Синоптиктер Қазақстанда 2022 жылдың қараша айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қараша айында елімізде ауа температурасы климаттық нормада болады деп болжануда.
Қазақстанның батыс жартысында жауын-шашын нормадан аз, шығыс жартысында нормаға жақын болады деп күтілуде.
Қараша айының басында жаңбыр мен бұрқасын күтіледі, республиканың оңтүстігінде негізінен жаңбыр жауады.
Ең көп жауын-шашын еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында болады.
Жел 15-28 м/с күшейеді, кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін.
Қарашаның алғашқы күндерінде Қазақстан аумағында ауа температурасы түнде -5…+5°С, күндіз +1…+9°С, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында +9°С жылы болады.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша бірінші онкүндіктің ортасынан бастап белсенді циклон Қазақстан аумағынан шығысқа қарай жылжиды, осы циклоннан кейін Қара теңіз өңірлерінен антициклон таралып, жауын-шашынның тоқтауына әкеліп соғады.
Ауа температурасының біртіндеп төмендеуі де күтілуде:
солтүстік жартысында түнде -3…-13°С, күндіз -5…+2°С,
оңтүстік жартысында түнде -5…+2°С, күндіз 0…+8°С дейін.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына солтүстік теңіздер, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі түседі, тұрақсыз ауа райы болжанады. Термометрлер төмендейді:
батыс, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнде -17…-25°С, күндіз -5…-12°С дейін;
Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10…-17°С, күндіз -3…-10°С дейін.
Ауа райы болжамына сәйкес, Қазақстан аумағына Атлант және Иран аймақтарынан ауа массалары келетін жылы күндер де болады.