Қарулы Күштерде мыңнан астам жауынгерлік дайындық шараларының өткізілгенін хабарлаған еді.

Жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 16 мыңнан астам сабақ өткізіліп, 40 мыңнан астам жауынгерлік атыс ұйымдастырылған және 60 мыңнан астам маманды дайындап шығарған. Сонымен қатар, армиялық авиацияның ұшқыштары ең қиын ауа-райында ұшу шеберліктерін шыңдап, Әскери-теңіз күштерінің кемелері 17 мың мильден астам теңіз жорығын жасаған.
Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, отандық әскери қызметшілер басқа елдер аумағында 24 оқу-жаттығу мен жарыстарға қатысқан көрінеді. Көрші мемлекеттермен бірлесіп оқу-жаттығулар өткізілген. Мысалы, 2023 жылы қазақ-қырғыз бірлескен «Ердік» тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары, Каспий теңізінде ресейлік-қазақстандық бірлескен теңіз жаттығулары, қазақ-өзбек бірлескен «Қалқан» тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық әскери қызметшілер шет мемлекеттермен бірлескен бірқатар оқу-жаттығуларға қатысты. Олардың қатарына АҚШ –пен бірлескен «Аймақтық ынтымақтастық 2023» халықаралық оқу-жаттығулары, «Қыш-2023» көпұлтты оқу-жаттығуы және халықаралық арнайы күштердің «Анадолы-2023» оқу-жаттығуылары жатады.

Бұдан бөлек, былтыр Қарулы Күштер тарихында тұңғыш рет соғыс уақытында экономика мен халық шаруашылығының жұмысын қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Бас қолбасшының Ставкасын, соғыс уақытындағы Үкімет пен облыстық қорғаныс Кеңестерін өрістету және әрекет ету мәселелері пысықталды.

Осының бәрі еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, Қарулы Күштердің әлеуетін арттыру үшін «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында нақты жұмыстар атқарылып жатыр деген қорытынды жасауға негіз болады.

Әбубәкір Смайылов,

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері,
ЕҰУ Әскери кафедрасының оқытушысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген