Коронавирус кеселі есеңгіреткен әлемдік экономикаға тағы бір жойқын соққы! Сарапшы қауым мұнай бағасының әп-сәтте 25 пайызға арзандауын осылай бағалады. Мұндай құлдырау 1991 жылы Парсы Шығанағын соғыс жалыны шарпығанда болып еді. Бірақ ол кездегі ахуал мүлде басқа. Ұрыс қимылдары «қара алтынға» деген сұраныс үсті-үстіне артқан кезде басталған. Ал қазір керісінше. Ғаламдық базарда ұсыныс мол. Тәжкеселмен кескілескен күрес жүргізіп жатқан Қытай дәл қазір «тойымсыз» тұтынушы емес. Ендеше, сұраныс азайып жатса, қара майға бай елдер неге өндіріс көлемін арттырғысы келеді?
Бұл сұраққа жауап табу үшін 5-6 наурыз күндері Венада өткен ОПЕК+ келісіміне мүше елдер мұнай министрлерінің басқосуын еске түсірген жөн шығар. Еске сала кетейік, аталған формат 2014 жылғы «қара алтын» құнындағы дағдарыстан кейін дүниеге келді. Төрт жыл бұрын ОПЕК пен Ресей бастаған осы ұйымға мүше емес елдер күнделікті өндіріс көлемін
1,7 млн баррельге азайту жөнінде келісті (уағдаластық мерзімі алдағы 31 наурызда аяқталады).
Бұл келісімге 250 мың баррельмен Қазақстан да қосылды. Сөйтіп мұнай нарығы тұрақталды. Қара май бағасы кейде 80 долларға да жақындады. Соның арқасында қазынасы көмірсутегіге ғана сенетін Ресей мен Қазақстан секілді елдердің жағдайы жаман болған жоқ. Терістік көршіміз валюта қорын 550 млрд доллардан асырып, Ұлттық әл-ауқат қорындағы қаржы мөлшерін 7 трлн рубльге жеткізіп тастады. Біздің үкімет те алтын-валюта қорын молайтып, Ұлттық қордың бүйірін біраз қампайтты. Мемлекеттің тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемесін қиналмай орындап, тұрақтылықты қамтамасыз етті.
Осы екі ел Австрия астанасында ОПЕК атынан сөйлейтін Сауд Арабиясының күнделікті өндіріс көлемін 1-1,5 млн баррельге азайту жөніндегі ұсынысын қолдамады. Ресеймен біртұтас экономикалық одақта әрі шетке жөнелтетін мұнайының дені орыс жері арқылы өтетін Қазақ елінің бұл жерде ынтымақтастық танытып, көршісіне қолдау көрсеткені белгілі. Оның үстіне, еліміздің әлемдік мұнай нарығындағы үлесі де тым көп емес. Ал Мәскеу «brinksmanship» (жартастың жиегімен жүру) тәсілін елестетін көзсіз тәуекелге неге барды? Көзсіз дейтініміз, бұл тәуекел өзімен бірге кесапатын қоса әкелді.
Жексенбі күні ресми Әр Рияд өндіріс көлемін арттырып, Азия, Еуропа және Америкаға «қара алтынды» 6-8 пайыз арзанға сататынын мәлімдеді. Сол-ақ екен, мұнай бағасы төмен құлдилады. Іле-шала рубль арзандап, доллар мен еуроға шаққанда бағамы 75 пен 85-ке дейін арзандады. Бұған қоса, халықаралық биржаларда Ресейдің «Новатэк», «Лукойл», «Роснефть», Сбербанк сияқты аса ірі компанияларына тиесілі акциялар құнын жоғалтты. Демалыс күні болса да, Ресей Банкі мәлімдеме жасап, 30 күн бойы ішкі нарықта валюта сатып алмайтынын хабарлады.
Әлгі сауалдың жауабына келсек. Мамандар бір ауыздан Сауд Арабиясы, Ресей және АҚШ арасында «қара алтын» нарығы үшін ымырасыз текетірестің басталғанын айтады. Бәсекелесін көмірсутегі кеңістігінен шеттету секілді әрекет бұрынан бар. Американдықтар өткен жылдың соңына таман Ресейден Еуропаға «көгілдір отын» жеткізуді көздейтін «Солтүстік ағын» (North Stream) жобасына санкция жариялады. Құрылыстың аяқталуына небәрі 100 шақырымдай қалғанда құбыр төсеп жатқан швейцариялық компания басын ала қашты. Миллиардтаған қаржы жұмсалған жоба осылайша әзірге аяқталмай тұр. Мәскеу мұнымен қабат, Қара теңіз арқылы «Түрік ағыны» жобасын қолға алып еді. Түріктер сөзінде тұрды. Әрқайсысы 15 млрд текше метр газ тасымалдауға арналған қос құбыр желісі іске қосылды. Жуырда Сириядағы қақтығысты тоқтату жөнінде Р.Т.Ердуанмен кездескен В. Путиннің Түркиямен экономикалық қарым-қатынасты қатты қадірлейтінін тілге тиек етуі бекер емес.
АҚШ билігі өз компанияларын қолдау мақсатымен біраздан бері еуропалықтарды сұйытылған газ алуға үгіттеп жүр. Польша мен кейбір Балтық елдері біртіндеп орыс газынан бас тартып, американдық отынға біртіндеп көшіп жатқан жайы бар. Байырғы әрі тұрақты тапсырыс берушілерден айырылу ресейлік компанияларды алаңдатпай қоймайды. Ақ үй жақында «Роснефть» компаниясымен байланысы бар деген уәжбен Венесуэлаға кезекті санкция жариялады.
Мұның жоғары технологияны пайдалану арқылы тақтатас (сланец) газы мен мұнайын өндіруді жолға қойған американдық компанияларды қолдау мақсатынан туындағаны мәлім. Қара май шығарудың әзірге өзгеде жоқ осы әдістің арқасында АҚШ өткен аптада 13,1 млн баррельмен әлемде мұнайды ең көп өндіретін елге айналды. Дейтұрғанмен, тақтатас майының осал тұсы да бар. Өнімнің өзіндік құны 55 доллар шамасында. Жексенбі күні Солтүстік Америкадағы WTI маркалы мұнайдың 28 долларға дейін құлдырғанын ескерсек, әлгі компаниялардың шығынға батқанын аңғару қиын емес. Нью-Йорк биржасында Occidental, Apache және Devon Energy секілді «қара алтын» өндірушілердің активі бір күнде 41 пайызға дейін арзандауы осыған дәлел.
Бәзбір сарапшылар мұнайдың арзандауын алдағы қарашада Америкада өтетін президент сайлауымен байланыстырады. Олардың жорамалына сенсек, бұған дейін әр төрт жыл сайын баға құлдырап отырған. Дауыс беруші, яғни тұтынушы арзан жанар-жағармайды қамтамасыз еткен үміткерді көбірек қолдайды. Ал үміткерге сайлау науқаны алдында бизнестің емес, қалың көпшіліктің ұстанымы қымбат. Бұл пікірді Трамптың Твиттердегі жазуы да қуаттай түседі. Ол биржадағы «бұрқасыннан» соң іле-шала «Бұл — тұтынушы үшін жақсы хабар. Бензин бағасы арзандайды» деді.
Демек, сұраныс азайған тұста өндіріс көлемін азайтпау ең алдымен шығыны көптерге зиян. Мәскеу мен Әр Риядтың соңғы шешімі осындай есептен туындаған болуы әбден мүмкін. Өйткені, Ресейде бір бөшке (баррель) қара майдың өзіндік құны 25 доллар шамасында деп айтылады. Ал бюджеттің кірісі 42 доллар деп есептелген. Осы көрсеткіштен төмендесе, қазынаға қаржы құйылмайды деген сөз. Ал араб құмында, тіпті арзан – 9 долларға жетеқабыл. Дегенмен, қазынаға түсетін қаржының 90 пайызын осы мұнай қамтамасыз ететінін ескерсек, бұл елге бағаның жоғары болғаны мейлінше тиімді. Саудиялықтар «қара алтын» нарығындағы жетекші орынды ешкімге бергісі жоқ. Сейсенбі күні ұлттық Sаudi Aramco компаниясының басшысы Әмин Насыр 1 сәуірден бастап тәулігіне 12,3 млн баррель мұнайды ішкі және сырттағы тұтынушыларына жөнелтетіндіктерін мәлімдеді.
Атап өткен жөн, бұл компанияның бұған дейінгі көрсеткішінен 300 мың баррельге артық. Осыдан-ақ аса ірі өндірушілер арасындағы текетірес әлі жалғаса беретінін көреміз. Егер Мәскеу мен Әр Рияд өзара мәмілеге келіп, өндіріс көлемін азайтпаса. Американдық бұрынғы дипломат, энергетика маманы Меттиу Брыза бұл бағытта алғашқы қадам Ресей тарапынан жасалады деген пікірде.
Енді «алдымен экономика» дейміз бе?
Мұнай бағасындағы тұрақсыздық ең алдымен қазба байлықтың тілеуін тілейтін Қазақстан сияқты елдерге жайсыз. Ұлттық ақшаның салмағы жеңілдеп, инфляция, яғни қымбатшылық құтырып шыға келеді. Бір қызығы, «қара алтын» қымбаттаса да, арзандаса да, біздің теңгенің халі үнемі мүшкіл. Осы парадоксты Ұлттық банк те, отандық экономистер де түсіндіре алмай-ақ қойды.
Әйтеуір кілтипанның біреуі валюта саудагерлеріне кеп тірелетіні белгілі. Әр девальвация болған сайын солардың қанжығасы майланады. Бұл жолы да солай. Демалыс күні Қазақстан қор биржасында сауда-саттық жасалған жоқ. Ұлттық банк те жұмыс істемеді. Соған қарамастан, ақша айырбастайтын орындар 1 долларды 400 теңгеге сатып жатты. Оларға лицензия беретін, қызметін қадағалайтын, заңды бұзса, жауапқа тартатын құзырлы орындар әдеттегідей үнсіз.
Қалай болғанда да, мұнай дағдарысы біздің тағы да дайындықсыз екенімізді көрсетті. Қазынаның қаржысымен өмір сүретін экономикалық зерттеу институттары мен қаптаған аналитика орталықтары әлемдік мұнай нарығында толастамайтын текетірес төңірегінде алдын ала болжам жасап, үкіметті, қаржы секторын ескертпеді.
Ұсақ-түйектен бастап, тұтыну тауарларының денін сырттан таситын Қазақстанда экономиканы әртараптандыру (диверсификация) қажеттігі осы біраз жыл бұрын мемлекеттің маңызды мұраты деп белгіленді. «Қазақстандық мазмұн» деген әдемі атаумен термин де пайда болды. Бірақ осал тұсымыз – бастаған істі аяғына дейін жеткізбеуімізде. Ал кейінгі кезде әлеуметтік желі қалыптастырған қоғамдық пікірдің ықпалымен экономика тасада қалғандай. Биік мінберден шикізатқа иек артпау, отандық өнімге бет бұру, кез келген мықты мемлекеттің арқа тірегі – орта дәулеттілер шоғырын көбейту керектігі сирек айтылады. Сәрсенбі күні мұнай бағасы шамалы болса да қымбаттады. Бұған қоса, Қытай коронавирусты ауыздықтап, «қара алтын» сұранысын арттыруы мүмкін деген жылы хабар жетті. Жұрттың көңілі аздап жайланғандай. Тек енді осы қарқынмен шикізатқа иек артпау қажеттігін ұмытып кетпесек игі.
Срайыл Смайыл,
шолушы