Қарағанды облысында діни-экстремистік топтың алты мүшесі ұсталды, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
30 қазанда полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында 22-39 жас аралығындағы алты тұрғынды қолға түсірді. Олардың үйінен діни әдебиет, техникалық құралдар, флеш-карталар мен ұялы телефондар табылып, тәркіленді.
«Сараптама қорытындысы бойынша зерттелген материалдарда «Таблиги-Джамаат» діни-экстремистік ұйымының қызметін өңірде ұйымдастыру мақсатында адамдарды дайындау белгілері анықталды», — делінген хабарламада.
Ұсталғандардың үшеуі уақытша ұстау абақтысына қамалды, ал қалған үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 405-бабының екінші бөлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.