Қалбатаудың аржағында, Қарауылтөбенің бер жағында Жарма деген жармақтай ғана аудан бар. Таулы, қырқалы: табиғаты қолдан құйғандай көркем жер. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысына қарайтын сол Жарманың шетінде Шуақ деген ауыл тұр. Жалғызтөбенің аңызғақ желінен, шығыстың қатал қысынан шуақ іздеген жұрттың қойған атына көп ұқсайды. Сол Шуақта осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2011 жылы жылыту орталығының құрылысы басталған. Құрылыс жұмысына бөлінген ақша да қомақты: 2 млрд 697 млн теңге. Орталықтандырылған жылу бітпей жатып, ауыл жұрты сол жылы хабардың өзіне жылынып жүрді.
Құрылыс 2013 жылы аяқталып, ел игілігіне берілуі тиіс болатын. Алайда жұмыс бітпей, тоқтап қалыпты. Әуелде жылу орталығын салуға тендерді «СМП Алматы» атты компания жеңіп алады. Мердігер компания құрылысты қарқынды жүргізіп, жұмыстың 80 пайызын атқарған. Бірақ соңы сұйылып кетеді. Сөйтіп, қазандық қойылып, негізгі жұмысы біткен үлкен жоба аяқталмай жатып, тоқтап қалды.
Осы мәселе бойынша Жарма ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Нұрғалиевтың пікірін білген едік. Ол «Жобалық-сметалық жұмысына түзету енгізу керек. Сондықтан бұл түзету бойынша қаражат бөлінуі тиіс. Сол қаражаттар 10-20 миллион теңгеге таяу болуы мүмкін. Төрт қазандықтан тұратын орталық сағатына 6,5 гигакалория жылу шығарады. Шуақ ауылында қазір көп қабатты 9 үй, 4 түзеу мекемесі және бір орта мектеп бар. Жабық мекемеде жазасын өтеп жатқандарды есептемегенде, 1400 ғана тұрғыны бар шағын ауылға алып орталықтың қаншалықты қажет болғанын ешкім айта алмайды. Ал қазір ауылды жылытып тұрған қазандықтың қолданыс мерзімі өткен. Бірер жыл бұрын қазандық бұзылып, аязды күні бүкіл ауыл апталап жылусыз отырды. Сондықтан Шуақтағы тұрғындар ескі қазандықтың жағдайына қыс түскен сайын алаңдайды» – дейді.
Аядай ауылға мұндай үлкен қазандықтың не үшін қажет болғаны мамандарға да түсініксіз. Тіпті жергілікті энергетиктердің өзі 450 көпқабатты үйді жылытуға арналған қазандықтың 1400 тұрғыны бар ауылға неге салынғанын, не үшін жоспарланғанына аң-таң. Мамандар жылу қазандығының толықтай жұмыс істеуіне әлі 500 миллион теңгенің қажет екендігін алға тартады.
Қазір қаңырап бос қалған судай жаңа қазандықтың ғимараты біртіндеп бүліне бастапты. Мұндағы дүние-мүлік тоналып кетпеу үшін күзетшілер құрылыс басталған сол 2011 жылдан бері қас-қақпай қарап жүр. Мәселен, бір мотордың өзі 1 миллион теңге тұрады. Күзетшілердің айтуынша, қымбат құрал-жабдықтардың бәрі орнында. Тек пайдаланылмай, тоза бастаған. Бітпей қалған жылу қазандығының күзетшісі Серікхан Мұрсахимов «Қабырғаның бәрі жарылған. Енді арғы жағын жұлып жатыр. Жалғызтөбенің желі де өткір. Істі бітірсе, бәрімізге жұмыс болатын еді» – дейді. Құрылысты аяқсыз қалдырған мердігер компания жетекшісінің қаржы жымқырғаны анықталды. Шетел асып кеткен жерінен ұсталыпты. Оған қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Ал аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының да қаржылық қитұрқылыққа қатысы бар екені дәлелденген.
Әзірге Шуақтағылар орталықтандырылған жылудың шуағынан дәмеленбесе де болады. Бөлінген қаржы ұстағанның уысында кеткен соң, ауылдағылар ортақ қазандықты сыртынан тамашалауға ғана мәжбүр.
Олжас Керейхан