Қардың суы халықты сансыратты

08 сәуiр 2022, 10:34

Көктем мезгілінде қызыл су күш алып, жолындағысын жапырып кетеді. Бұл үрдіс, табиғаттың тосын құбылысы қалыпты жағдайға айналып еткен. Жылда көктем мезгілінде еліміздің кей аймағын тасқын су басады. Биыл да солай болып тұр.

Наурыз соңын ала өзен суларының көтеріліп, арнасынан тасуы салдарынан су басу қатері күш алды. Оның үстіне соңғы күндері еліміздің бірнеше облыстарында күннің көзі күрт жылынып, қырланған ақпан айында және наурызда жауған қалың қардың көбесі бірден сөгіліп, өзендердің бетіндегі сең сетінеп сала берді.

Бұрынғыдай емес, биыл Ақмола облысындағы Есіл өзені, Сергеев су қоймасы, Ақтөбедегі Ілек, Қарағандыдағы Нұра, Батыс Қазақстандағы Деркөл, Шаған, Қостанайдағы Тобыл мен Аят өзендері кемерінен кете ағып, ылғал қорының көлемі артқаны байқалған. Мұның бәрі қалың түскен қар суының еруінен. Содан кейін де төтеншеліктер «еліміздің бірнеше аймағын су басу қаупі бар» деп дабыл қақты. Солай болды да.

Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин Түркістан облысының таулы аудандарында, Жамбыл облысының оңтүстік-шығысындағы таулы аймағында, Алматы облысының оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы жерлерінде жаңбырдың арты қарға ұласатынын болжағанын айтқан-ды. Қар көшкіні жүруі мүмкін екен де ескертті.

Жылдың осы мезгіліндегі әбігерлікті қарапайым жұрт тартудай-ақ тартып жатыр. Алыстағы елді мекендерді қойып, Қарағанды қаласындағы көпқабатты үйдің төменгі қабатын қызыл су басқан. Тұрғындар эвакуацияланып, коммуналдық мекеме қызметкерлері суды тысқа шығарған. Қарағанды облысының тұрғындары үшін су басу қаупі басым деген хабарлама бірнеше мәрте түскен.

Оралдықтардың да көңілін осы су тасқыны ортайтып тұр. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй су басу қаупі орын алса, тұрғындарды мәдениет үйлері мен мектептерге уақытша орналастырудың қамын жасайтынын айтты. Орал қаласын қақ жарып Жайық, Шаған, Декөл сынды өзендер ағады. Қалаға қарайтын 160-қа тарта бау-бақша серіктестігі бар десек, соның 75-ін тасыған су басып өтуі мүмкін екен. Бұл дегеніңіз, саяжайларда тұратын 16 мыңға жуық адамның тұрғынжайын су шаяды деген сөз. Осындай қатер туындай қалса деп әкімдіктегілер тұрғындарды эвакуация жасауға автобус бөлуді, қонақүй, тамақ жеткізуді қамтамасыз ету үшін асханалық мекемелермен алдын ала келісім де жасап қойыпты. Орал қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп, су арнасы, арықтар тазартылып, қала аумағынан 850 мың текше метр қар шығарылыпты. Биыл да дайындықтың қамын жасап, жаңа техникалар сатып алынған. Бірақ Ресей аумағындағы қалың қар күрт ерісе, Оралды орай ағатын өзендердің су деңгейі де күрт көтеріліп, қауіп те жоғарылайды. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ деп су басу қауіп төнген саяжай тұрғындарына құжатын жинап, мүлік-мүкамалын теңдеп, малын қауіпсіз жаққа жайғап, суыт көшудің қамында болу қажеттігін де ескертті.
Осы күнде Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл ауданның елді мекендерін су басу қаупі әлі де тым жоғары. Су басқан үйлердің тұрғындары мектептерге жайғасып, уақытша паналап отыр.

Ақмола облысының аймағын да қызыл су басып, автожолдардан асып ағып жатыр. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыстың бірнеше аудандарындағы көлік қатынайтын күре жолдарды су шайғанын жеткізді.

Биылғы қар суымен келген кесапат ақтөбеліктерге де ауыр тиді. Ақтөбенің өзінде 100-ден аса үйді су алып, тұрғындары көшірілді, Қандыағаш қаласына баратын көпірді тасыған өзен суы жарып өтіп, ағызып кеткен. Жолын су шайған жеті ауылдың жұртшылығымен қатынас үзілген. Ала жаздай арнасы құрғап, аңқасы кеуіп, тусырап жататын Песчанка өзені биыл күтпеген мінез көрсетіп, долдана тасыған. Тасқын судың зардабын тартқан жұрт баспанасын тастап қашуға мәжбүр. Жергілікті әкім-қаралар бүлінген баспана мен шыққан шығынды өтеуге күш саламыз деп жұбатады.

Жылда жазамыз, жылда сұраймыз: тасқынның зардабын жоюға күш салғанша, апаттың алдын неге алмасқа? Қазір әлеуметтік желілерде желдей ескен бейнелерде су басқан өңірлердегі өлген мал мен су ішінде қалған төрт түліктің жайын көріп жүрегің ауырады. Қызыл судың зардабын айналып келгенде қарапайым халық көріп жатыр.

Қазақ байырғыдан қотанындағы қойының құмалағы қарға бытырай батып кетсе, көктемнің ерте туатынын, жердің тез қызу алатынын болжаған. Әрі сол болжамы айна-қатесіз дәл келген. Содан кейін де «Ұлыс күні құмалақ қарға бармақ бойы батса, қырық күндік жерге арбамен шық. Құмалақ қар бетінде қыдырып жатса, қырық күндік жерге шанамен шық» деп ескертетіні. Бұлай дейтініміз, төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин қызыл судың басуына ауа райының күрт жылынуы басты себеп болды деді. Қазір дамыған заман, ертеңіңді ғана емес, екі жылдық уақыттың ауа райын болжауға технологияның күші жетеді. Демек жауаптылар күн райының күрт жылынып, шуағын төгуде сараңдық танытпайтынын алдын ала білді. Бізде жыл сайын осындай орынсыздыққа ұрындыратыны – қамсыздық, енжарлық. Оны министр Ю.Ильиннің өзі де айтып отыр. Қардың уақытылы шығарылмауы, су ағатын арықтар мен жылғалардың жаға-жиегінің тазаланбауы, су тасқынының алдын алуға қажетті материалдардың жеткіліксіздігі де осыған ұрындырды. Әйтпесе, мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы қомақты.

Еріген қар суының қағынуынан, тағы да айтамыз, қарапайым халық алдымен зардап шегіп, шығынға ұшырайды. «Бас аман болсын» деп өзімізді жұбатамыз, әйтеуір.

Нұрдан Разақ

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде