Қаңғыбас бала қайдан шығады?

24 тамыз 2018, 12:03
Қаңғыбастар үйі

 

Жұмыс уақытым аяқталып, кешқұрым автобуспен үйге қайтып бара жаттым. Кенеттен бағдаршамның тұсында қолын жайып қайыр сұрап тұрған жасөспірім балаға көзім түсіп кетті. Қазақтың қара домалақ баласының екі кеште алақан жайып, өткен-кеткен көлікке телміруі жаныма қатты батты. Әдетте, аялдамада қайыр сұрап жүрген мүгедекті, баласын көтерген ересек әйелдерді көретінбіз. Ол көрініске етіміз үйреніп кеткендей.

Ертесі күні сол баламен тілдеспек болып, әлгі аялдамаға бардым. Неге екенін, сол күннен бастап ол көрінбеді. Бәлкім, тәртіп сақшылары ұстап алып, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына өткізген болар? Осы оқиғадан кейін қаламыздағы қаңғыбас балалардың тағдыры туралы білгім келді. Алып шаһардағы қаңғыбас балалардың статистикасына үңілдім. Тиісті мекемеге бас сұғып, бейімдеу орталығының бір күнімен таныстым.

Бүгінде қаңғыбас балалардың көбеюі өзекті мәселеге айналды. Бейресми деректерге сенсек, Алматы қаласы бойынша ата-анасы бола тұра, көше кезіп, қаңғырып жүрген балалардың саны жыл сайын 600-ден асады екен. Қоғамдық тәртіпке жауапты органдар мен түрлі ұйым өкілдері еліміздің әр қаласындағы «кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарынан» келіп түскен деректермен ғана шектеліп отыр. Мамандар тәртіп сақшыларының қолына түспей жүрген, бейімдеу орталықтарына келмейтін қаңғыбас балалардың нақты статистикасын анықтау мүмкін еместігін айтады. Қазір ел аумағында кәмелетке толмағандарды бейімдейтін 18 орталық жұмыс істейді. Мұндай мекемелерге жылына ондаған мың бала қабылданып, жаман әдетінен арылып, қалыпты өмірге қайта бейімделеді екен. Солардың бірі – Алматы қаласындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдерді уақытша ұстау орны. Райымбек даңғылы бойында орналасқан бұл орталық 2006 жылдан бастап жұмыс істейді. Орталықтың директор міндетін атқарушы, әдіскер Қатира Былашованың айтуынша, мұндағы балалардың көбісінің ата-анасы ішімдікке салынған. Ата-анасы көңіл бөлмейтін, материалдық жағдайы төмен, қараусыз қалған балалар да бар.
Дәл қазіргі уақытта орталықта 8 бала тәрбиеленіп жатыр. Үлкені 14 жаста, ең кішісі – 7-де. Қараусыз қалған кішкентай кезбелер бейімдеу орталығында 3 айдан 6 ай аралығында болады. Олармен жас ерекшеліктеріне байланысты арнайы психологтар айналысады. Мінезі ауыр немесе тәрбиесі нашар балалармен арнайы мамандар жұмыс істейді. Барлығы да ел қатарлы білім алады. Мұнда тәрбиеленетін балалар Алатау ауданына қарасты №91 мектепте білім алады. Орталық қорғансыз жеткіншектерге қамқор болып, қайта тәрбиелеп және олардың қылмысқа ұрынбауының алдын алуға барлық жағдайды жасайды.
Бейімдеу орталықтары бұрын ішкі істер министрлігіне қарайтын. 2011 жылдың сәуір айынан бастап, білім және ғылым министрлігінің қарамағына, яғни жергілікті білім басқармаларының қадағалауына берілген. Соған қарамастан, ішкі істер басқармасы саласының мамандары аталмыш орталықтармен әлі күнге дейін тығыз байланыста. Себебі қараусыз қалған балаларды көшеден ұстап әкеліп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына өткізу жұмыстары тәртіп сақшыларының мойнында.

Қараусыз бала қылмысқа ұрынады

Қатира Былашованың айтуынша, кезбелердің көбі Алматы секілді үлкен қалаға үйір болады екен. Көбі қара базарда арба сүйреп, аула тазалап күн көрсе, тағы біразы қоғамдық тамақтану орындарында ыдыс-аяқ жуып, жүк тасушы болып күнелтеді. Түнде жақын маңдағы бос нысан мен жертөлеге қонады. Араларында ұрлық-қарлық, тіленшілік секілді жаман қылыққа үйірлері де жоқ емес. Базар жағалап, қара жұмысқа жегіліп, қайыр сұрап жүрген мұндай жеткіншектер бірден қаладағы бейімдеу орталығына жіберіледі. Кейде әкесі немесе анасы қайтыс болған жартылай жетім де кездеседі. Көбінің материалдық жағдайы төмен. Сондай балалар осы орталыққа келеді. Оларды 20 күннен кейін-ақ анасы келіп, алып кетуі мүмкін. Бұл орталыққа көп жағдайда мектептің немесе ата-ананың өтініш хатымен, қамқорлық кеңесінің шешімімен қабылданады. Кейбір балаларды Алматы қалалық ішкі істер департаментінің жасөспірім ісімен айналысатын инспекторлар алып келеді. Бір жыл ішінде осы орталыққа 45-50 бала келеді екен. Қыс мезгілінде бала саны көбейеді.
Қатира Былашова «Біздің мақсатымыз – мұндағы тәрбиеленушілерді балалар үйіне жіберу емес. Оларды ата-анасына, отбасына қайтару. Себебі кей ата-ана ішімдікке салынады. Баласын осы жерге өткізгеннен кейін бір-ақ ойланады. Өзі түзелмесе, балалар үйіне өтіп кете ме деп қорқады. Сондықтан, осындай жағдайдан сабақ алып, ішімдікті қойып, баласы үшін өзгеретіндері бар. Ондай ата-анамен мектеп тарапынан әлеуметтік психолог, жасөспірімдер ісімен айналысатын инспектор жұмыс істейді. Біз баланы ата-анасы түзелді екен деп жібере салмаймыз. Алдымен ата-ананың үйін тексереміз. Балаға ол жер қаншалықты жайлы? Жататын орны таза ма? Үйдің тазалығы мен балаға қолайлылығы тексеріледі. Бір жағынан атқарылып жатқан ісімізге орай, жетістіктеріміз де бар. Балалары үшін емделіп, өздерін жақсы жағынан көрсететін ата-аналар да кездеседі. Біз орталыққа 18-20 баладан қабылдаймыз. Өйткені ғимаратымыз шағын, 20 шақты балаға арналған», – деп түсіндірді.
Алматы бойынша барлық ауданның балалары осы орталыққа қабылданады.
– Біз көбінесе Алматы қаласында тіркеуде тұрған, осы қалада оқитын балаларды аламыз. Мен мұнда жұмыс істегелі 8-9 жылдан асты. Бірақ мұнда қазақтың балалары өте аз келеді. Жиырма баланың бесеуі ғана қазақ болуы мүмкін. Қазақ балалары көбінесе үйі өртеніп кеткен немесе материалдық жағдай төмендеп кеткен жағдайлармен түсіп жатады. Ата-анасы ішкілікке салынып кеткен отбасының балалары 2-3-тен болса, біз оларды бөлмейміз. Бауырымен бірге орталыққа аламыз. Қазіргі таңда жаз мезгілі болғандықтан, орталықтағы баланың саны аз. Ал 20 қыркүйектен кейін күн салқындай бастайды. Сол уақытта мектептерден «мына баланы алыңызшы» деген өтініш көбейеді. Мектеп тарапынан, тәрбие ісімен айналысатын ұстаздар, жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторлар тарапынан акт жасалып, бала бізге жеткізіледі. Мұндағы тәрбиеленушілерге бес мезгіл тамақ беріледі. Мектеп жасында оқитындары мектепке барып оқиды. Балаларға үй жағдайын сезінуге барлық жағдай жасалады. Балалардың тәртібі жаман, бұзық деп айта алмаймын. Бір кездері сондай балалар болған. Орталықтан қашып кетіп, оған іздеу салып, полиция арқылы тапқан кездеріміз болды. Біз көбінесе 7 жас пен 14 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Егер бала мектепке бармайтын болса немесе 14 жастан асып кеткен болса, біз оны қабылдай алмаймыз. Орталыққа жүктелетін ең басты міндет – балаларға дұрыс тәрбие беру, – дейді ол.
Орталықтың психологы Нұргүл Құлымбетова бұрындары тәртіпке бағынбаған тәрбиеленушілерін еске алды. Оның айтуынша, 2011 жылы 12 жастағы егіз қыз Ивачевалар орталыққа жеткізілген. Анасы жоқ, екі қыз ішкілікке салынған әкесінің тәрбиесінде болған. Орталыққа келген бойда алғашқы күндері тәртіпке бағынбай, қиқар мінез көрсетіпті. Екі аптадай ол қыздармен жұмыс істеп, адаптациядан өткізгеннен кейін екеуі де жақсы мінез-құлық көрсете бастаған. Бірақ егіздердің әкесі берілген мерзім аралығында өзгермеген. Әкесін ата-ана құқығынан айырып, екі қыз балалар үйінде тәрбиеленіпті. Қазір олар бойжетіп, әлі күнге дейін орталыққа келіп рахметін айтады екен.
Орталық әдіскері Қатира Былашованың айтуынша, кейбір балаларды әке-шешесі кепілге өткізіп кетеді.
«Ата-аналар балаларын тұрмыстық жағдайына байланысты бізге өткізіп жатады. Әртүрлі қысқартуларға ұшырап, жұмыссыз қалатындары бар. Үй-жайынан айырылып қалғандар да кездеседі. Алыс-жақын елдерден жұмыс іздеп келген қырғыз, өзбек, тәжік мигранттары өткізіп кеткен балалар да бар. Ата-аналары тұрақты жұмыс тауып, аяғынан тұрып кеткенше орталық қарайласады. Бірақ оларды қабылдау шарттары бар. Алдымен, білім басқармасының арнайы рұқсаты керек. Ата-анасыз балалар білім басқармасының қаулысы негізінде балалар үйіне жіберіледі. Сондай-ақ ата-анасы соңынан іздеп келмейтін, яғни балаға мүлдем қарағылары келмей, біржола бас тартқан, ішкілікке салынған ата-аналар да кездеседі. Мұндай жағдайда іс сотқа жөнелтіліп, ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарылады.

Отбасылық кикілжің – ойранның басы

Баланың еркінен тыс қаңғыбасқа айналуына көбіне отбасындағы кикілжің, ата-ананың тәрбиеге салғырттығы, есірткіге елтіп, ішкілікке салынуы себеп болып жатады. Әсіресе, отбасындағы кикілжің мен ажырасудың кесірі көп, – дейді мамандар. Соңғы жылдары елімізде ажырасу деректері көбейіп кетті. Әрбір үшінші жұптың некесі жылға жетпей үзіліп, шаңырағы шайқалады. Қаншама бала әр түрлі деңгейде психологиялық соққы алып, қиындыққа тап болуда. Қатира Былашовадан орталықта тәрбиеленіп жатқан бір-екі баламен тілдестіруді сұрадық. Ұлты орыс болса да, мұндағы балалар қазақ тілін жетік меңгеріпті. Сөзге тарттық.
– Есімің кім?
– Антон.
– Антон, жасың нешеде?
– 12-де.
– Бұл орталыққа қашан келдің?
– 22 мамырдан бері осындамын.
– Бұл жер саған ұнай ма?
– Әрине, ұнайды. Мұнда менің достарым бар. Бізді тәрбиешілер жақында «Апорт» ойын-сауық орталығына апарды.
– Антон, болашақта кім болғың келеді?
– (Біраз ойланып тұрып) Мен өскенде әскери ұшқыш болғым келеді.
– Ал ұшқыш болу үшін не істеу керек?
– Жақсы оқу керек.
Келесі кейіпкеріміз Даша есімді қыз да 12 жаста екен.
– Даша, сен бос уақытыңда немен айналысасың?
– Мен бос уақытымда сурет саламын, билегенді жақсы көремін.
– Болашақта кім болғың келеді?
– Әнші болсам деген арманым бар.
– Бұл орталық өзіңе ұнай ма?
– Иә, қатты ұнайды.
– Осында қалғың келе ме, әлде үйге қайтқың келе ме?
– Әрине, мен үйіме қайтқанды қалаймын. Бұл жерге де бауыр басып қалдым. Сонда да өз үйіме кетсем деймін.

Бейімдеу орталығындағы алаңсыз ойынға беріліп, бірін-бірі қуалап, ойнап жүрген балалардың жанын жаралайтын сұрақ қойғым келмеді. Тәрбиешілері де әке-шешесі туралы, мұнда қалай келгені туралы сұрақтарды қоймауымды өтінді. Себебі, олар өздерінің бұл орталықта уақытша тәрбиеленіп жатқанын, жақын күндері ата-анасымен қауышып, отбасына қайтатындарын біледі. Бізбен жүздескен балалардың жасы әр түрлі. Қатира Былашова орталықта 7 мен 14 жас аралығындағы балалар тәрбиеленіп жатқандығын бізбен болған алғашқы әңгімесінде айтып өткен болатын. Орталықтың ішін аралаған сайын оған көзіміз жетті. Оқу жылы кезінде орталықтағы балалардың аз-көбіне қарамастан, барлығы дерлік мектеп бағдарламасына сай білім алады. Сұрастыра келе, балалардың кезбелікке салынуының себебі де түрліше екеніне көзіміз жетті. Бірі ата-анасы бола тұра өз бетінше ақша тапқысы келіп, үйінен кетіп қалады. Енді бірі ата-аналарының арасындағы ұрыс-жанжалдан мезі болып, туған үйінен безген. Қаңғыбас балалардың арасында толық емес отбасынан шыққан жеткіншектердің саны басым. Мамандар жалғызбасты аналардың немесе әкелердің қолында өскендер сыртқа қашуға бейім екенін айтады.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына балалар үйінің тәрбиеленушілері де түсіп тұрады. Бірақ көп емес. Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері балалар үйі мен арнаулы интернаттардан 3 бала ғана қашқан. Барлығы кері қайтарылды.
Әзірге елімізде кезбе жасөспірімдердің себептерімен күресу ауыз толтырарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ. Ал тәртіп сақшылары мен әлеуметтік педагогтар бұл мәселенің тек салдарымен күресіп жатыр. Сонда да кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының қаңғыбас балалардың санын азайтудағы рөлін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені бұл жерде адасып барып, есін жиған ата-ана баласымен қауышады. Тәртібі қиын балалар түзеу мекемелеріне, ата-анасы жоқтар балалар үйіне жіберіледі. Сол себепті мұндай орталықтардың өмір сүруін заңды құбылыс деп қабылдауға мәжбүрміз.

Мақпал Ноғайбаева

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс