Қартайғанда көңіл қосқан

01 қазан 2021, 14:49

«Қариясы бар елдің қазынасы бар». Үлкенін сыйлап, өнегесін алған жұрттың абыройы қашан да асқақ болары сөзсіз. Бірінші қазан – «Халықаралық қарттар күні» екенін ескеріп, қариялармен кездесу үшін Алматыдағы «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» біріне барып қайттық.

Бір ғана мекемеде тағдыры сан қилы жандар жиналыпты. Өмірдің бүкіл ауыртпалығын көрген кейуана да, талай шәкіртке дәріс берген профессор да, кезінде байлығы асып-тасығандар да осы арадан табылады. Жер бетінде жалғыз қалған, ешкімі жоқ адамдар паналайтын орын сияқты көрінеді. Бірақ бауыр еті баласы бола тұра, туған ата-анасын осында қиып тастап кетіп жатқандарды да көрдік. Жасы келгенде тағдыр тауқыметін көру кімге болса да ауыр тиеді ғой. Дегенмен осы қарттар мекеніне айналған үйден бақытын тапқандар да бар екен. Олар – осында табысып, некесін қидырған Гүлбара әжей мен Мұқаш ата.

Жасы сексеннің сеңгірінен асқан қарттармен сөйлесу бақыты бұйырып, бірден әңгімеге тарттық. Сөзді Гүлбара апаның өзі бастап кетті:

– Мен анамнан небәрі үш айымда жетім қалыппын. Туған ата-анам болмағандықтан, қиындық көрген кездерім өте көп болды. Тіпті нағашы апамның өзі бала күнгі тентектігім үшін басымды жарақаттап, орнында ісік қалған. Есейе келе, тұрмысқа шығып, ол кезде де жолым болмады. Қырық жылға жуық бірге болған жолдасым да өмірден озды. Бала болмаған соң туысымыздың босана салып берген нәрестесін бауырымызға бастық. Өз баламдай бағым-қағып, ер жеткенше бар мейірімімді соған арнадым. Кейін отау құрған соң ол менен теріс айналды. Баламның жары ұйғыр келінім мен екі немерем мені қатты сыйлайды әрі құрметтейді. Жиі хабарласып келіп тұратын, карантин болғалы бұрынғыдай бөлмеге дейін келе алмайды. Естуімше, екі немеремнің әкесі оларды да тастап, басқа бір әйелмен неке қидырып алған көрінеді. Анасын қараусыз қалдырған адамға отбасын тастап кету қиын емес секілді. Осы мекемеге келіп, қазір қызметкерлеріне тек алғыстан басқа ешнәрсе айтпаймын. Жуындыратындар да, жатар орнымды жинастыратындар да осындағы жастар. Бәрі өз баламдай болып кеткен десе де болады.

– Әже, сіздің басқан кешкендеріңізге қарасам, тағдырдың өзі әділетсіздік танытқан сияқты. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді түсінбейтіндер де аз емес. Өзіңіз қай ісіңіз үшін қатты өкінесіз? – деп сұрадым.

– Өмірде адам басынан небір жайттар өтеді ғой. Маңдайға жазылғаннан асып кете алмаймыз. Алайда өткен өміріме еш өкпем жоқ. Адамға жасаған жақсылығым одан қайтпаса да, Құдайдан қайтатынына сенімдімін. Ал қазір жаныма ең қатты бататын бір ғана нәрсе бар. Осындағы бізге қарайласатын қыздар бізді өз ата-анасындай сыйлайды. Студенттер де «әжелеп» үнемі келіп тұратын. Сондай жігіттердің бірі – 8 мартта бір шоқ гүлі мен тортын құшақтап келіпті. Қуанғаннан не күлерімді, не жыларымды білмей, дел-сал күйге тап болдым. Міне, төбемді көкке жеткізген де, жүрегіме ауыр тиген де осы болды. Өзім өсірген қарадомалағым, тіпті сөйлеспей кеткенде, мені білмейтін, танымайтын адамның осындай мейірбандығы қатты толғандырды. Енді кімге де болсын тілеген жамандығым жоқ, өмірдің өзі алдына әкелгенде көрер…

– Мұқаш ата, жастарға үлкендердің өмірі қашанда қызықты ғой. Сіздің де көрген-білгеніңіз аз емес шығар. Естуімізше, мемлекет құпиясы саналатын заттарды тасыған екенсіз…

– Иә, бәрі рас, – деп жауап берді Мұқаш ата. – Мен Ұлы Отан соғысы кезінде дүниеге келіппін. Сегіз баауырымның бәрі дүниеден өтіп, әкем де соғыста қаза тапты. Анамнан да ерте айырылып, барар жер, басар тауым қалмады. Қыстың қақаған суығында молаға түнеп, аман қалған сәттер болды. Ержетіп ес жиғанда ауылдан қашып, Алматыдағы теміржол училищесіне оқуға түстім. Екі жылдан соң тәмамдадым. Машинистің көмекшісі болып біраз жыл жұмыс істедім. Бойымдағы білім мен тәжірибемді көріп, көп кісілер жұмысқа шақырды. Украинаға, Германияға да кетіп жоғары лауазымды тұлға атануға да болар ма еді?! Келіспедім. Өйткені үйде жалғыз анам бар еді, сол кісінің көңілін қимадым. Үйлендім, кейін анам да қайтыс болды. Қалада көлік жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Көлік те, Мате Залка (қазіргі Өтеген батыр көшесі – ред.) көшесінің бойында үш бөлмелі пәтерім де болды. Жұмысым да өте қызық әрі қауіпті еді. Басшылықтың өздері белгілеген жерге уақытында барып тұрсаң болды, бір қолыңа қапшықты кісендеп тағы бір мекенжайды береді. Сондай аса құпия дүниелерді әуежайға апарған кездер де болды, барған соң ұшақтың ішінде күтіп тұрып, өздері шешіп алады. Әлгі төртбұрышты қапшықтың ішінде не нәрсе бар екені маған да қызық еді. Тек шет-жағасын «құпия құжаттар» дегенді естіп құлағдар болғаным бар. Сонша жыл жалақым да жоғары болды. Он-он бес пәтер, жеті-сегіз көлік ауыстырған екем. Соңында түк қалмады. Бәріне өзім кінәлімін. Отау құрғанда бір қызымен келген марқұм әйелімнің де қатысы бар десем болады. Өйткені екеуіміз бірге алған үйді әйелімнің атына жаздырған екенмін. Ал үйленген жылдары қазақылыққа салынып, шаңырақ құрғанымызды заңдастырмаппыз. Ақыры қосағым көз жұмған соң тұрып жатқан үйіме қызым келді күйеуімен.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген сөзді сонда ұқтым. Ол қызға да тіземнің батқан кезі болмаған секілді еді. Әйтеуір, үйден кеткенімді қалап, ақырында кетуге мәжбүр болдым. Бүгін, міне, осында қызымнан көрмеген жақсылықты көріп жатырмын. Кезінде шежірені ақтарып, отызға тарта туысқанымды да тапқанмын. «Ай араласпасаң, ағайын жат» деген, қазір бір-бірімізді танымай да қалғанбыз.

– Ата, «оңбай қателестім» дедіңіз. Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– «Жастарға көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» дейді екен көне Эллада елінде. Қателіктен сабақ алған адам ғана екінші рет басын тасқа ұрмайды. Білімді, көзі ашық адам қарапайым істерге бармақ шайнайтын шешім қабылдамайтыны анық. Сондықтан әр істі «жеті рет өлшеп, бір рет кескеннің» зияны жоқ. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген бір ауыз сөздің өзін дана халқымыз бекерге айтпағанын енді жете түсіндік. Менің де адамға айтар қарғысым жоқ. Бар тілегім – жердің амандығы мен елдің тыныштығы, – деп Мұқаш ата сөзін қайырды.

Қарияларға алғысымды жаудырып, мен де олармен қоштастым.

Мәулен Жексенбі

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды